Бүгінде облыс бойынша індетке шалдыққандар саны 5794-ке жетіп, науқас саны артуына байланысты ауруханалардағы инфекциялық төсек-орын көбейтілді.
Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов дәрігерге хабарламай, үйде өздігінен ем қабылдаушылар қатарынан COVID-19 көптеп анықталып жатқанын айтты.
– Облыста коронавирус инфекциясына қарсы 49 386 адам екпе салдырды. Бетпердені шешіп, бұрынғы өмір қайта келу үшін аймақ бойынша 371 мың адам екпе алуы керек. Қазір халықтың 14 проценті вакцина алған. Бұл – өте аз көрсеткіш. Өңірімізге «Спутник V», «QAZVAC»-қа қосымша Араб Әмірлігінен 5000 «Hayat-vax» екпесі келді. Қазіргі таңда аймағымызда барлығы 15128 вакцина бар.
Жылжымалы бригадалар халыққа қолжетімді жерлерде, сонымен қатар шалғай ауыл-аймақтарды аралап екпе жұмысын жүргізуде. «Қорқыт ата» сауда орталығында жылжымалы егу бригадасы өз жұмысын бастады. Қосымша «Aray City MALL», «Жібек Жолы», «Қызылорда» сауда үйлері мен театр, банктерде өз жұмысын жалғастыратын болады, – деді басқарма басшысы.
Брифингте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев екпенің маңыздылығын, екпе егу науқанынан кейін көрсеткіш Еуропада төмендеп келе жатқанын айтты. Сондай-ақ, вакцина салдырғаннан кейін өзінде дене қызуының көтерілуі, қан қысымының өзгеруі секілді жайсыз жағдайлар болмағанын, отбасы мүшелері түгелдей екпе алғанын жеткізді.
Жиында облыстық мәслихат депутаты Сәрсенкүл Бихожа дерт келмей тұрып денсаулықтың қадірін білу керегін баса айтты.
– Қазір індетке байланысты әлеуметтік-экономикалық жағдайдың төмендеп тұрғаны белгілі. Қайсыбір мемлекет болмасын, елде экономиканың көтерілгеніне, халықтың әл-ауқатының жақсарғанына мүдделі. Сол себепті Үкімет, мемлекет халыққа зиян келетін, денсаулығына сызат түсіретін екпені насихаттамайды. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген тиімді, – деді ол.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<