Берлинде танкісі тұрған қазақ

293

0

Екінші дүниежүзілік соғыстың ақиқаты 79 жылдан бері айтылып та келеді, кейбір жайттардың құпиясы әлі де ашылған жоқ. Қалай болғанда да 1941-1945 жылдар аралығын қамтыған сұрапыл шайқастың шырғалаң тарихы мен шындығы толық зерттелді деп ешкім айта алмаса керек. Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық құндылықтары үшін ол тарихты жаңаша зерделейтін мезгіл жеткен сияқты. Соғыстағы Қазақстанның алатын орны мен атқарған рөлі әлі айқындалып болған жоқ. Қызыл империя көсемдері ұсақ ұлттарды елегісі келмеді. Оларды орыс жауынгерлерінен оздырмауға тырысып бақты. Қазақтардың ерлігі ерен болғанымен, көп жағдайда марапат жағынан қағыла берді.

Майдан даласында талай қанды шайқастарды басынан өткізген, жауға қарсы күресте ерен ерлік жасаған сондай жауынгерлердің бірі – жаңақорғандық танкист Айтмағамбет Нақыпов. Ол 1945 жылы 16 сәуірде басталған Берлин қаласын алу операциясына қатысып, фашизмнің ордасына бірінші болып енген нағыз жаужүрек батыр болатын.

Айтмағамбет Нақыпов 1942 жылдың шілдесінде, 18 жасында әскерге алынып, алдымен Ашхабадта, кейін Чкалов қаласында қысқа даярлық курсынан өтіп, майданға танкист болып кірген. 1943 жылдың мамыр айында ұлы шайқасқа кіріседі. Сол жылы жарақат алып, әскери госпитальға түссе де, қатарға қайта қосылып, қазан айында Черниговті, Днепр-Приютті, Бельковцы жерін азат етуге қатысады.

Соғыстың отты жылдарында Кеңес Одағының маршалы И.Конев қолбасшылық жасаған 1-Украин майданындағы 3-гвардиялық танк армиясының ерекше полкінде «Т-34» маркалы №24 танк экипажында көздеуші-атушы болады. Полк құрамындағы бұл экипаж қуатты қарулас майдандастарымен бірге Смоленск, Орел-Курск шайқастарынан өтіп, Харьковті жаудан тазартты. Содан Житомир, Проскуров, Тернеполь, Львов арқылы Батыс бағытындағы шабуылды өрістете отырып, Синдомир шайқасынан кейін «Висла-Одер» операциясына қатысады.

Айтмағамбет Нақыповтың экипажы алдыңғы қатардағылардың бірі болып, шабуылмен Берлинге кіріп, Рейхстагті атқылаған. Маршал Конев басқарған 1-Украина майданының Проскурово-Берлин танк полкінің №24 «Т-34» танкі генерал Шатиловтің 150-дивизиясы 756-атқыштар полкінің жауынгерлерін қорғады. Осы дивизиядан сержант Егоров пен қатардағы жауынгер Кантария Рейхстагқа Жеңіс туын тікті. Бірақ бұл мүмкін болу үшін Нақыповтың танкі жауған оққа қарамай, жанып жатқан қалаға кірді.

Оның танкісі 1943 жылдан Берлинге дейінгі талай қырғын шайқастардан аман өтіп, жау ұясын алғашқы болып атқылағандықтан, кейін Рейхстаг түбінде ескерткіш ретінде тұғырға қойылған. Қазақ теледидары 1985 жылы «Қазақстан Ұлы Отан соғысында» деген атпен түсірген көп сериялы деректі фильмнің 38-сериясында Айтмағамбет те арнайы бейнеленген. Сондай-ақ «Освобождение» көп сериялы деректі фильмінде де қаһарман жауынгердің ерлігі суреттелген.

Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Адырбек Сопыбеков батырмен көзі тірісінде талай әңгімелесіп, оның жауынгерлік жолы, ерлігі жайлы көлемді деректі хикаят жазған.

Бұл туралы қаламгердің өзі: «Хикаят жазып, өзіне оқып бергенмін. Қолжазбаның соңына қызыл сиямен қол қойдырып алайын десем, ол кісі: «Қызыл сиямен қол қоймаймын, өйткені қызылды көрсем қанды көргендей боламын» деп қара сиямен қол қойып берген еді. Сол қолжазба әлі сақтаулы. Бұл 1985 жылы 10 қаңтар болатын» деп жазған.

Хикаяттың соңғы тарауы 2015 жылы аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінде жарық көрген. Айтмағамбет Нақыпов экипаж мүшесі болған, от-жалынға оранған жау ордасына алғаш болып кірген танк бір айдан кейін ескерткіш ретінде Рейхстаг қабырғаларының жанындағы тұғырға орнатылыпты.

Танк экипажының төрт мүшесі де жоғары әскери марапатқа – Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ Беларусь майданының қолбасшысы маршал Жуков пен 1-Украин майданының қолбасшысы маршал Конев арасындағы келіспеушіліктерге байланысты марапатқа ұсыну және комиссияның шешімі орындалмай қалған.

Нағыз ерліктің үлгісін көрсетсе де, елеусіз қалдырған, ұсақ ұлттарды орыс жауынгерлерінен оздырмауға тырысқан мұндай мысал аз емес. Дегенмен, сол кездегі қолбасшылардың өзі қаһарман қазақ халқының майдандағы ерлігін сөзсіз мойындаған. Мысалы, маршал К.Рокоссовский 1941 жылдың қарашасында Бауыржан Момышұлын шақырып алып, «бүкіл Қызыл Армияны білмеймін, менің армиямда полк командирі болған аға лейтенант сіз боласыз» деп ағынан жарылса, генерал-полковник П.Романенко: «Қазақтар – кеңпейіл, ақжарқын, ержүрек, батыр халық. Жауынгерлерім тек қазақтардан құрылса, мен әрқашан риза болар едім» деп сүйіспеншілігін білдіріпті. Кеңес Одағының маршалы Г.Жуков өзінің «Естеліктер мен ой-толғаныстары» атты мемуарында танкист, лейтенант К.Мәдиевтің взводы туралы сүйсіне жазады. Сібірде жасақталған Мәскеу түбіндегі дивизиялардың біріне генерал Белобородов басшылық етті. Ол: «Уверен, что только благодаря нашим сибирякам, да казахам и тюркам Поволжья, СССР смог отбросить немцев от Москвы!» деп жазды.

Сондықтан өз тарихымызды бүгінгі белес биігінен бағамдайтын кез жетті. Кейінгі кезде лайықты насихатталмаса да, Қазақстаннан қан майданға қатысқан 82 мың танктің алдыңғы саптағыларының бірі Айтмағанбет Нақыповтың танкісі болатын.

Сұрапыл соғыста 250 мыңнан астам танкист Одақ бойынша түрлі орден-медальға ие болса, оның 1142-сі Батыр атанған. Айтмағанбет Нақыповтың кеудесінде де 1-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен бірге «Берлинді алғаны үшін», сондай-ақ Тула, Орел, Киев қалаларын азат еткені жөніндегі, басқа да жиырмадан астам орден-медаль жарқырап тұратын. Дегенмен, ең жоғары награда ақыры берілген жоқ.

Жеңіспен елге оралған Айтмағанбет бейбіт еңбекке араласты. Ұзақ жылдар су шаруашылығы саласында еңбек етті. Ол 1998 жылы қаңтарда дүниеден өтті. Халқымызда «Ердің ерлігі – еліне мұра, ұрпаққа ұлағат» деген даналық бар. Сұрапыл соғыста ел мен жер үшін қан төккен ұлт батырының ерлігін өскелең ұрпақтың жадында жаңғыртып, әрбір ісін ұмытпай, ұлықтау маңызды.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<