Мәңгілік монолог

3009

0

Элегия

Сірә да кеңшілік пен кемшілік жұмыр­басты пенденің тіршілік таразысы екені хақ. Өзімізді өзіміз жұбатамыз, жазғырамыз. Өмір есебі өшіруге, қосып жазуға көнбейді. Баршаға ортақ ақиқат бұра тартқызбайды.

Иә, балалық шақта бәрі­мізді қиял билейді. Жастық шал­қуында арман арғымағынан түскің келмейді. Желпінесің, желдіртесің. Содан барып тоқтасқан кезде, артығың мен кеміңді теңестіре алмай әлекке қаласың. Егделік ентелеген сайын патша көңілің тергеуін тоқтатпайды.

Күнә аз, кінә көптеу көрінгенімен, ешқашан ақтала алмайтын бір айып әркімнің басында бар тәрізді. Әр кезеңде, әрқалай сипатта біле тұрып ескермеген пендеуи немқұрайдылығымызды сана соты мезгілі жеткенде, бетке баспай тұрмайды. Ақталуға кеш, орны толмас өкініш ақтық демің біткенше маза бермейді. Сөйтіп, рухани жазаны қайтсем жеңілдетем деп ой азабын кешесің…

Менің де тосылатын тұсым – осы. Тағдыр тоқпағы кімнің басына тимеген?! «Алла тегін берді, тегін алды» дейтін тоқтам сөзбен қай пенде таласар?! Сөйткенмен, соғыс жал­маған Әжмағи ағаның ор­ны бөлек. Өмір бәйгесінде қиқу салар болмысына ешкім шүбә­ланбаған. Сауатты, тілді, жүректілігімен әмбені та­ңыр­қатқан. Жүдә, жағалау бел­сенділері «Жорға болар құлын құйрығын тістей туады. Мына бала түбінде елге тұтқа болады» деп сұқтаныпты.

Еті тірілігімен он жетіге жетпей ауылдық кеңестің хатшысы атанған. Ыңғайын тауып, майданға іріктелгендер тізіміне өзін ертерек іліндіріп жіберген. 1942 жылы Аралдан батысқа қарай ұмсынған қызыл эшелонда жаутаңкөз Әжмағи Кемалов та көкірегін кек буып, ұрыс даласына аттанады.

Ойы он саққа жүгіреді. «Жоқ, соғыс көппен көрген ұлы той деген уәжбен келіспейді. Мұндағы ереже жалғыз: жауды жеңесің не өлесің! Ендеше, елге ерлікпен оралуды жазғай!» По­йыз доңғалағының сарт-сұрт дүңкілі, ырғалақтаған ағаш вагон олай-бұлай қақпақылдап, толғаныс тінін үзіп жібереді.

«Елден алар еншісі ажалмен арпалысудан басталғаны несі?! Тым ерте жеткен қоштасу қандай ауыр еді?! Әкем болса, дімкәс. Анау қаршадай қа­рын­дасы Нұрсәуле, титімдей Мәриям мен Тотия анасына қашан қолғанат болар екен?! Алда-жалда соғыстан қайтпай қалсам, қайғы бұлты бұлардың адымын аштырмайды-ау. Қа­ра­­шаңыраққа ие болар үкілі үміт артымнан ерер ме?!» Аттаныс сапары осылайша арман мен қатердің арбасуына араша таппай жүрегін сыздатты.

Содан бері арада Қытай қор­ғанындай созылып, кеспелтектей 76 жыл бедірейіп жатыр. Ол күні бүгінге дейін хабар-ошарсыз кеткендер санатында. Қандай қайғы кездеспесін, пенде бір езіледі де қайта тіктеледі. Әйткенмен, ана азабының жөні басқа. Тоғыз ай, тоғыз күн құр­сағында сырласқан пер­зен­тін тоқсан тоғыз жыл бойы аза­лаудың өзі оларға аздық етеді. Әкем мен сияқты қарға тұяқ алданышының Әж­мағи ағам сынды айрықша болып қанат­тануын қалады.

Аңғал басым Әжмағи аға­ның майданнан жолдаған бір бума хатын көздің қара­шы­­ғындай сақтауды ескер­меп­пін. Жарық төбедегі терезе­ден түсетін бәкене там мені қиял қуысына жасырын­ған­дай әсерге бө­лейтін. Күн кү­лімдеп, ай жы­мың­дай­тындай елестейтін. Әж­­мағи аға қол­таңбасы мен тү­­сінетін­дей емес. Хат латын әрпімен жазылған. Кітап оқуға құмарлығым латыншаны жүр­гізіп оқуға кә­дімгідей ықпал етті. Кейбірі қара қаламмен, кейбірі сия­мен өрнектеліпті. Соған қара­ғанда, штабқа жақын жүргенге ұқсайды. Үшкіл хаттар шетінен тартымды. Қара сөзінен өлең­детуі көбірек.

«Айырылысып қоштастық Жалаңаштың басынан,

Жылағанда жан жеңеше,

кете алмадым қасыңнан»

деген егілме жолдар бірден қамықтырып жібереді. Анасын жеңеше дейтіні, ол – Махан атаның тұңғыш немересі. Бүгінгі түсінікпен қарағанда, кемпір-шалдың баласы. Осы қарапайым жұп жолдан оның анаға деген өшпес махаббаты алау өрнегін ұшқындатады. Барлық хатта ағайын-тума, бауырларын түгендеп, топтама сәлем жолдауы, ел тынысына зәрулік менмұндалайды.

Шамасы оннан астам хат. Кезінде сол жәдігер жазбаларды көшіріп алмағаныма әлі күнге өкінемін. Өзімді аяусыз айыптаймын да. Әлде нешеме жылдардан бері үлбіреп тұрған тұмар іспетті туындыны жыртылып кете ме деп қауіптендім бе екен?!  Әруақты пір тұтқан дағдымызбен, рет­сіз қол жүгіртуге сескендім бе?! Есесіне, Әжмағи ағаның майданнан жазған хаттарын көпшілік таласа тыңдап, өлеңдеткен тұстарын жадына тоқыған. Күні кешеге дейін тұстастары, соғыстан соң туғандар сол аманат жырды жанарынан жас парлатып жатқа айтушы еді. Олардың да қатары сиреп барады…

Кебеже қалыппен құмнан тұрғызылған шағын сарайдың күнгей бет іргесіне арқасын ті­рей, әлдеқандай мұңды әуен­ді ыңылдап отыратын әжем­­нің қолындағы ұршы­ғы дөң­­геленген сайын шүйке жіп те сарқылып, зарлы үн ащы өксікке айналатын. Не де­ген қамсыз едім, тұла бойы тұңғы­шымен тылсым арқылы тілдесіп жат­қанын неге ұқпадым?! Әж­мағи ағаның балалық, жас­тық шағы жайлы неге көбі­рек сұрағыштамадым?! Қапа­ла­на­ды деп жүрексіндім бе? Құп­тауы да, жауабы да жоқ мұндай кешіккен әттеген-айдың енді не құны бар?!

Әжмағи ағаның майдандағы тағдырына байланысты нақ­тылығы белгісіз үш қи­сынды құлағым шалған. «Қара қағаз» келіпті. Ауылдық кеңес­те­­гілер бұл жайсыз хабарды жеткізбеген. Жорықтас құр­дасы Сахиев Құлан аға бір әңгіме желісінде «Әжмағилар атысып жатқан тұсқа бомба түсті» деген көрінеді. Жады мықты Жәми ағамыз біреуден біреу арқылы «Әжмағи фашистер қоршауында тірідей берілмей, жартастан құлап, мерт болыпты» дегенді айтып қалды. Кімнен, қалай естігені дүдәмалдау.

Ұлы Отан соғысы қаһар­ман­дарын интернет желісі арқылы іздестіру кең қанат жайды. Көк сандыққа үңіліп едік, Әжмағи Кемалов туралы сараң дерек сарт ете қалды. 1942 жылдың 20 сәуірінде Арал аудандық әскери комиссариатынан әскерге жіберілген. Қатардағы жауынгер, атқыш көрінеді. Қандыкөйлек майдандасы әрі ауылдасы Құлан ағаның әскери өмірбаянында бұлардың әуелі 783-атқыштар полкінде болғаны көрсетілген 1944 жылы 255-атқыштар полкі құрамына енген. 1943 жылдың ақпанынан бастап хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде жүр.

Бұл мәліметке кереғар екінші құжат басқаша сөйлейді. 173-атқыштар полкі командирі, полковник Гариф Зиятдинұлы Юлдашев қол қойған 1943 жылдың 4 шілдесіндегі №307 актіде «Ленинградты қор­­­ғағаны үшін» медалі та­быс­­талған 52 жауынгердің тізбесінде 21-ретпен Кемалов Әжмағи тұр. Наг­рада куәлігі Р-01660 санды. Демек, өмірде бар-жоғына үзілді-кесілді мә­лімет жоқ.

Ағамыздың жорық жолын елестету үшін Ленинград майданы шежіресіне ден қойдық. Ұлы Отан соғысы тарихындағы ең ұзақ, шешуші шайқас Ленинградқа тиесілі. Неміс әскері бұл қаһарман қалаға 19 күнде тап берді. 1941 жылдың 10 шілдесінен 1944 жылдың 9 тамызына дейін созылған сұрапыл жекпе-жекті сипаттауға қағаз да қипақтайды. Күн орнына зеңбірек күркіреп, бұлт орнына бомбалаушы ұшақтар қаптап, жазық жерді танктердің шынжыр табаны таптағаны не деген сұмдық сурет еді?! Екі жақтан 1,5 миллион жауынгер, 1500 ұшақ, 10 мың зеңбірек, 500 танк, 20 кеме Ленинград ұрысына жұмылдырылды.

900 күндік қоршау арғы-бергі тарихтағы соғыс атаулыда ешқашан кездеспеген. Төрт кезеңнен тұратын Ленинград майданында әскер мен халықтың жігі білінбей, ерлік жалауын жүрекпен де, қа­румен де желбіретті. Сан мың­даған қаһармандар легінде  Әжмағи Кемалов та 500 күндей жау шебіне мылтық кезеді. Қар жамылып, мұз жастанған екі қыста басынан нендей қиындықты өткермеді десеңізші?! 1943 жыл ен­ші­сіне жататын Ладога көлі ар­қылы ені 11 шақырымдық қа­тынас дәлізін, 18 күнде 36 ша­қырымдық темір жол салу жанталасында Әжмағи ағаның да атой салғаны хақ. Бұл қос өткел майдан мен тылды байланыстырудың алапат соғыстағы ең ұтқыр жолы ғана емес, жеңіске деген жігер мен  сенім символы іспеттес.

Ажал сөйлеп, өмір өшкен, бірде-бір күн қантөгіссіз өт­пеген Ленинград шайқасына бүкіл ел ынтыға көз тігіп отырды. Аралдың бүйендей қолтығы Жалаңаш ауылына да ұлы қаладан жеткен үшкіл хаттарға сіңген оқ-дәрі иісін балаларының тынысына балаған ақ жаулықты аналар арасында менің ардақты Күләш әжем де бар болатын. Әрбір хат сүйінші боп жетіп, майданға бата түрінде ел алғысын арқалап оралатын. Соның ішінде Әжмағи ағаның жыр аманаты жылағанды жұ­батқан жәдігер ретінде ба­ғаланған. Осыдан кейін әжем­нің бұл пәниден өткенше сү­йікті ұлы жұмыр жердің бір пұш­пағында тірі жүрген шығар деп дәмеленгеніне қалайша келіспессің?! Біз де өлдіге санағымыз келмейді.

Бейбіт күнде Мәскеуді кө­ріп, жалынды жырымен Одаққа мәлім болған Жамбыл бабамыз «Ленинградтық өренім» атты оптимистік өле­ңімен бар­лық майданда па­триоттық дүм­пу туғызды. Төкпе жырдың тұл­пары:

– Күндіз күлкі,

түнде ұйқым,

Келмейді бүгін менің де.

Жау тиді елге дегенде! –
деп тебірене бастап, соғыс суретіне ойысады.

– Қамалы құрыш айбатты,

Ұлдары батыр қайратты.

Қаусырғандай қуаты,

Аспан мен жер арасын!

Көсем атындағы қала қаһар­мандарын одан әрі көтермелеп, қанаттандырады.

– Ленинградтық өренім –

Мақтанышым сен едің!

Нева өзенін сүйкімді,

Бұлағымдай көремін! –
деп жанына жақын тұта­тын­дығын өзімсіне жырға қосады. Тү­йіндеуі де тапқыр.

– Ажарына қарттықтың,

Қарамастан шалқып тым,

Қаһарындай халықтың,

Шертіп жырды шалқыттым!

Мына сәйкестікті бекер дей көр­меңізші. Соғыстан кейінгі серпілісте балық аулау­дан көш бастаған «Бір­лестік» ұжымшары Жамбыл атын иеленді. Осы ауылдың түлегі Әжмағи Кемалов 18 бен 19 жастың аралығында ақын ад­уын жырға қосқан Ленинградта жаудың пәтін қайтарған мыңдаған боздақтар қатарында жауынгерлік құрметке бөленді.

Аттай 3 жыл 1 айға ұлас­қан жойқын ұрыста 1,5 мил­­лион ержүрек «Ленинградты қорғағаны үшін» меда­­­лімен наградталған. Бұл – жік­тел­мей­тін дерек. Қор­шау­дағы қала тұрғындары бір сәтке де өндіріс ырғағын бұзбай, майдандағы жауын­герлерді қару-жа­рақ, киім, азықпен жабдықтағаны – тең­дессіз ерлік. Текті қала халқы қауіпті елең қылмастан радиодан симфония тыңдап, рухтанды. Жамбылдың «Ле­нинградтық өренім» өлеңі сан тілде саңқылдады. Ас­пан­нан жаңбырша жау­ған үндеу жыр Отан үкімі болып қа­лықтады.

Қайран менің қияли Әжмағи ағам! Қанды қырғыннан қа­тарларың сияқты елге аман оралғаныңда, Ленинград әсері жарқын болашағыңа арман қақпасын айқара ашар еді-ау?! Әйгілі Неваға Арал сәлемін табыс­тап, ақ түнін ақ мамыққа балаған да шығарсың ғой! Жауынгерлік дорбаңда жартылай жазылып, жолданбай қалған ақ қағазға қандай лебіз қалдырдың екен?! Қанжармен ұшталған қалам ұшы морт сынған сәттерде жүрек дәп­теріне ұсынған аңсау сөзің жыр болып жосылған да болар.

Уһ! Бұл тіпті де одағай сөз емес. Жан қиналысының ішке сыймай, сыртқа атылған лебі ғана. Қараша үйдің қоңыр тірлігі бір басынан ауыс­пайтын әжем мұндай сарқынды дем шығарған емес. Уайым уыты тұла бойын торлаған кезде де бұлай түңілгенін көрмеппін. Не деген шыдам, қандай сар­қылмайтын сағыныш?!

Осы арада Күләш әжемнің даралығын дәйектей кетейін. Бұл – бір ерекше жаратылған тұлға. Тәпелтектеу абысындары тырбаңдап үй тіге алмай жатқанда, жалғыз өзі үйді тігіп, жаюын төсеп, ас-суын қамдап, қайнағаларын төрге оздырып, батасын алады екен. Қысы-жазы шұбаты үзілмеген, сәлемші айналған қолы ашық­тығымен ел есінде қалған.

Бессай қолтығында ау са­лып, кермеше тартқанда, Кү­ләш әжем тағы да қажыр-қай­ратымен ерекшеленген. Қо­лына құт дарығаны сон­ша­­лық, ол араласқан балық аулау қарбаласында ау көзі, кер­меше торы су маржаны сүз­гісіне ұқсап кеткен. Қазір Үшшоқыға шоғырланған ба­­лықшы қауым теңіздің Кү­ләш аралы атанатын тұсынан үнемі олжа күтеді.

Жанұя, ағайын-жекжат жағ­­дайын үнемі зерделеп, қам­қорлығы мен көпшілдігі арқа­сында ел анасы дәре­жесіне жеткен. Қайғы-мұңды кеу­де­сіне ұялата бермей, кү­рес­керлікпен күн кешкен. Әж­мағи ағам да Ленинград құр­­сауындағы ашқұрсақ күн­­дерде әжемнің үзбенін, қазан­жаппайын, табаға сал­ған наны мен балығын сан мәрте аңсаған шығар-ау?!

Әжмағи аға туралы то­лымды дерек таппасақ та, ша­­ғын ақпараттың өзі­не шү­кіршілік дейсің. Бәлкім, Ленинградты қорғағандардың бүкіл тізбесі, ерлік дәйек­темелері күндердің күнінде толық ақиқатқа айналар. Сол кезді күткеннен басқа амал қанша?! Жеке басын айғақтайтын құжатсыз опат болғандардың бауырластар зиратында мәңгі тыныстауы да мүмкін ғой. Қоршау ішіндегі партизандық топ әрекеті мәлімделсе, бір ұш­тығы сол жерден табылар ма еді? Қалай дегенмен, қазаға қимағанмен, бүгіндері 94 жасқа толатын Әжмағи аға рухымен ғана сырласуды қанағат тұтуға тура келеді.

Ленинград – бақ бұйырған берекетті де паң қала! Мұнда ақсүйектік ахуал мықтап орныққан. Әлем ғашық болған ақ түндері қандай ғажап құбылыс?! Ұлы Отан соғысы оған қарыздар. Басқаша айтсақ, бас иетін жөні бар. Германия командованиесі жау­лап алушыдан қорғанушының ме­ре­йін үстем еткен Ленинград шайқасында оңбай сүрінді. 30-дан астам дивизиясы тұсалған аттай тырп ете алмады. Айла мен айбат жағынан кеңестік әскер басшыларынан кем соқты. Халықтар достығының мызғымас беріктігін де Нева жағалауы ұқтырды.

Соғыс біткесін 12 күннен кейін дүние салған Жамбыл Жаба­ев аяулы ұлы Алға­да­йынан айырылса да, Жеңіс хабарын естігенде «Енді өлсем де арман жоқ!» демеп пе еді?! Бұл – әсте сая­сат сәні үшін айтылған жол-жөнекей сөз емес, тыныштық сәніне көңілі тоят­таған абыз ақсақалдың кейінгілерге қал­дырған ақ­жар­ма өсиеті.

Қасық қаны қалғанша айқасып, Отан үшін от кешкен, отбасына оралмаған боз­­дақтарды ­хабар-ошарсыз кеткен деп атау әділ сөз емес. Сонда кез келген әскери құры­лымның бастапқы буы­ны бөлімше мен взводтағылардың әр шайқаста жараланғаны, қаза тапқаны, тұтқынға түскені нақпа-нақ есепке алынбайтын болғаны ма?! Рота, батальон, полк, дивизия бойынша мұндай мәлімет жинақтауға мән беріл­меуі мүмкін емес. Ондай есеп жүргізілсе де, шегініс пен шабуылдау кезінде әлдеқалай жо­йылып немесе қолды бо­луын да жоққа шығара алмас­пыз. Қа­лайда соғыс тарихы адам тағдырынан аттамауы тиіс!

Айтып-айтпай не керек, Ленинград десе, жүрегіміз әлі күнге өрекпи соғады. 1941 жылдың 10 шілдесінде құр­сауға түскен кеңес әскері 1944 жылдың 27 қаңтарында қа­һарман қаланың қоршауды жой­ғанына сүйінші салют бер­ді. Ленинград 1945 жыл­дың 26 қаңтарында «Ленин» орденімен марапатталды. Сол жылғы 1 мамырда «Батыр қала» атанды. 1965 жылы «Ал­тын жұлдыз» медалі бе­рілді. Осы теңдессіз атақ, мәр­тебе Әжмағи Кемалов сын­ды әлденеше мыңдаған ер­жүрек жауынгер рухына да ен­шілес деп әспеттесек орынсыз болмас. Ортақ жеңіс ортақ мұ­ңаюды ешқашан бөтен көр­мейді.

Өкінішке қарай, Әжмағи ағаның бірде-бір фотосы сақ­талмаған. Әке бейнесі де тек санада сәулеленеді. Бағанаға байлаулы сарғыш орам хаттарын да қасиеттей алмадық. 19 жасында Ленинград шайқасында қаза тапқан (басқа сөзге ауыз бармайды) Әжмағи ағаның жәрдемақысы нәпақамызды айырды.  Мынау мақалаға айна қиығындай сәуле шашқан сурет осыдан елу бес жыл бұрын түсірілген. Мен ол кезде 9-сыныпта оқитынмын. Тірлігімнің тұтқасы әжемнің жалғыз фотосы Әжмағи ағамды аңсағанда үнемі жаныма желеу болып тұрады. Өткен шақ пен келер шақтың кәдесіне жарағаны тектен-тек емес.

Тәуелсіздік тәлімі тіл ұшы­на түсірген Ұлы дала ұғы­мы көкірек қақпасын бір­ден ай­қара ашқанын зер­делеп көр­діңіз бе?! Ендеше, ой елеуіші төрелігіне тоқтаңыз. Сөздік қорымызда ұлы адамдар деген түсінік әріден бар. Саяси тіркестегі Ұлы қазан төңкерісі деген бұйрықты сөз бүгіндері келмеске кеткен. Ал, Ұлы Отан соғысы атауы көзден де, көңілден де тағзым тамшыларын мөлдіретіп сала береді. Халықтар достығы дейтін кең­қолтық ұғым да – сол сұрапыл кезеңнің жемісі.

Әлемді екі жікке бөлген, Отан дейтін ана ұғымын қалыптастырған, 1941-1945 жылдарды соғыс жылнамасына айналдырған тарих сынағы әлі күнге жүректі дір еткізеді. Күйкентай ауыл Жалаңаштағы бәкене тамды бұрынғыдан да тұқшырайтып жіберген сұмдық хабар менің Әжмағи ағамды да соғыс жалмағанын 1943 жылдың қара парағына түсірді. Шер діңкелеткен әкем Кемал мен Күләш әжем оқ-дәрі иісі сіңген соғыс жыртысындай майдан хаттарын кеудесіне қысумен әлдеқашан бұл пәниден озды.

Жағалау жұртшылығы арасында Әжмағи Кемаловтың бо­лашаққа тән болмысын там­­сана еске алатын аға ұр­пақ өкілдері саусақпен санар­­лық­тай. Жалаңаш жеті­жыл­дық мектебін бітірмей жа­тып ауылдық кеңестің іс қағаз­дарына төселген ол соғыс өрті бұрқ еткенде он жетіге енді ғана іліккен-ді. Ауыл ағалары жалынды жас­тан үлкен үміт күткен. Майданға аттанатындар тізбегіне өзін ерте қосады.

Арғы дерек тым тапшы, сараң сөйлейді. 1942 жылдың сәуірінде майдан даласын көрді. Суыт дайындық қолына винтовка ұстатып, беліне гранат байлады. 783-атқыштар полкі сапында Ленинград үшін алапат ұрысқа түсті. Аспанды ажал найзағайы торлады. Бомба солқылдатқан жер де жатсынғандай. Ыза буып, кек кернеген жауынгерлер кезекті құрбандыққа айналып жатты. Қатардағы қызыл әскер Әжмағи Кемалов осындай жігі білінбес соғыс тайталасында есепсіз ерлік мектебінен өтті. Қансыраған, қатарға қайта қо­сылған сәттер арасында елге сағыныш сәлемін өлеңдете жол­дайтын.

Жалаңаштағылар Әжма­ғи­дың әр­бір хатын жаңа шы­­ғармадай қабыл­дайтын. Ау­ыл­дың кәрі-жасы жүзінде жас жосылта отырып, мұңды хат­ты маңдайына тосатын. Сөйт­кен сұңғыла жас 1943 жылдың 4 шілдесінде «Ленинградты қорғағаны үшін» медалін өр кеудесінде жар­қы­ратты. Ізінше ұрыс даласында хабар-ошарсыз кеткені жайлы қаралы қағаз да жеткен. Ол кезде соғыс ақиқаты тәптіштеле қоюшы ма еді?! 900 күндік Ленинград қоршауындағы көктен де, жерден де бораған оқ пен бомба жампоздарды біртіндеп емес, жүздеп жайратып тас­тайтыны қазір ешкімге таң емес.

Әжмағи ағаның майдан хаттары бауырлары мен жұра­ғаттары үшін тәбәрік әрі тұмар іспеттес еді. Латын әрпімен жазылған жәдігер жазба менің де тілімді ұштады, сөз өнеріне еліктірді. Қынулы жиендер Көптілеу мен Мейірхан, Күл­мараш пен Марал, өз төңірегім мақұлдап, айбозым тұлға ­Әж­м­ағи ағаға арнап туған же­рінде ескерткіш тұғыр ор­нат­тық. Мәрмәр тақтадағы жаз­­баларға сіз  де құлақ түріңіз, қа­дірлі оқырман.

«Қоштасқанда

Жалаңаштың басынан,

Кете алмадым, жан жеңеше,

қасыңнан!»

Жұбату жырын жұптады

солай Әжмағи,

Қан майданнан

жолдаған соңғы хатынан.

Жалаңаштағы ­Наушабай қорымы­ның арқа бетінде әкем Кемалдың, ортада анам Күләштің бейіті, кіреберісте ағам Әжмағидің ескерткіші үш тараптан рухтасқандай әсер қалдырады. Жанарда – жас, жүректе жыр жалауы. Шағын жазбаға жалқы шумақ нүкте қоятындай.

Бұйра толқын Неваны

Аралындай санаған,

Ленинград ақ түнін

сағынышқа балаған.

Бозбала боздақ тұтатып

Жеңіс ұшқынын,

Туған жер, бауыр,

ауылдасын аңсаған!

Уақыт үндейтін кезін біледі. Жылдар алмасар, ұрпақ толығар, жаңа қозғаушылар табылар. Нұрсәуле мен Тотия апалардан тараған жиендер қауымы да шетінен аршыл, намысқой. Менің де жеткіншектерім әке сілтемесін жадына тоқулы. Бауырластар да мақтан тұтар ағаның рухын жоқтатпас. Түптің түбінде Ленинградқа да жол түсер. Әжмағи ағаның асыл сүйегін қымтаған жер пұшпағы да анықталар.

Сонда Жалаңаштағы Нау­шабай қорымындағы Кемал әкем мен Күләш әжемнің бейіттері басынан алынған туған жердің топырағы аққан жұлдыз іспетті батыр ұлдың қабіріне рух садақасы болып себілер деп үміттенемін. Егер менің азды-кем шығармашылық шимайым ел кәдесіне жараса, сөз жоқ, бұл – Әжмағи аға шерепетінен жұғысқан сөз кепиетін кемітпеу нышаны ғана!

Жаңабай Кемал,

Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің жүлдегері.

Арал қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<