Ұстаз – ұлы есім

1193

0

Ұстаз – қазақ баласы үшін қашанда қадірі мол, тағылымы терең, қасиетті ұғым. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі қашанда көңіл төрінен орын алары анық. Оның алдында бас имейтін жан жоқ. Сол себептен, ұстаздық – мамандықтың ең асылы.

Ұстаз да дәл диқан сияқты. Ол адам жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға қанатын қатайтып ұшырады. Яғни, алдына келген шәкіртін өмір сүре білуге тәрбиелеп, сол үшін аянбай тер төгеді. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, жол таңдаудағы бағытынан сүрінбей өтері сөзсіз. Ол үшін білікті ұстаздан екі ақ нәрсе талап етіледі. Оның бірі-терең білім, екіншісі – үлкен жүрек. Егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың тірегі мектеп десек, оның басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Білім теңізінде мектеп атты кемеге міну ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктейді. Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті болудың басты көрсеткіші – білім. Олай болса, жүгі ауыр, қиындығы мол ұлы қызметте ұстаздар қауымынан тек қажырлы еңбек пен ізденіс талап етіледі.

Білім беруде басқару жүйесінің дұрыс ұйымдастырылуы – оның тиімділігін арттыра түседі. Қазіргі оқыту үрдісіне жаңа педагогикалық технологиялар кеңінен енуде. Бүгінде мұғалімге оқушыны пәнге қызықтырумен қатар, саналы ойлауға тәрбиелейтін, қоғамдық көзқарасын қалыптастыра алатындай тұлғаға айналдыру міндеттеледі. Ол үшін ұстаздар ең алдымен өз-өзін үздіксіз жетілдіріп отыруы тиіс. Ендігі кезекте біздің осы бағыттағы жұмысымыз жандана бермек.

Міне, жадыраған жаз өтіп, алтын күз де келіп жетті. Табиғаттың осы бір жыл мезгілін әркім сыңғырлаған қоңырау үнімен, мектептегі мұғалім мен оқушының сағыныса табысқан қуанышты сәтімен елестетеді. Жаңа оқу жылымен қатарласа келетін ұстаздар мерекесі де жақын. Бұл күн ешқандай мерекемен тең келмейтін, білімнің асқар шыңына жетелейтін күн. Олай болса, мұғалім бақыты- шәкірт құрметі.

Қымбатты да, қадірлі ұстаздар сіздерді келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Білім жолындағы қажырлы еңбектеріңізге табыс, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Саналы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы толымды еңбектеріңіз арта берсін. Ұлы қызметтегі мерейлеріңіз үстем, абыройларыңыз биік болсын!

Гаухар МОЛДАБАЕВА,

Б.Ермекбаев атындағы №271 орта мектептің директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<