Оқымасаң, теріс оқы!

3003

0

Тоғызыншы сыныпта оқимыз. Құлағалы тұрған мектебіміздің сықырлауық есігін ашып қалсаңыз, «Оқы, оқы және оқы!» деген астында жазуы бар, басы ерекше үлкен Ленин атамыздың суреті қарсы алады. «Бір Ленинге сыйынып», басымызды иіп, аяғымыздың ұшымен тым-тырыс жанынан өтіп кетеміз. Шуласаң, бітті, өлдің!

Лениннің екі жағында оң қолдарын басынан асыра қақиып тұрған қызыл галстукті пионерлер көкеңді көзіңе көрсетеді! Одан қалса, пионер вожатый… Одан әрі мұғалімдер… Ең соңғы «нүктені» соғысқа қатысқан «контужный» әкелер қояды.

Осылайша күндер бірқалыпты өте берер ме еді, бір күні Ленин атаның «оқы,оқы және оқысының» астына «оқы, оқы, оқымасаң, теріс оқы!» деген жазу пайда болмағанда. Содан аласапыран басталды да кетті. Әуелі «саяси сенімсіздер» тексерілді. «Саяси сенімсіздер» тізіміне мен де іліктім. Алайда, «Оқы,оқы, оқымасаң, теріс оқы!» тәмсілінің авторы нағыз ер жігіт екен. Өзінің «туындысының» астына «А.С.» деп жазып қойыпты. Бәрі белгілі болды. Бұл – атақты Жетес бидің шөбересі, «Ескіұра» елді мекенінен келіп оқып жатқан Амантай Самұратов екен.

Ел сыйлайтын Жетес бидің шөбересі болғандықтан, «жабулы қазан жабуымен қалды». Әйтпегенде бар ғой. Дегенмен, Амантайдың айтқаны бүгінде дәл келіп, «әулиелігіне» бәрі тамсанып жүр. Расында да, бүгінде оқуымыз – «оқы, оқы, оқымасаң, теріс оқы!» болып тұр. Ерік өзіңде, демократия.

Нұрбай ЖҮСІП,

Арал ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<