Қысқа ғұмыр – қыруар мұра

1561

0

Халқымыздың бүгінгі ел татулығы мен ер татулығы жарасқан бейбіт заманға жету жолында сан рет тар жол тайғақ кешулер мен түзу қалам- қисайған, өткір қалам-мүжілген зұлмат жылдарды басынан өткергені мәлім.

Осынау тарих беттерінде қанмен қашалып сақталған зобалаң дәуір толғанысында ана толғағынан емес, байтал түгіл бас қайғы болған заман толғағынан азулы алаш алыптары дүниеге келді. Сайдың тасындай терілген сара саңлақтардың елім деп еңіреп, надандықпен құндақталған қазақ өмірін білім көкжиегіне беттету жолындағы ерен еңбегі теңдессіз ерлік іс болатын. Абай мектебінен түлеп ұшқан дарын иелерінің бірі де бірегейі-әділетсіз өмірдің бет пердесін ашып, надандық пен қараңғылықты түйреп тізіп, тіліне тиек еткен Сұлтанмахмұт Торайғыров болды. Өлең өлкесінің ірі өкілі Сұлтанмахмұттың заманынан асып туған кемелдігі ең алдымен, әкенің қаны, ананың сүтімен бойға дарыған құт, тал бесіктен әженің әлдиімен, атаның әлқиссасымен жадыға жатталған қазақтың асыл сөзі мен домбыра күйі арқылы жүрекке тұнған төл өнердің күші болса, екінші заман перзенті асау жүрек ақын Абайдың қараңғы қазақ болмысын шынайы суреттеп, азаматтық ұстанымын танытатын қанды оқтай шығармаларының ықпалы еді. Ол жайында ұлы қаламгер Әбіш Кекілбай «Шындықтың ала жібін аттамайтын әділ көзқарасы жағынан, халқының қамын ішінен қан жылап отырып ойлайтын адал махаббаты жағынан, ұлттық ойлау жүйемізді басқалармен тайталаса алар рухани естиярлыққа көтеріп берген ұстаздығы жағынан Сұлтанмахмұт Абайға ерекше жақын тұр, ерекше етене тұр.

Ендеше, қазақ рухының кеңістігінде Абай екеуінің орны бір төбе.»,-деп сөзіне қосады. Тайғанақтап жүрелеген тағдырын толғауына ту еткен сұңғыла ой шеберінің ақпейіл шумақтарын көңіл көзінен өткізер болсақ, ақиқат ауылына сапар шеккендей боламыз.

Тау тұлға пендешіліктен гөрі парасаттылығын танытып: Жақсылық көрсем өзімнен, Жамандық көрсем өзімнен,-десе де,қараңғы қоғам мен заман теперіші, тағдырдың қардай бораған қиыншылықтары мен тумысынан көз аштырмаған жоқшылықтың ащы зары,көсілген ойлардың жүгені тоғысқан өлеңдерінде сайрап жатады. Мынау ойда қазақ тұр, Қастарында азап тұр, – деп жыр еткендей надандықтың көрпесін жамылған халық сиқы ақын өлеңдерінің күретамыр тақырыбына айналып, «керегесі-ағаш, ұраны-Алаш» болған қазақтың бес арысы мен үш бәйтерегі аталған азамат ағаларының сара жолын жалғаған еді.

Заңғар жазушымыз С.Қирабаев айтқандай: «Әр ақынның тағдыры әртүрлі жағдайда қалыптасады. Тұқымы топыраққа түсіп, оңай өнім беретін де, талмай ізденіп, қиыншылықпен алыса жүріп шындық жолын табатын да ақындар болады. Сөйте жүріп олар өз тағдырын өзі жасайды. Сұлтанмахмұт осы соңғы жолмен жүрген ақын. Ол өз өмірін өзі, өз өлеңімен жасады.»

«Сүйгенім қазақ өмірі, өзім –қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын»,-дей білген елжанды ақын: Шындықтың аулын іздеп түстім жолға, Разымын не көрсем де осы жолда ,-деп «құрт аурудай жайлаған, құртпаққа бізді ойлаған» залым қараларын өшіру жолында «қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болуды» мақсат еткен шоқжұлдыз арманын орындап, артында алтын діңгек қалыптастырды. Мен жігіт, он бес-отыз арасында, Бұл жаста көп: бересі аласым да,-деп сан салада қалам тербеуді мақсат еткен жыр тұлпары әдебиетті байыта отырып, қайраткер ретінде де елеулі істер атқарып, біртұтас қасиет иесі болса да қоғамнан көп таяқ жеді. Сонда да қайтпай, ағысқа қарсы беттеген ержүрек қаламгер: Менде жоқ қажу деген, ашу деген, Тарығып, болымсызға жасу деген, -деп шабыттың Шалқұйрығынан түспей, иен даланы көңіл күймесімен кезген дара дарынның жігері тас кенедей жабысқан өкпе дертіне тосқауыл бола алмады.

Өзін-өзі жегідей жеп: «Тым болмаса екі жыл тұрмадым, іштегіні түгел жарыққа шығара алмай кетіп барамын», деген ұлы суреткер Сұлтанмахмұт өзі айтқандай тірі болып, халық бойындағы надандықты ерте теуіп қуғанда, біз әлдеқашан білім жолында шарықтау шегіне жеткен болар ма едік?!

Орда бұзар шағы отызға жетпесе де,саналы ғұмырында жүз қырыққа жуық өлең, екі роман, бес поэма, көсемсөздер жазып қалдырған ақын: Ер өлсе де еңбегін ел өшірмес, Неше мың жыл өтсе де тарих білмек,-деген сеніммен бір Алладан басқаға бас имеген қалпында құйрықты жұлдыздай ағып кете барды. Үш бәйтеректі үлгі етіп, бес арыстан бастау алған ұстанымымен жастарды жігерлендірген ақын үшін ең өкініштісі, тағы да қол аяғына тұсау салған кедейліктің шынжыры, махаббат жолында да темір қақпа болып, елі үшін еңіреген асыл жанның ізін жалғар өз ұрпағы қалмады. Алайда, қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында неше мың жылдар өнері мен шеберлігі түйіскен бағалы еңбектері қалды. Бүгінде ғасырда бір туар дара дарынға 128 жыл толып отыр.

Қараңғы қазақтың көгіне күн болып көтеріліп, мұздаған елдің жүрегін жылытуға шашқан шабыты шау тартпаған шайырдың қуатты да нұрлы сәулесі күні бүгінге дейін әдебиет аспанында сөнген емес. Келер таңда қазақ әдебиетінде құбылыс туғызған асқақ ақынның теңіз түбінде шашылып жатқан маржандай жырларын жиып алып,көзіміздің қарашығындай сақтау, талантты жанның таңдайына татып, сеніміне ие болған біздердің еншімізде.


Дайындаған: Әліқұл Назерке,

Әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология және әлем факультетінің 1 – курс студенті

Жетекшісі: Қозыбақова Ф.А,

Әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<