***
Ауыл шаруашылығы институтын тәмамдап, қолдарына «ғалым-агроном» деген диплом алып, оңтүстікке қайтып жатқан курстастарымен бірге Назерке де пойызға отырды. Жамбылдан, Шымкенттен бәрі қоштасып түсіп қалған соң, Қызылордаға қарай бір өзі кеткен Назеркеге жол тым ұзақ көрінді. Жатып алып, ой жетегіне ерді.
Қызының елге оқу бітіріп келгенін көріп, төбесі көкке жеткендей болатын әке-шешесінің кейпін және Жосалы кентінде тұратын жалғыз әпкесінің ризашылықпен құшағын жая мұны күтіп алатын сәтін елестетіп, дереу жүйткіп келе жатқан пойыздың терезесінен дөңгеленіп қалып бара жатқан ен даладан көз айырмады. Қашан қараңғы түсемін дегенше қарап отырды да қойды. «Дөңгелектер әуені, тынбайды таң атқанша, махаббат боп өтетін өмір қандай тамаша?!» деген ән шумақтарын іштей бірнеше рет қайталады.
Шындығында өмір тамаша ма? Бұл сұрақ есіне Дәуірді түсірді… Мерт болғаны рас па екен? Одан соң, Қасымхан… Жиырма алты жастағы кеңшар директорының тағатсыздана күтіп жүргеніне күмәні болмады. Бір сөткеден аса жүрген пойыз келесі күні түс әлетінде Жосалы стансасына келіп тоқтады. Нәзипа әпкесі күтіп тұр екен. Құшақтасып мәре-сәре болды. Ертесіне күн көтеріле маңдайшасына «Ақдала» деп жазылған ескілеу «ПАЗ» автобусына отырып, жолы қиыр-шиыр шалғайдағы ауылға 7-8 сағат дегенде әзер жетті. Ауыл орталығына көшіп келіп, шаруашылықтың есебінен салынып берілген үйге кіргеніне бір айдай уақыт болған әке-шешесі Назеркесімен қуана қауышты.
«Арай» кеңшарының жас директоры Қасымхан Қаратаев биыл көктемде аймаққа әлі белгісіздеу майлы дақыл –мақсары еккізген. Бірсыпыра жұрт бұл дақылдың келешегі қалай болар екен деп алаңдады. 30 гектар жерге себілген дақыл көз тартатындай тығыз әрі қаулап өсе бастады. Ауданның өзге шаруашылықтарының агрономдары келіп, егілген мақсарының шығымдылығын көрген. Қызығушылар да, күдіктене қараушылар да болды. Алайда Қасымханның сенімі мол еді. Жерге дән сеппес бұрын, тегістелген атыздарды ерте көктемде көлкітіп суарып алған. Суы тартылып, кебе бастаған кезде соқа салып, одан іле- шала бір тырмалап, тегістеп өткесін дән сепкішпен тұқым сіңірген де, ауыр катокпен басып тастаған. Осыны күткендей сәуірдің соңғы күндері ақ жаңбыр нөсерлетіп құя салды. Қасымханға керегі де осы еді. Енді бұл дақыл тез көктеп, атыз беттерін теп-тегіс алып кетті. Жайқалып өсіп келе жатқанда, аупарткомның бірінші хатшысы Амандық Байдүйсенов келді. Мұндай тың бастама, жақсы харекет обком хатшысы Еркінбековтің де құлағына тиіп, «Арайда» облыстық семинар-кеңес өткізуге пәрмен берген. Қазір соған қызу дайындық жүріп жатыр. Қасымхан ауыл ақсақалдары мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілерін, мамандар мен бригадирлерді жиып жиналыс өткізді. Келелі кеңесте тиісті адамдарға нақты тапсырмалар берілді. Осындай күндердің бірінде өзі тәжірибеден өткен таныс шаруашылыққа Назерке жетті. Көз көргендердің бәрі қуанып жатыр. Сол күні Назерке Дулатқызы аға агроном болып тағайындалып, кеңшарда есепші болып қызмет атқаратын Күлзипаның үйіне орналастырылды. Жасы қырыққа толар-толмаста, күйеуінен бір ұл, бір қызбен ерте қалған Күлзипа сабырлы, мінезі жұмсақ әйел еді. Баласы Нұрқасым облыс орталығындағы жоғары оқу орнында, қызы Айғаным ауылдағы орта мектептің оныншы сыныбында оқиды екен. Бір аптадан соң, күріштің шығымдылығын анықтайтын комиссия құрамында агроном қыз екі күн бойы барлық бригадалардың егін алқабын аралап көрді. Қорытындысында егілген 1700 гектар күріштің 900 гектарға жуығы жақсы, 400 гектары ортадан жоғары, 350 гектары орта, 50 гектары ортадан төмен деп жобаланды. Комиссия күріштің түптелу кезеңінің алда екенін ескеріп, тиісті агротехникалық шаралар өз дәрежесінде жүргізілсе бәрі ретке келеді деп шешті. Бір жақсысы күріш таза, күрмексіз өсіп келеді екен. Тамыз айының басында Назерке егісті асықпай аралады. Сағағынан иілген алтын дәндер көңілін көншітті. Дақыл түптелгесін тығызданған. Орта жерлер жақсыға қосылған, ортадан төмен атыздар жоқ есебі деп қуанды.
***
Облыстық семинар-кеңес өтетін бригаданың «Томарбөгет» учаскесіндегі дала қосын дайындау жұмысына келе кірісіп кеткен агроном қыздың қарамағына «коммуналдық-тұрғын үй бөлімінің» 10 жұмысшысы, клуб меңгерушісі, кітапханашы, автолавка және суретші-безендіруші бекітіліп берілді. Кеңшар директоры Қасымхан, партком хатшысы Ғалымбек және ауылдық кеңестің төрағасы мен кәсіподақ басшысы кезектесіп келіп, ретке келіп жатқан жұмыстың басы-қасында болды. Екі аптаның ішінде «Егіншінің екінші үйі» саналатын дала қосы адам танымастай өзгеріп шыға келді.
Күрішші-механизаторлардың жатын бөлмелері толықтай жөнделіп, төсек-орындары жаңартылды. Шағын спорт алаңқайында волейбол, баскетбол ойнауға мүмкіншілік жасалынды. Төңірек түгел тазартылды. Аудандық партия комитетінен бөлінген өкіл Алдан Тойшыбаев және тұқым инспекциясының бастығы Ажар тәтесі облыстық-семинар кеңес өтетін орынның тез дайын болғанына разы болып:
– Қадамың құтты болар, облыстың бірінші басшысынан бастап, барлық аудандардың бірінші хатшылары қатысатын семинар-кеңес, бұрын-соңды бізде болған емес. Сәтімен өткізіп жіберсек, абырой деген сол болар, – дейді екеуі.
Айтулы күн жетіп, «Арай» кеңшарына жан-жақтан қонақтар ағылып келе бастады. Ауылдың қонақүйіне алыс аудандардан бір күн бұрын кештетіп жеткендер орналастырылды. Асхана толық іске қосылды. Ертесіне дала қосында семинар-кеңестің теориялық бөлімі басталды. «Мақсары дақылының ерекшеліктері мен одан алынатын өнімнің тұрмысқа пайдаланылуы» жайлы негізгі баяндаманы кеңшар директоры Қасымхан Қаратаев, «Мақсары дақылының агротехникасы» тақырыбында қосымша баяндаманы Назерке Дулатқызы жасаған. Семинар-кеңестің практикалық екінші бөлімі егінжайда өтті. Келгендер атыздарда көздің жауын алардай болып, тып-тығыз, жайқалып өсіп келе жатқан мақсарыны көріп, өзара пікір алысты. Қорытынды сөзінде обкомның бірінші хатшысы Нариман Еркінбеков келер жылдан бастап, барлық кеңшарлар мен ұжымшарларға мақсары егуді тапсырды.
***
Аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі телефон шалып, «Арай» парткомының хатшысы Ғалымбек Басбаевқа аға агроном Назерке Дулатқызын коммунистік партия мүшелігінің кандидаттығына қабылдау үшін бастауыш партия ұйымында тездетіп мәселе қарау керектігін хабарлаған. Партком хатшысы мұны директорға айтқан.
– Егер аудандық партия комитеті ұйғарса, оған қарсы не дейміз, кешке кеңейтілген мәжіліс шақырыңыз, – деді Қасымхан. Кеңшардың партком мүшелерімен қоса барлық бас мамандар, қоғамдық ұйым жетекшілері, ардагерлер кеңесінің төрағасы жиналған. Мәжілістің күн тәртібіне бір ғана мәселе ұсынылды: Аға агроном Назерке Дулатқызын Кеңес Одағы Коммунистік Партиясының мүшелігіне кандидат етіп ұсыну туралы.
Пікірлер екіге жарылды. Партком мүшелерінің екеуі және ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Енді ғана еңбек жолын бастаған қызды партия мүшелігіне кандидат етіп қалай ұсынамыз десе, екінші пікір бұл кадрдың институттан арнайы келіп, мемлекеттік тәжірибеден осы жерде өткенін, онда тек жақсы жағымен көрінгендігін, жақында өткен облыстық семинар-кеңеске дайындық кезінде де, оны өткізу барысында да ерекше көзге түскенін, келешегінен үміт күтетін маман екендігін тілге тиек еткен. Оның үстіне ұсыныс аудандық партия комитетінен келіп отырғанын алға тартты. Осыдан соң, өзара келісімге келген мәжілістегілер бірауыздан қолдап, хаттама толтырған.
***
Қоңыр күз келіп, күріш орағы басталған. Биыл алғашқы орақ кеңшардың №3 бригадасынан түсті. Ауыл үшін бұл күн үлкен мереке. Алғашқы орақты бастайтын атызға келген жатканың алдынан қызыл лента байланып, оны қию құрметі аудандық партия комитетінің өкілі Алдан Тойшыбаев пен ауылдың ақсақалы Базарбай ақсақалға тиді.
Кеңшар директоры Қасымхан Қаратаев құттықтау сөз сөйлеп, салтанатты шараны ашты. Мектептен келген бір топ оқушылар егінші қауымға арнап, құттықтау сөздерін айтты. Лента қиылғанын күтіп тұрған жатка жылжып келіп, күрішке түсті де, қалбағайы айналып кете барды. Бітік өскен күріштің қалың дестесі, дала кемесінің соңынан түп-түзу тартылып бара жатты. Дүйім жұрт соңынан ерді. Орылған күрішті талдап ұстап, сабағында қанша дән бар екенін санап жүргендер де бар. Егістіктегі салтанатты шара дала қосында жалғасып, асханасынан табақ-табақ ет тартылды. Соңынан үлкендер батасын беріп, жиналғандар тілек тілеп тарқасқан…
Егін орағының орта тұсында Назеркенің әке-шешесі келді. Қырық жыл шопан таяғын ұстап, қой баққан әкесі Дулаттың ел-халыққа да, ауыл мен ауданға да сыйлы болғанын жоғарыда айтқанбыз. Міне, енді дербес зейнеткер атанған оған кеңшар әкімшілігі астына су жаңа ГАЗ-24 жеңіл автокөлігін мінгізіпті. Сол мәшинені жақын інілерінің біріне айдатып осында жеткендері еді. Орталық қырманға кіріп, «Волгадан» түсіп жатқан Назеркенің ата-анасын кіреберістегі таразы жанында тұрған Қасымхан бірден таныды да, алдарынан шықты. «Ассалаумағаләйкүм, көке» деп әуелі Дулат қартқа қос қолын ұсынды. Онан кейін ақ жаулықты анамен сәлемдескен… Сонадайдағы күріш тазартып жатқан агрегаттардың бірінде екі-үш адаммен сөйлесіп тұрған Назеркені көрген олар солай қарай беттегісі келіп еді, бірақ Қасымхан шақырып келуге біреуді жүгіртіп жіберді. Өзі көптен ұнатып, сыйластығы жарасқан қыздың әке-шешесінің қырманға келуін іштей жақсы ырымға балаған жас директордың ризашылығында шек жоқ еді…
– Партия мен үкімет тұтас бір елдің тізгінін қолыңа ұстатқан екен балам, құтты болсын!
– Е, өз ауылың, өз жерің шаруашылығыңды дөңгелентіп, ауданның қала берді облыстың алдына шығаратыныңа сенемін. Алғашқы сәтті қадамыңды есітіп келдік, – деп жатыр Айнагүл ана. Азды-кем уақыт олар Қасымханмен штабта сәл бөгелген… – Шаршап келген шығарсыздар, біздің үйге барайық, – деген Қасымханмен ілесіп, сыртқа шықты. Бірақ, әуелі қызының жатқан үйіне бас сұққанды жөн көрді. Директор әлгі әзірде есеп бөліміндегі Күлзипаға хатшысын жұмсап, Назеркенің әке-шешесінің келгендігін айтқызып қойған. Күлзипамен танысып, оның ықыласпен берген шай-суын ішіп бола бергенде Қасымханның шопыры келіп, директордың үйіне қарай жол бастады. Үлкен көшенің орта тұсындағы ақ шатырлы үйдің алдына келіп тоқтаған. Хабар тиіп, күтіп отырған болуы керек, ақ жаулықты аққұба әйел күтіп алып, жылы шыраймен амандасқан. Бұл Қасымханның анасы Әсима еді.
– Сіздер туралы сырттарыңыздан қанықпын, ана жолы беріп жіберген сәлем-сауқаттарыңызды алғанмын. Ол үшін көп рахмет! Хош келіпсіздер, – деп үй иесі құрақ ұшты. Бір қыз, бір ұлмен 37 жасында жесір қалған Әсиманың бүгінде балаларын жеткізіп, «тәубе»деп отырған жағдайы бар еді. Облыс орталығындағы мұғалімдер дайындайтын институтты бітірген үлкені Зере осы ауылдағы орта мектепте мұғалім, күйеу баласы Кеңесбек мектепте оқу ісінің меңгерушісі екен.
– Отағасым осы кеңшарда бас экономист болатын, ұзаққа созылған дерт ақыры алып тынды. Тағдыр осылай жазса, қайтейін… Әсима бәйбіше көз жасына ерік беріп алды.
Айнагүл ана да сыр бүкпеді. Бес құрсақ көтеріп, үшеуін жер қойнына тапсырғанын, енді екі қызға қарап қалғанынын айтып егілді.
– Үлкен қызым Жосалыда, одан екі немереміз бар, ал Назеркенің енді оқу бітіріп, осында жұмысқа орналасқанын өзіңіз білесіз ғой…
– Барға шүкірлік етейік апа, бәрі Алланың ісі оған кім қарсы келе алады, – деп басу айтты Әсима. Осы сәт қаздай тізіліп, Қасымхан мен Назерке кіріп келе жатты…
***
Қыркүйек айының соңғы күндерінің бірі болатын. Сәске түске таман аға агроном Назерке өзі жүргізетін автокөлігімен «Естек көлі» учаскесіндегі астық бастырып жатқан комбайндарға қарай келе жатты. Үш комбайн күріш дестелерінің шаңын бұрқыратып жатыр. Кенет біреуінің атыз ортасына тоқтап, комбайнердің бункерге қарай көтеріле бергенін көзі шалған. Бункердегі астықты қолындағы затпен шұқылай бергені сол еді, бір қырындап құлап, қолын сермелей бастады. Жетіп тоқтағанда, комбайнердің сырт киімінің бір жеңі бункер шнегіне шайналып жатқанын көрді. Техника қауіпсіздігін білетін Назерке дереу двигательді өшірді. Жоғары көтеріліп оң қолын тартқылап ала алмай жатқан комбайнерге көмектеспекші болды. Бірақ, не тартып ала алмады, не киімін ағытып жібере алмады. Орамалын бұлғап, келесі атызда жүрген комбайнерді шақырды. Екеулеп жүріп сырт киімнің жеңін тіліп, әзер босатты. Абырой болғанда қолы шайналмаған, бірақ жеңіл жарақаты бар екен. Иығын ауырсына бергенін байқап, «ештеңе етпейді» дегеніне қарамастан, комбайнерді орталықтағы емханаға алып келген… Екі-үш күн амбулаториялық ем алып, комбайнер жігіт жұмысына қайта қосылып кетті. Осы жылғы күз берекелі болған. Кеңшар 1700 гектар күріштің әрбір гектарынан міндеттемеге сай 50 центнердің үстінде өнім жинап, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізді. Ауылдастары жас директордың жолы болды деп қуанса, бұл табыста Назеркенің де үлесі бар болатын.
Кеңшардың кеңейтілген ашық партия жиналысында сөз алған аға агроном Назерке Дулатқызы егінді әртараптандыру жайлы ұсыныс жасаған. Бұған дейін бұл тың мәселе еді.
«Әртараптандыру – шаруашылыққа да, ауыл халқына да пайдалы болар еді. Сондықтан, мақсары көлемін арттыру, жүгері дақылына аса мән беру, көкөніс-бақша егуге жарамды жер бөліп, жаңа бригада жасақтау қажет. Мұны кешіктірмей, бригада құрамын ақылдасып, тәжірибесі бар азаматтың бірін бригадир етіп тағайындау қажет» деген. Жиналысқа қатысқандар бұл ұсынысты қолдады. Ертесіне-ақ, Қасымханның орнына бас агроном болған Мәжит ағасы екеуі іске кірісті. Жаңа бригадаға дербес техника, жұмыс күші беріліп, жарамды жерлер бөлінді.
***
Үлкен бір тарихи датаға байланысты аудан орталығында көркемөнерпаздардың байқауы өтетін болып, осы шараға дайындық басталды. Мектептің музыка пәнінің мұғалімі Мұратбек екеуі ауылдағы өнерлі жастардың басын қосып, кешкілік жұмыстан соң, концерттік бағдарлама даярлады. Назерке мектепте оқып жүрген кезінен-ақ ән-жырға әуес еді. Сыр сүлейлері ғұмыр кешкен жыраулық өңірде өскендіктен болар, домбыраға қосылып термелер айтатын. Тұрмағанбеттің, Шораяқтың Омарының, Жиенбай жыраудың, кете Жүсіптің бірнеше жыр-термелерін жатқа білетін. Міне, енді сол кәдеге асты. Концерттік бағдарламаға өнердің барлық жанрларын қамтуды мақсат тұтқан «Арайлықтар» екі апта үзіліссіз дайындық жасады. Ән мен жыр, би мен күй, көркемсөз, шағын скеч қосылды. Кеңшар әкімшілігі мен кәсіподақ комитеті ұлттық киімдер тіктіріп берді. Дайындалған концерттерін әуелі ауыл тұрғындарына, сонан соң көрші ауылға апарып көрсетті. Бұл өнерпаз жастарды көп алдына шығарып, жаттықтырып алу еді. Қараша айының алғашқы күндерінің бірінде аудандық байқау басталған. Екі күнге созылған байқауға онбір елді мекеннен келген ауыл өнарпаздары кезек-кезек өнерлерін көрсетті. Қорытындысында қазылар алқасы Назерке бастаған «Арай» кеңшарының көркемөнерпаздарына бірінші орынды берді. Бұл үлкен жетістік болатын. Осыдан соң ауылда мәдени іс-шаралар жиі өте бастады. Жаңа музыкалық аспаптар сатып алынды. Тек өнер ғана емес, ауыл спортына да қолдау көрсетілді. Клуб алдындағы бос алаңқайдан спорт алаңы ашылды. Бұл үшін кеңшар директоры Қасымхан қаражат бөлді. Агроном Назерке Дулатқызы көп ұзамай қоғамдық негізде кеңшар комсомол ұйымының жетекшілігіне сайланған… Тәрбиелік мәні бар мәдени-көпшілік жұмыстарға ден қойылып, ауыл жастарының бос уақыттары өнерге, спортқа қарай ауды.
Сол күндердің бірінде Қасымхан Назеркеге «маған өмірлік жар боласың ба?» деген…
***
Ауданда өткен өнер сайысынан кейін көп ұзамай аупартком талантты қызды аудандық комсомол комитетінің хатшылығы қызметіне алуды ұйғарды…
Кеңшар парткомының хатшысы Ғалымбек Басбаев кабинетінде Назеркемен сөйлесіп отыр. Әңгіме барысы ұсынылып отырған жаңа қызмет туралы болатын.
– Келешегіңді ойласаң, барғаның жөн. Мұндай мүмкіншілік бола бермейді. Бұл дегеніңіз – қызметтік баспалдақ, – деді партком хатшысы. Осы мезетте үстеріне Қасымхан кірді.
– Жақсы келдіңіз, біз аудандық партия комитетінің ұсынысы бойынша сөйлесіп отыр едік. Партком хатшысының сөзі Қасымханға қиындау тиді. «Өмірлік жар боласың ба?» деген сұрауына: – Уақыт бер, ойланайын, – деп еді, енді мына ұсыныс… Аудан орталығына қызмет ауыстырса, қалай болады? Маңдайынан мұздай тер бұрқ етті. Десе де, өзін-өзі қолға алып:
– Назерке бұған қалай қарайды екен? – деді. Қыз үндей қоймағасын, партком хатшысы:
– Жолдас директор, кадр сіздікі ғой, ертеңге дейін ақылдасып, бір жауабын берерсіздер, – деп орнынан көтеріле берді.
Екеуі қарама-қарсы бөлмеге өтіп, директор кабинетіне келді:
– Қолыма қонғалы тұрған құс басқа жаққа ұшып кетсе, менің өмірімде не мән қалады?
– Мен сенің әлі қолыңа қона қойған жоқпын ғой.
– Бақытымның жолында неден болса да тартынбаймын, аяғына дейін күресемін. Бастық бұл сөзін нық айтты.
– Қазақтың: «Сен аржақта қалқатай, мен бержақта» деген өлеңі бар еді, – деп күлді қыз.
– Мен сені жібермеймін, кеңшарға да білікті маман керек.
– Маман керек пе, жар керек пе?
– Екеуі де…
Қыз бен жігіттің әңгімесі осымен бітіп, екеуі де жұмыстарына кеткен.
Кешке үйіне келгесін, Қасымхан анасына бар сырын ашты. Анасы батыл шешімге келді:
– Онда күні ертең ата-анасының алдынан өтуіміз керек.
***
Дулат ақсақал бүгін күндегіден де ерте тұрып, қорадағы малдарын өріске шығарған. Төрт түлігі өздеріне жетерлік еді. Мал асырау оңай шаруа емес. Жеке қожалығын шақтағысы келген болар, оншақты күн бұрын 3 бас ірі қарасы мен екі құлынды биесін, 10-15 қой-ешкісін сатып жіберген. Бес жылқысын немере інісінің үйіріне қосқан. Қорада әлі екі жылқы, екі бұзаулы сиыр, 10 бас қой тұр. Екі інгені өрісте, түйе жарықтық қора керек етпейді ғой… Малын жайлап, ірі қарасы мен қойларын ауылдың жеке малын бағатын малшылардың алдына салып беріп қайтқанда, Айнагүл сексеуіл шоғымен қайнап, бұрқылдап тұрған самаурынды үйге кіргізіп, таңғы дастарқанды жасап қойған екен. Шәй ішіп отырып, оны-мұны айтты да сөз бағытын Назеркеге бұрды.
– Қыз бала жатжұрттық, теңін тауып бізді бір қуантса ғой, – деп кемпірі болашақтың ұштығын шығарған.
– Қызымның ақылы бар, бәрі болады бәйбіше, – деді отағасының сенімді уәжі Айнагүлдің көңілін орнықтырды…
Сәскелікте есік алдына көлік келіп тоқтағандай болған. «Қызымыз кеп қалды ма» деп қосарласа, далаға жүгіре шыққанда, жеңіл мәшинеден ер кісі мен әйел түсіп жатты. Бұлар құда түсуге келген Әсима мен қайнысы Ілесхан еді. Дулат пен Айнагүл қонақтарды жылы шыраймен қарсы алды. Ата салтының із-жолымен келгендер шәй үстінде бүгіп-жармай, бұйымтайларын айтты. Ауыл ішіндегі ағайын-туыс тез жиналды. Кең дастарқан басында әуелі екі ауылдың аман-түгелі, елдің тіршілігі сөз болып, сөз төркіні екі жасқа қарай ауған.
– Балалар оқыған, екеуі де жоғары білімді. Аллаға шүкір, ақыл тоқтатқан, оның үстіне лауазымды қызметтері бар, – деп бастады сөзін Әсима ана…
– Өздері солай шешсе кім қарсы, оң болсын, – десті көпшілік. Төрде отырған қария: «Жол мұраты жету, қыз мұраты кету», – деп бастап, аяғын ақбатаға жалғастырды. Осыдан соң Әсима әкелген киттері мен орамал шаршысын көрсетіп, үй иесіне толық конверт ұсынды. Ауыл айбатына деп төрт «көк қағаз» тастаған. Тура бір айдан соң келіп, Назеркені қолдан алатыны келісілді. Тиесілі сыбағасын жеп болып, көңілдерін бірлегесін, қонақтар қайтуға оқталған. Болашақ құда-құдағиын шығарып салып тұрып, Дулат пен Айнагүл кәдімгідей толқыды. Айнагүл ана көзіне жас алған, бұл қуаныштың жасы еді…
Аудандық партия комитетінің шақыртуымен келген Назерке ұйымдастыру бөлімі меңгерушісіне кірген. Сылтауы тыңдалмайтынын білгесін, идеология жөніндегі хатшы Нәзікеннің қабылдауына барды. Оған таяу күндерде тұрмысқа шығатынын айтқан.
– Қызметке оның не кедергісі бар, – деген хатшыға:
– Ол кеңшардың директоры, жұмысын тастап мен үшін аудан орталығына келе алмайды ғой, – деген. Көпті көрген, парасатты хатшы сәл ойланып отырды да:
– Олай болса бақытты болыңдар, ауылыңа қайта бер, мен біріншіге өзім түсіндіремін, – деді.
Келісілген мерзімде Дулат пен Айнагүл үлкен той жасап, Назеркені ырғап-жырғап ұзатты…
***
…Арада үш жылға таяу уақыт өткен. Кезекті еңбек демалыстарын алып, екі жастағы Бексұлтанды әжесіне қалдырған Қасымхан мен Назерке Алматы маңындағы бір шипажайға келген. Табиғаттың бір тамаша жерінде орналасқан бұл сауықтыру орнына келушілер аз емес екен. Жайлы орынға жайғасты. Бұрын «курорт» дегенді көрмеген Назеркеге бастапқыда бәрі таңсық еді. Жақсы тынығып, шаршағандарын басты. Ем-домы, ас-суы да ойдағыдай болып шыққан. Мұнда мәдени-көпшілік шаралар бір толастамайды, әсіресе кеш түсе қызады. Үлкен қалаға тиіп тұрғасын ба концерт, кино дегендерің күн құрғатпайды. Бір күні «Русалка» деген өнер ұжымының келетіні белгілі болған. Атағы одақ көлеміне белгілі, Саратов қаласынан Қазақстанда гастрольдік сапармен жүрген бұл ансамбльдің осында ат басын бұруы курорт әкімшілігінің сұранымы екен. Кешкілік шипажайдың шағын клубына жұрт сыймай кетті. Орыс халқының ән-биін эстрадалық құрылымға лайықтап, думандата өнерлерін паш еткен «Русалка» тобына көрермендер ризашылықпен қол соқты. Концерт соңында жүргізуші: «Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Ольга Иванова, директоры Дәуір Жантасов» деп хабарлаған.Сахнаға шығып, халыққа қарап бас иген екеудің ер адамы Назеркенің көзіне оттай басылды. Бұл шынымен Дәуір ме? Өз көзіне өзі сенбей қайта қарады да, аңтарылып қалды. Ия, бұл Дәуір болатын. «Дәуір тірі екен ғой» деп күбір етті Назерке. Қасымхан жалт қарады. Осы сәтте аяғын сылтып басқан Дәуір әйелімен қолтықтасып сахнадан шығып бара жатты…
(Соңы. Басы өткен сандарда)
Темірбек ЕСЖАНОВ





