«Роман & Драма» журналы жарыққа шыға бастады

362

0

Бүгінгі заманда не көп, әртүрлі салаға бейімделіп шығарылып жатқан мерзімдік басылым көп! Әрине, әрқайсысы өзіне тиесілі міндетті атқаратыны бесенеден белгілі. Басылымды қай кезде де көпсінуге болмайды.

Дей тұрсақ та, осы кезде көптеген әдеби-мәдени басылымдарда поэзия мен прозалық шығармаларға молынан орын беріледі де, ал әдебиеттің тағы бір елеулі жанры – драматургияға көңіл аударылмай жатады. Көп жағдайда драматургия – ол театр үшін жазылған дүние ретінде қабылданады. Алайда, драматургиялық шығарма мәтін түрінде де оқылымды бола алатыны ескерілмейді.

Міне, осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін биылғы жылдың қаңтар айынан бастап «Роман & Драма» атты әдеби-көркем журнал шығара бастадық. Мұнда әр нөмір сайын бір прозалық және бір драматургиялықшығармалар жарияланып отырады.

Бұл басылымның тағы бір ерекшелігі –мұнда тек қазақ қаламгерлері ғана емес, сонымен бірге шетелдік, әсіресе түркі тілдес елдердің прозашылары мен драматургтерінің төл туындылары (олар орыс тілінде) жарияланады.

Журнал айына бір рет, қазақ және орыс тілдерінде шығады.

Жаңа журналдың алғашқы екі нөмірі жарыққа шықты, оларды газет-журнал дүңгіршектерінен сатып алуға болады. Оған демеушілік жасаған – «Қалдан-Жәлден» қайырымдылық қоры.

Алдағы уақытта қазақ қаламгерлерінің прозалық және драматургиялық жаңа туындыларын күтеміз.

Басылым Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде тіркелген. Журналға «Қазпошта» бөлімшілері арқылы екінші жартыжылдыққа жазылуға да болады. (Индекс 76168)

Ал, әдебиет сүйер ағайын! Өз журналдарыңызды жаздырып алуға асығыңыздар!

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ

журналдың бас редакторы,

жазушы-драматург

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз