Салманның күрмекпен айтысы

686

0

 Бүгінгі таңда қазақ айтыс өнері туралы зерттеулер де, оған қатысты айтылып жүрген әңгімелер де көп. Алайда, бұл айтыс өнері туралы барлығы айтылды, барлығы зерттелді деген сөз емес. Тарих көшіне көз жіберер болсақ, айтыстың тек қана қазақ өнерінің бір түрі ғана емес, қазақтың ұлттық болмысын танытатын ерекшелік ретінде бағаланғанын да көреміз. Міне, осы тұрғыдан қарар болсақ, айтыс өнерін насихаттау, оның өзіндік ерекшеліктері мен заңдылықтарын анықтау, айтыстар мәтінін жинақтау, туу тарихын, шығу себептерін анықтап, көркемдігіне баға беру уақыт, кезең қатынасы мен мән-мағына бірлігінде зерттелуі қажет. Олай болмаған жағдайда мәселе «анау олай деді, мынау бұлай дедінің» ауылынан алыстамайды.

Айтыс – сан қырлы, ерекшелігі мол өнер. Кейде айтыс бір мезгілде бітіп жатса, енді бірде айға, тіпті, бірнеше жылға созылған. Жазба айтыс өмірге келген кезден бастап айтыстың хат үлгісі, газет арқылы айтыс, радиоайтыс және т.с.с. түрлері өмірге келді. Тіпті бірнеше ақын араласып, бірнеше адамның тоқтау айтқан тұстары да бар. Кейде екі ақынның сөз қағысуы үлкен додаға айналып жатса, кейде сол сөз қағысу түрінде қалып та қойған. Бұған да мысал көп. Нұрмағанбет Қосжанұлы мен Ашубай молда арасындағы айтыс нағашылы-жиенді екі ақынның арасындағы қалжың сөз қағысудан басталып, бірнеше ақын араласқан және бірнеше жылға созылған үлкен жыр сайысына айналса, Кете Жаскелең ақын мен оның әйелі Зибаның арасындағы сөз қағысу сол бастапқы қалпында қалып қойған.

Бірде зерігіп отырған Жаскелең ақын әйелі Зибаға:

Мен өзім жас кезімде сотқар едім,

Сонда да жөнді сөзге тоқтар едім.

Тірімде құлағыммен есітейін,

Мен өлсем, Зибам, не деп жоқтар едің? – демей ме. Сонда Зиба іле-шала:

Жақсысы едің Кетенің

Тірілей өлмек не теңің?

Сен бүгін өлсең, мен ертең

Байға тиіп кетемін, – деп жауап берген екен. Жалпы сөз қағысу демесең, осы екі шумақта қанша мән жатыр, аты «айтыс» деп қомпитқанымыз болмаса, анау-мынау айтыстар айта алмаған талай ойды бойына сыйғызып тұрған жоқ па?! Міне, біз айтып отырған осы дәйектер қазақ елінің қасиетті ай­мақтарының бірі – Арал-Сыр өңірінде айтыс өнерінің небір үлгісі барының бір ғана мысалы.   Иә, жыр елі атанған бұл аймақтан айтыс өнерінің де сан түрін кездестіреміз. Солардың бірі – Салманның күрмекпен айтысы.

Біз бұл мақалада Арал-Сыр өңірін­дегі айтыстар ерекшелігіне, түріне, көр­кемдігіне, тәрбиелік мәніне және т.с.с. қатысты мәселелерді толық қам­тимыз деген ойдан аулақпыз. Себебі – ол үлкен зерттеулердің нысаны, біз­дің алдағы жоспарларымыздың бірі. Дегенмен, негізгі мәселенің басын ашу үшін Арал-Сыр өңірінде өткен айтыстардың ХХ ғасырдан бергі­лерінде ауызекі үлгі мен жазба үлгі қасиеттерінің бірігуін аңғара­тынымызды, айтыстардың бірі халық алдында, сахнада өтсе, екіншісі – сахнадан тыс өткенін айтуымыз керек.

Салманның күрмекпен айтысы әуелі ауызша шығарылған, кейін қағазға түскен. Салман Әбдірәйім­ұлының отбасында Ұлы Отан соғысы­нан кейінгі жылдары айтылып, оның алғашқы тыңдаушылары әйелі мен балалары болған. Айтысты әдебиетімізде бұрыннан бар дәстүрлі айтыс түрі – «Тірі мен өлі айтысының» бірі ретінде қараймыз. Салманның балаларының бірі, өңірге белгілі өнерпаз Раушанбек Салмановтың айтуынша, сол жылдары Жалағаш аудандық газетіне де жарияланған екен, бірақ сақталмапты. Мәтіні белгілі ұстаз, Салманның әйелі­нің інісі, марқұм Шәһәбадин Сүлей­менұлынан алынған. Одан Салманның сөз өнеріне жақындығы, турасын айтататын жүректілігі айқын аңғарылады. Айтыс мына жолдармен басталады:

Біздің колхоз әрбір үйге тұқым

күріш таратты,

Күрмегін тер, тазала,

жаса деді  жарақты.

Бұрынғы өткен патшаның да

кезінде,

Көрмеп едік мұншалықты тозақты.

Алғашқы осы шумақтың өзі біздің жоғарыдағы пікірімізге дәйек болады. Өйткені, Кеңес өкіметінің қылышынан қаны тамып тұрған тұста:

Бұрынғы өткен патшаның да

кезінде,

Көрмеп едік мұншалықты тозақты, – деп айту кез келген адамның қолы­нан келмейтін шаруа екені дау тудырмаса керек. Бұдан соң ол:

Күрмегін тұқым күріш теру қиын,

Әр үйде ұйымдасты бір-бір ұжым.

Үңіліп өне бойы отырған соң,

Қол талып, ашиды екен көзің, миың, – деп сол тұстағы ел харакетін шынайылықпен суреттейді. Одан әрі:

Осындай күйде отырып

ойға оралған

Сөздерді құрастырдым одан-бұдан.

Мақсатым атақ-абырой алу емес,

Ауылдың әктиві мен аудан жақтан.

Ойладым аз да болса сергісін деп,

Өзіммен бірге отырған бала-шағам, – деп төгілте жырлайды.

Айтыстың қалай өмірге келгені де толық көрсетілген, ұйқасы да, ыр­ғағы да дөп түсіп, ой мен мағына тұ­тастығына қол жеткізген бұл жол­дар­дың авторын бұрын елге белгілі болмаса да  қалай ақын демессің. Айт­пақ ойы анық, тәлімдік мәні зор, көр­кемдік талаптарға толық жауап беретін бұл айтыста еңбекке шақыру, еңбекті дұрыс ұйымдастыру тақырыптарының астарында іс жөнін білмес басшыларды мінеу де байқалып отырады.

Осы үш шумаққа назар салар бол­сақ, алғашқы шумақ оқиғаның себебі, яғни, басталуы. Бұл шумақтың 1,2 тармағы 15 буыннан да, 3,4 тар­мақтары 11 буынды ұйқасқа құрылған. Бір жағынан кіріспе, беташар сөз мін­детін де атқаруда. Сондықтан ол өзге шумақтардан буын саны жағы­нан ерекшелеу. Мұны, әдетте, шығар­маның қысқа бөлімі ретінде қарауға да болады. Жұлдызшалармен негізгі бөлімнен ажыратылып тұруы керек, бірақ қолымыздағы қолжазбада мұндай белгі болмағандықтан, мұны сол қалпында қалдырдық.

Келесі шумақтар да кіріспе сияқты болып көрінгенмен, мұнда айтыстың туу себептері ашыла бастайды. Бұлар­дың алғашқысы 4 тармақтан болса, соңғысы 6 тармақтан тұрады және екі шумақ та 11 буынды ұйқасқа құрыл­ған. Енді жұртқа беймәлім болғандық­тан, осы шығарманы саралауға тырысып көрелік.

Салман: – Күрмек сен күріштікте

өсіп тұрсың,

Күріштің арқасында су ішесің.

Күріштей сені ешкім сеппесе де,

Сен қайдан қаптап шығып

өніп жүрсің?

күрмек: – Мен сені сауатты адам

деуші едім,

Білетін аты-жөнін әр-нәрсенің.

Біліп кой, бұнан былай ұят болады,

Әлемнің 18 мың мен бірімін.

Салман: – Мен өзім әлімсақтан

мұсылманмын,

Әлемді 18 мың құп аламын.

Жаратып тәрбиелеуші Раббыны,

Білуі – айын парыз әр пенденің.

күрмек: –  О, Сәке,

кей сөзіңе түсінбедім,

Қазақша айтып берші не дегенің.

Оқуды тәмамдаған ғалымдарша,

Ірілеп кеттің білем сенің өзің.

Салман: – Алланың міндеттейтін

әрбір ісі,

Біліп қой парыздардың айын түрі,

Әлімсақ құранда бар араптардың,

Кемелге жетті, толды деген сөзі.

күрмек: –  Рахмет, Сәке,

берген түсінігіңе,

Көшейік әңгіменің негізіне.

Күрмекті Сыр күріштен теріп алып,

Қорлауды Құран кәрім

жөн көре ме?

Салман: – Күрмек пен Сыр күріші

тең келе ме,

Жоқ, әлде бір-бірінен кем келе ме?

Әділін жөн білетін өзің айтшы,

Термесек тұқым күріш

жөнделе ме?

күрмек: – Қорлыққа құран не дейді

деген едім,

Құранға әр уақытта тұрар кеулім.

Тиісті жауап беру орынына,

Сұрадың күріш-күрмек

артық кемін.

Салман: – Күрмекті теру оны

қорлау емес,

Әншейін арадағы жүрген егес.

Құранда зияндыдан құтыл дейді,

Зардабын көрмей тұрып

белес-белес.

күрмек: – Бір сөзің бір сөзіңнен

асты-ау сенің,

Зияным анау айтқан жоқ қой менің.

Ортанды шайқап, толың төгіп,

Жүргенді көрдің бе сен,

айтшы озің.

Салман: – Күріштің пайдасы

бар халқымызға,

Ішіп-жеп сата-тұғын ептеп пұлға.

Күрмекті малдарымыз амалсыздан,

Самарқау тұрып-тұрып

жейді зорға.

күрмек: – Аспаннан түскенім жоқ,

сепкен де жоқ,

Ойлансаң, егіншіге пайдам да көп.

Тиісті шараларын атқарсаңдар,

Күріште сен өсірген

шаруам да жоқ.

Салман: – Колхозым білімі бар

маманға бай,

Техника, күш-көлігі сақадай сай.

Пайдаңның сенің бізге керегі жоқ,

Қараңды көрсетпе сен

бас қатырмай.

күрмек: – Жеріңді айдамайсың,

тыңайтпайсың,

Құр бекер «өнім бер»

деп азаптайсың.

Шықсам да өзің сепкен

тұқымыңнан,

Сен мені теріп алып азаптайсың.

Салман: – Тек қана азаптау ма

керек десең,

Ең күшті, улы газды дәрі себем.

Әрі кең әрі терең шұңқыр қазып,

Ішіне сені тастап қалың көмем.

күрмек: – Сөзіме Салман

менің түсінбедің,

Білдіріп біліміңнің төмендігін.

Күрмекпен күресудің мықты жолы,

Теру де, дәрі де емес соны білгін.

Салман: – Айта ғой мұның жолын

білер болсаң,

Көрейік пайдаланып оған бұдан.

Сөзіңнің бір тиынға керегі жоқ,

Бұрынғы әуеніңе қайта барсаң.

күрмек: – Жеріңді екі айда

әр маусымда,

Ірі мал көңін таста жазда, қыста.

Сөйтіп шыққан тұқымнан

еш күрмексіз,

Сыр маржаны шығады

сол қалпында.

Салман: – Сөзіңнің мына айтқан

бәрі дұрыс,

Біз үшін игілікті ізгі жұмыс.

Ауданда бар болғаны екі ДТ,

Екі рет қалай жерді біз айдаймыз?

күрмек: – Ойластыр, құтыл мына

азабыңнан,

Халыққа обал болды сөзге илан.

Мен айтқан кеңестерді орындасаң,

Бір күрмек таба алмайсың

аңызыңнан.

Салман: – Сен қайдан халық қамын

соға қалдың,

Жүргенде арасында бар мен

жоқтың.

Тұқымның азғынынан шығып

жүріп,

Кімдерге салауатты пір болмақсың.

күрмек: – Ол рас, азған тұқым

шыққан жерім,

Әлемнің 18 мың мен бірімін.

Е, Сәке, асқақтамай ақырын айт,

Отырған сенің елің менің де елім.

Салман: – Сөзімнің қатесі жоқ

біле білсең,

Қайтып ал бергеніңді артық көрсең.

Елімнің азаматы боласың сен,

Өзіңе лайықты жолмен жүрсең.

күрмек: – Ешқашан жолымнан

мен адаспаймын,

Адасқан адамдарды жаратпаймын.

Елім мен жерім үшін әрқашанда,

Мен – өзім, сен – бөгде

деп санаспаймын.

Салман: – Қалайша елім дейсің,

жерім дейсің,

Күріштің суын ішіп өзін жейсің.

Сондықтан бұл сөзіңнің реті жоқ,

Әншейін мүләйімсіп айтып жүрсің.

күрмек: – Ойпырмай,

қалай айтып сендіремін,

Алалау болмас жағын жөн көремін.

Ағайын ала болса аузындағы,

Кетеді деген сөз бар, мен білемін.

Салман: – Алалау болған емес

біздің елде,

Онан да өз жөніңді өзің жөнде.

Бір сөзге бөлектеніп шыға келдің,

Жасаған жағдайымыз саған кем бе?

күрмек: – Әртүрлі сөз ұштығын

көрсетесің,

Сонымен, байқауымша, кемсінесің.

Қайтейін, қолдан келер

еш шара жоқ,

Жазасын Жаратушы өзі берсін.

Салман: – Қай сөзім саған менің

артық болды,

Айтыста елемейді оңды-солды.

Жазасын Жаратқанға сілтегенің,

Қалай да ойланып көр,

болмас оңды.

күрмек: – Раббым қандай жаза

беретінін,

Сөзіміз бітпей жатып қайдан

білдің?

Сезікті секіреді дегендей-ақ,

Нақ өзі емессің бе сезіктінің?

Салман: – Екеуміз біраз жерге

сөзбен бардық,

Түйінін мәселенің шешіп алдық.

Колхоздың бастығына жеткізермін,

Айтысты осыменен доғаралық.

***

Бастыққа ертеңіне ерте келдім,

Шамалы жұмысым бар сізде дедім.

«Сөзқолқа салғаннан соң

күрмек маған,

Айтысып оныменен біраз көрдім.

Келтірген не бір мәнді теңгермелі,

Сезіме күрмек, шіркін, дес бермеді.

 Күрмектің өнуіне біз кінәлі,

Сондықтан жеңуіме күш жетпеді.

Жеріміз тыңаймайды, айдалмайды,

Сондықтан күріш тұқым

азғындайды.

Күрмекті екпесек те, сеппесек те,

Күрішпен бірге өсіп,

жалтылдайды.

Сол үшін жерімізді екі айдайық,

Екі рет маусымына көң тастайық.

Атқарып тағы басқа шараларды,

Құнарын жеріміздің арттырайық.

Сөйтіп біз күрмек теру азабынан,

Оп-оңай бар халықты құтқарайық».

Бұл үзінділер Салман Әбдірайым­ұлының өлең әлемінен біршама хабары бар жан екенін аңғартады. Себебі, кей тұста ұйқас жағынан сәл кемшіндеу түсіп жатқанымен, не басы артық сөз, артық әңгіме кездеспейді, кей тұста, тіпті ол шеберлігі кемел ақындарша көсіледі.Тіпті, буын санының артуы, не кем тусуін де кездестірмейсіз.

«Күрмекті Сыр күріштен

теріп алып,

Қорлауды Құран кәрім жөн көре ме?» – деген және

«Әділін жөн білетін өзің айтшы,

Термесек тұқым күріш жөнделе ме?» деген тармақтар мен

Күрмекті теру – оны қорлау емес,

Әншейін арадағы жүрген егес.

Құранда зияндыдан құтыл дейді,

Зардабын көрмей тұрып белес-белес» деген шумақтар біздің әлгі пікірімізге толық дәлел бола алады. Міне, осылайша жалғасқан айтыс бас­шы­лардың қырсыздығын, елдің жағ­дайын мөлдірете жайып салады және жалқаулық, еріншектік, сын найза­сына ілінеді. Тіпті, Салманның шын­дықты жеткізудегі тапқан тәсілі, көркем шешімі деп қарауға тұрарлық бұл шығарманың тәрбиелік те, тағы­лымдық мәні зор. Айтыста мәтін астарында көптеген жайттар, мәселен, елдің алауыздығы, адамдардың іштар­лығы, ағайын арасындағы араздық, алауыздық деген мәселелер де айтылып кетеді.

Көріп отырғанымыздай, бұл айтысты бас-аяғы бүтін, айтпақ ойы, идеясы бар,  кезең,  уақыт шындығын айтқан шығарма деп бағалауға толық құқығымыз бар. Салманның күрмек­пен айтысы – автордың өзі сөз басында айтып өткеніндей,  нақты оқиғаға сай өмірге келген шығарма. Мұнда теңеу, мақал-мәтел және т.с.с. көркемдегіш-бейнелегіш құралдар көп кездеспейді. Бірақ, солай бола тұра шығарма оқыр­манды өзіне еріксіз баурайды, қызықтырады.

Мәтінде Құран, Раббым, Жаратқан сөздерінің араласа жүруі, айтыстың шариғатқа қатысты тұстарға баруы Салман  Әбдірәйімұлының ешкімнен тайсалмай батыл айта алған жан екенін көрсетумен қатар, оның елге аса сыйлы, қадірлі адам болғанын да аңғартады. Осындай сөздерді айта отырып, оның Кеңес билігінің жазасынан аман қалуы бізді ойландырады.

«…Сыр өңірінде дамыған суырып-салма-импровизаторлық айтыс өнері бір кездегі өзінің бұлақ бастауларынан ажырап қалып, арада ұзақ уақыт өткенде ескі өрнектің үлгісімен қайта қауышқанда, көптеген сипаттарынан көз жазып қалған еді…» деп жазады белгілі фольклорист-ғалым, жырау Берік Жүсіпов. Иә, бұл – шындық. Ал, жоғарыдағы біз әңгімелеп отыр­ған Салманның күрмекпен айтысы сол ескі өрнектің заман бедерінде бір көрінуі,  уақыт, қоғам, саясат құрды­мына жұтылмай, сақталып қалған си­пат­тарының бірі екені дау тудырмайды.

Айтыстардың негізгі тақырыбы – ел ішіндегі әлеуметтік жағдайлар, тартыстар, адамдар арасындағы қаты­настар, өмірдегі жетістіктер мен кем­ші­ліктер, замана өзгерістері, бейбіт­шілік, гуманизм, экология мәселелері. Өмірдің барлық саласы сөз болады, себебі, халық тұрмысының шындығын бейнелеуші өнер екені хақ. Тапқыр, бұлтартпас уәж, қисынды аталы сөз түйіні ретінде ұтқыр ой мен сөз тара­зыға тартылады. Мұның барлығы да аса тапқырлық пен қалт жібермес алғыр­лықты, қиыннан қиыстыратын асқан шеберлікті  талап етеді. 

Қазақ елі айтысқа ерте кезден-ақ кәрі-жас, ер-әйел демей, бүкіл жұртшылық болып қатысқан. Қоғам, ел өміріндегі кемшіліктерді сынауда тірі мен өлі айтысының рөлі жоғары болғаны анық. Міне, осы тұрғыдан келер болсақ, Салман Әбдірәйімұлы мен күрмектің айтысы жоғарыдағы талаптарға толық жауап береді.

Енді осы тұста Салман Әбдірәйім­ұлы туралы толығырақ айта өту қажет сияқты. Себебі, оны қалың көпшілік қазір біле бермейді. Ол 1887 жылы қазіргі Жалағаш ауданы аумағында өмірге келіп, 1953 жылы өмірден озған. Бейіті осы ауданның Қараой деген жерінде. Қараой – бұрынғы ұжым­шар орталығы, Жалағаштан Таң ауылына шығар жолда. Қазір бұл ауылдың жұрты ғана қалып, жапан түзге айнал­ған. Шаруа адам болғанмен, өте қайратты, тұстастары «Чапай» атап кетеді. Кейінгі көзкөргендердің айтуына қарағанда бұлайша атау оның қайраттылығымен қоса, турашыл­ды­ғына, өтірікке, жалғанға төзбейтін адалдығына байланысты болса керек. 

Ол туралы Сыр өңіріне белгілі ұстаз Шәһәбадин Сүлейменұлы: «Салманды мен жас кезімде көрдім. Арасында кейбір сөздерді ұйқасына келтіріп өлеңдететін. «Біржан мен Сара айтысын» түгелдей дерлік жатқа айтатын. Жалпы ол кісінің өлеңге, оның ішінде айтысқа деген бейімі жақсы еді. Маған жезде болып келетін» деп көрсетеді. Жалпы біздің қолымызға тиген Салманның күрмекпен айтысы – осы Шәһәбадин Сүлейменұлының жеке мұрағатынан алынған.

Салман ауылда диқан, соғыс ке­зінде жас ұлғайғанына қарамастан, қырманда күзетші болып еңбек етті. Ел шықпа жаным шықпамен әзер күнелтіп отырған тұс. Барлық тапқан-таянғанын майданға көмек ретінде жіберіп отырған елде не күй болсын, көңіл жабығыңқы. Бүкіл салмақ әйелдерге, балаларға, қарияларға түскен сол жылдары Салман ақсақалдың бір балдызы, бәлкім, жезде деп қалжыңдағаны болар, бәлкім, кесірлігі ме, кім білген, түнде көлік ретінде колхоз жұмысына мінетін есегін босатып, қырманға қарай қоя берген екен. Ол кезде қырманда қандай қоршау бар дейсің, жан-жағы ашық болған ғой. Әлгі есек келіп, қырмандағы астыққа тиіспей ме? Күзетші оны қуалап жүріп ұстап алып, балдызына бірнеше рет әкеп беріп, есекке ие болуды қатаң тапсырады. Алайда, одан нәтиже шыға қоймайды. Сондай оқиға тағы бір рет қайталанғанда, есекті ұстап топ адамның ортасында тұрған балдызына әкеп беріп, ренішін білдіреді. Анау «Күзетші емессің бе, қырманға қарамай не бітіресің?» деп өзіне дүрсе қоя беріпті. Сонда табан астында суырып алып:

Байласай қара есекті қарындасым,

Құрыды-ау қууменен жарым

жасым.

Әкеңе ас беруге жарамайды

Семіртіп қара есекті не қыласың, – деп өлеңдетіп жіберіпті. Содан есектің қырманға түсуі кілт тыйылған екен. Бұл дерек те Салман Әбдірәйімұлының өлең өнеріне жақын болғанының бір айғағы екені анық.

Оның бірінші алған әйелінен бала болмай жасы 40-тан асып кеткен шағында әйелі: «Оу, Сәке, жас болса біршамаға келіп қалды, ұрпақсыз барамыз, мен обалыңа қалмайын, қаласаң менің бір жақын сіңілім бар, соны саған қоссам деймін. Алла берсе, перзент сүйерміз» депті. Міне, осылайша екінші мәрте үйленеді. Осы некеден ол 5 перзент көреді. Үлкені жас кезінде шетінеп кетеді, Сәпила, Әбутәліп, Рахымбек, Раушанбектен та­раған ұрпақ қазір Қызылорда, Түр­кістан облыстарында ғұмыр кешуде. Әбутәліп, Рахымбек, Раушанбек есімдері өнерсүйер қауымға белгілі, үшеуі де музыка мамандары, ұстаздар. Әбутәліп пен Раушанбек – тек Алматы, Ташкент сахналарында ғана емес Москва үлкен театры сахнасында да, шетелдерде де қос дауыспен ән салған өнерпаздар. 1960-70 жылдардағы «Сыр сұлуы» ансамблінің мүшелері. Ал, Рахымбек ақсақалға әкесі Салман­ның өнері дарып, музыкамен қатар поэзияға да қалам тартып келеді.

…Ер едің абыройлы жұрт сыйлаған,

Ақындық қабілетіңді ел таныған.

Тәнті болып тағы да қайратыңа

Сүйсініп «ер Чапайым» деп атаған

Қариялар айтушы еді көзді көрген,

Деп әкең қандай болды сені көрген.

Ардақтап әке атын қастерлеп жүр

Риза боп, Аллаға да сені берген.

Келгенше қырық жасқа

бала көрмей,

Қамығып көп жылапты,

жасы селдей.

Құдайдан «Ұл бермесең,

қызды бер» деп

Жүріпті тілеуменен ісі өнбей.

Сұрапты Тәңіріден қызды бер деп

Қимасаң екі айдан соң оны ал деп

Атын атап, бейітіне белгі қойып,

Бағыштап, барып тұрсам

сол болар деп

Тәңірім көздің жасын көрген екен,

Ойындағы сұрағанын берген екен.

Дүниеге Сәпия атты бір қыз келіп,

Өмірі екі ай тұрып, өлген екен… – деп келетін Рахымбек Салманұлының «Әке туралы толғау» атты ұзақ жыры да Салман Әбдірайымұлының қандай жан болғанынан хабар бергендей.

Сонымен, ойымызды түйіндей ай­­тар болсақ, Салманның күрмекпен ай­ты­сы жас ұрпақты еңбек тәрбие­сін қалыптастыруға, адамдардың өзін-өзі жетілдіруге, өмірлік тәжірибе жи­науға үндейтін құнды еңбек екені хақ. Көріп отырғанымыздай, бұл – ойы анық, айтпағы айқын, көркемдік талаптарға толық жауап беретін шығарма. Бұ­рынғы айтыс өнерінің бір түрі – тірі мен өлі айтысы Салманның ақындық қуаты кемел шығармашыл тұлға екені де дау тудырмайды деген пікірімізге тиянақ болар ақиқат. Біздің ойымызша Салманның күрмекпен айтысы өз зерттеушісін күтуде. Өйткені бұл  – тек айтыс өнерінің бір түрі ғана емес, өлке әдебиетінің құнды мұраларының да бірі.

Алдажар ӘБІЛОВ,

филология ғылымдарының кандидаты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<