Құрылтай

Туған жерді тану – отансүйгіштіктің негізі

9

0

«Шын мәнінде, отансүйгіштік – құрғақ ұран мен бос сөз емес. Отансүйгіштік – туған елге, атамекенге деген сүйіспеншілік. Ол ең алдымен туған жердің табиғатын, тарихы мен мәдениетін, әдет-ғұрпын терең білуден басталады», деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы атап өткен­дей, шынайы патриотизм құр сөзден емес, туған өлкеңді, оның табиғи байлығы мен географиялық ерекше­лігін терең түсінуден бастау алады. Осы орайда, ҚР Оқу-ағарту ми­нистр­лігі тарапынан биыл қабыл­данған шешімдер мектептегі білім сапасын арттырудағы елеулі бет­бұрыс болды. Әсіресе, 8 және 9-сы­ныптарда «Қазақстан географиясы» курсын толыққанды меңгеру үшін аптасына 2 сағат бөлініп, барлық қа­жетті жағдайдың жасалуы – оқу бағдарламасын тереңдетіп оқытуға жол ашқан стратегиялық қадам.

Бұл – сағат санын ғана көбейту емес, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына ұлттық сана-сезім, отансүй­гіштік пен экологиялық жауапкер­шілікті дарытудың нақты құралы. Мен пән мұғалімі ретінде бұл жа­ңашылдықты өте уақытылы әрі ор­нықты бастама деп білемін. Өйткені өз елінің картасын, ресурс­тарын, экономикалық әлеуетін біл­мейтін азаматтан туған жерге деген жан­а­шырлық күту мүмкін емес. Ұлттық сәйкестік пен елге деген құрмет 8-9-сынып оқушылары – өз дүние­танымын қалыптастырып, азамат­тық ұстанымын айқындайтын жас­та. Нақты кезеңде «Қазақстан гео­гра­­фиясы» пәніне аптасына 2 сағат бөлінуі оқушыларға материал­ды асықпай, сапалы сіңіруге мүмкін­дік береді.

Оқу-ағарту министрлігі тара­пы­нан жасалған бұл жағдай – география мұғалімдері үшін үлкен мүмкіндік әрі зор жауапкершілік. Басты мақ­сатымыз – оқушыға құрғақ факті­лерді беру емес, туған жерінің әрбір тасын, әрбір өзенін бағалайтын, елі­нің дамуына үлес қосуға дайын са­налы да азат ойлы ұрпақ тәрбиелеу. Қазақстанның әрбір шаршы метрі – біздің ортақ үйіміз, ал оны танып-білу – өсіп келе жатқан әрбір өреннің парызы.

Алтынбек ҚЫСТАУБАЕВ,

Жамбыл атындағы №120 орта мектебінің

география пәні мұғалімі.

Қызылорда қаласы.