7 айда 90 бала жол апатынан көз жұмды – ҚР ІІМ

394

0


Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 1860 бала жарақат алып, 90 бала қаза тапқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев мәлім етті. «Балалардың жолаушы ғана емес, жаяу жүргінші екенін де ескеру қажет.

Бұл ретте жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жолды белгіленбеген жерден кесіп өту, бағдаршамның «қызыл» түсіне өту, жақындап қалған көліктің алдынан кесіп өту сияқты әрекеттер. Мысалы, кәмелетке толмағандардың кінәсінен биылғы 7 айда 60-тан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 5 бала қаза болды, 70 жасөспірім түрлі жарақат алған», – деді комитет басшысының орынбасары ІІМ ақпарат алаңында.

Оның айтуынша, жыл басынан бері республика жолдарында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 1 621 жол-көлік оқиғасы тіркелген (+33%). Салдарынан 90 жасөспірім қаза болып (+18%), 1 860 бала жарақат алған (+37%). «Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғасының саны 15%, қаза болғандардың саны 18% және жарақат алғандардың саны 16% өсті. Зардап шеккен балалардың жартысынан көбі –жолаушылар. Демек, көп жағдайда ересектер балаларды көлікпен алып жүрудің ережесін жиі бұзады – балаларды арнайы ұстау құралынсыз немесе белдікті бекітпей тасымалдаған», – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<