Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту және туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Арал теңізінің экологиялық мәселесін шешу тек өңір үшін ғана емес, халықаралық қауымдастық үшін де маңызды міндеттердің біріне айналып отыр. Соңғы жылдары теңіз тағдырына әлемдік ұйымдар, халықаралық қаржы институттары мен шетелдік серіктестердің қызығушылығы айтарлықтай артқан. Осыған байланысты ауданға бірнеше мәрте Үкімет мүшелері, халықаралық банктер мен қорлардың өкілдері, шетелдік елшілер келіп, экологиялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Олар Арал өңірінің табиғи ортасын қалпына келтіруге бағытталған бастамаларды қолдап, жаңа жобаларды қаржыландыруға қызығушылық танытып отыр.
– Экологиялық бастамалармен қатар Арал ауданында туризм саласын дамытуға ерекше басымдық берілуде. Бүгінде өңір Орта Азиядағы алғашқы «Geopark Aral» туристік орталығының ашылуымен халықаралық деңгейдегі жаңа даму кезеңіне қадам басты. Бұл жоба қарапайым туристік нысан емес. Ол Арал өңірінің табиғи, тарихи, геологиялық және мәдени мұрасын сақтап, әлемге танытуға бағытталған кешенді бастама болып саналады. Сонымен қатар экотуризмді дамытуға, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға мүмкіндік береді, – деді аудан әкімі.
Қазіргі таңда «Geopark Aral» ЮНЕСКО-ның Жаһандық геопарктер желісіне қосылуға үміткер ретінде қарастырылып отыр. Жақында халықаралық сарапшылар геопарк аумағында арнайы бағалау жұмыстарын жүргізіп, жобаның әлеуетіне жан-жақты талдау жасады. Алдағы уақытта ЮНЕСКО тарапынан түпкілікті шешім қабылданады.
– Егер жоба халықаралық геопарктер желісіне енсе, өңірдегі бес туристік нысанды халықаралық талаптарға сай дамытуға және шетелдік қорлар арқылы қосымша инвестиция тартуға жол ашылады. Бұл өз кезегінде Аралдың туристік тартымдылығын арттырып, өңір экономикасына тың серпін береді. Туризм саласындағы көрсеткіштер де оң динамиканы көрсетіп отыр. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында ауданға 4 мың 800-ден астам отандық турист келсе, шетелден келген саяхатшылар саны 300-ден асты. Бұл Аралға деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын аңғартады, – деді Аманжол Сақыпұлы.
Баспасөз конференциясында аудан әкімі экологиялық бастамалар мен туризмді дамыту өзара сабақтас бағыттар екенін атап өтті.
– Аралдың табиғи және тарихи мұрасын сақтай отырып, оны халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналдыру біздің басты мақсатымыздың бірі. «Geopark Aral» жобасы арқылы өңірдің әлеуетін әлемге танытып, ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер желісіне қосылуға күш салып келеміз. Бұл бастама халықаралық инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасын дамытуға зор мүмкіндік береді, – деді Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі






