Жыл басынан бері облыста «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 14 486 жаңа жұмыс орны құрылып, жоспардың 55 пайызы орындалды. Нәтижесінде Қызылорда облысы бұл көрсеткіш бойынша республикада екінші орынға тұрақтады. Ашылған жұмыс орындары электронды еңбек шарттары мен міндетті зейнетақы аударымдары арқылы расталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар Дәулетбаева мәлімдеді. Брифингте халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау және мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қызметтердің жай-күйі баяндалды.
Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде бос жұмыс орындарына орналасу, субсидияланған жұмыс орындарын ашу және жеке бастамаларды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздан 4,5 пайызға дейін төмендеп, республикалық көрсеткішпен теңесті.
– Биыл 50 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 4 761 вакансия ұсынылды. Мыңнан астам азамат тұрақты және уақытша жұмысқа жолдама алды. Сонымен қатар «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 3 852 адам кәсіпкерлік негіздерін меңгерсе, 17 мыңнан астам тұрғын электронды еңбек биржасы арқылы онлайн оқудан өтті. Өңіраралық еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Enbek Hub – Qyzylorda» жәрмеңкесінде 10 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылып, 200-ден астам азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жолданды. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарымен еңбек ресурстарын алмасу жөніндегі меморандумдарға қол қойылды, – деді Жанар Жұмабекқызы.
Брифинг барысында мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бүгінде облыста 34,8 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Оларды оңалтудың жеке бағдарламаларын іске асыруға биыл 6,9 млрд теңге бөлініп, 28 мыңнан астам азамат техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар инфрақұрылымдық нысандарды бейімдеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде.
Аз қамтылған тұрғындарды қолдау бағытында да кешенді шаралар қабылдануда. Жыл басынан бері 3 438 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленіп, мыңдаған отбасы тұрғын үй көмегі мен жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік төлемдер алды. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында 2 мыңнан астам адам қызмет алуда.
Басқарма басшысының міндетін атқарушы Жанар Дәулетбаеваның айтуынша, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шаралары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
– Біздің басты мақсатымыз халықты тұрақты жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейін төмендету және әлеуметтік қолдауды нақты мұқтаж азаматтарға тиімді жеткізу. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын одан әрі жақсарту жұмыстары жалғасады, – деді спикер.
Биыл өңірде жұмыспен қамту жол картасының барлық индикаторларын орындау, жұмыссыздық деңгейін 4,6 пайыздан асырмау, әлеуметтік төлемдердің уақытылы берілуін қамтамасыз ету және арнаулы әлеуметтік қызметтерді жетілдіру негізгі міндеттердің бірі болып қала береді.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі






