Abai әдеби-танымдық энциклопедиясы гран-при иеленді

634

0

Өткен аптада елорданың EXPO орталығында бес күн бойы «Eurasian Book Fair-2023» VI Еуразиялық халықаралық кітап жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Көрмеге Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қытайдан 70-тен астам баспалар, кітап дүкендері, ғылыми-білім беру ұйымдары мен полиграфиялық кәсіпорындар қатысты.

Жәрмеңкенің басты мақсаты – кітап оқуды кеңінен насихаттау, қатысушы елдердің әдеби мұрасын қолдау, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, әлеуетті оқырмандар мен сатып алушыларға жетекші баспалардың заманауи кітап өнімдерінің ассортиментін, кітап шығару саласындағы жаңа технологияларды және полиграфия, әлемдік кітап баспасы мен баспасының, түрлі халықтардың тәжірибесін зерделеу, ұлттық әдебиеттермен таныстыру, достық пен өзара ынтымақтастықты нығайту, байланыс орнату.

Abai әдеби-танымдық энциклопедиясы гран при иеленді

Көрме барысында үздік оқулық; үздік өлкетану басылымы; балаларға арналған кітап; мәдениет пен өнер; ғылым мен инновация секілді 6 номинация бойынша «Жылдың ең үздік кітабы» анықталған болатын. Марапаттың құрметтісі әрі бас жүлдені ARMAN-PV баспасы иеленді. Бұл олардың екінші бас жүлдесі. Естеріңізде болса, былтыр қараша айында Алматы қаласында өткен Х Халықаралық Ұлы жібек жолы атты көрмесінде де баспа гран-приді қанжығасына байлаған. Бас шығарма – «ABAI» әдеби-танымдық энциклопедиясы. 2022 жылы үш тілде шыққан басылым ұлы ақын Абайдың шығармашылығы мен өміріндегі нақты деректерді қамтыған.

«Abai» әдеби-танымдық энциклопедиясы – еліміздегі ақын өмірі және шығармашылығымен таныстыратын 3D форматы арқылы ұсынылған бірегей кітап. Абай туралы энциклопедия шығару баспаның бас директоры Алина Дидара Солтан-Махмұдқызының бастамасымен қолға алынған.

Баспамыз мектепке арналған «Абайтану» оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін ұзақ жылдан бері шығарып келеміз, енді хакім туралы энциклопедия шығармасақ, бізге үлкен сын ғой» деген баспа директоры Алина Дидара Солтан-Махмұдқызының бастамасымен Абай туралы энциклопедия шығаруды қолға алдық. Ақылдаса келе, кітаптың еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін оқуына түсінікті әрі қызықты болуын қаладық. Сөйтіп, хакімнің бүкіл өмірбаянын толық қамтып, әр тақырып қосарбеттен (разворот) тұратын болды. Ал қосарбеттің ортасында үлкен суретті QR код арқылы жан бітіп, видеоға айналады. Видеоның мазмұнын диктор оқиды немесе ән шырқалады. Осы арқылы қалың оқырманға ұлы ақынның шығармаларын оқи түсуіне жол ашады деп сенеміз.

Көрмеге де, бәйгенің алты номинациясына да қатыстық. Нәтижесі, жаман емес. Сондықтан екі номинация бойынша жүлделі орын иеленсек, біреуінен ІІІ дәрежелі диплом алдық. Бұл – Назифа Закирова деген авторымыздың «Физикадан есептер шығарып үйренеміз» атты есептер жинағы. Оған қоса, басылым мемлекеттік білім беру стандартына және оқу бағдарламасының мазмұнына сәйкес жазылған деп тапты, – дейді ARMAN-PV баспасының бас редакторы Айгүл Бекболатова.

Abai әдеби-танымдық энциклопедиясы гран при иеленді

Сонымен бірге, осы баспада «Ғылым таппай мақтанба» атты Абайдың үш томдық шығармалар жинағы мен «Еліктірер ертегілер» деген екі кітаптан тұратын ертегілер және қазақ, шетел жазушыларының туындылары енгізілген жинақ шықты.

Айгүл Нұрмұқашқызының айтуынша, 2021 жылдан бастап баспа жалпы білім беретін мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарға арналған электронды оқулықтарды басып шығарады. Қазір білім беру ұйымдарында Ekitap.kz баспасының онлайн платформасы қолданылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<