Абай тағылымынан тамыр тартқан

863

0

Ұлы Абайдың әр өлеңі мен қара сөзі – адамзат үшін құнын жоғалтпайтын қазына. Уақыт өткен сайын ақын айтқан әр ойдың астарында терең мән барын түсініп, адамгершілік пен имандылықтың, биік парасаттың асыл  кеніне кенеле түсесіз. «Қазақстан корейлер қауымдастығы» облыстық бірлестігінің белсендісі, «Абай қазынасына саяхат» клубының жетекшісі Елена Пак ақынның әрбір сөзі тұлға болып қалыптасуына ықпал еткенін айтады.

Корей ұлтынан болса да, жаны қазақ Елена – болашақ тіл маманы. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде филология факультетінің 4-курсында білім алуда. Қазақ тіліне жетік жас түрлі байқауларда топ жарған. Абайдың 200-ге жуық өлеңі мен бір поэмасын жатқа айтатын талапты бойжеткеннің бұл өнеріне сүйсінбейтін жан жоқ. Зерек қыз тіл білімінің қыр-сырына қанығып, болашағын осы мамандықпен ұштастырған. Әрбір тілді жете зерттей білсең, сол ұлттың бүкіл болмыс-бітімін зерделеуге әбден болатынын айтады.

Сонау 1938 жылы тарихи отанынан қуғын-сүргінге ұшыраған корей халқы Сырдың шежірелі Шиелі мекеніне жер аударылады.  Қадым заманнан қанымызға сіңген қалпымызды сақтап, тағдыр жазуымен біздің жерге келген талай жан кеңпейіл ниетіміздің шуағынан қуат алды. Қазір егемен еліміздің еңсесін тіктетуге олар да бізбен бірге хал-қадірінше үлесін қосып келеді. Жергілікті халықтың тілі мен ділін бойына сіңіріп, олармен туыс-бауыр секілді етене араласып кетті.

Оның ішінде Еленаның атасы Виталий Пак пен әжесі Лян Светлана да бар еді. Кезінде «Ақмая» шаруашылығында атасы механизатор болса, әжесі ауылдық әкімшілікте есепші болып еңбек еткен. Қазірде бейнетті жылдардың жемісін татуда. Ал ата-анасы «Ақмая» жеке шаруашылығын дөңгелентіп отыр. Өзінен кейін інісі Виталий Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде экономист мамандығын игеруде. Кенже сіңлісі Мария – 5-сынып оқушысы.

– Біз бала кезімізден қазақтың ортасында өскендіктен, олармен біте қайнасып кеткенбіз. Салт-дәстүріміздің көбі ұқсас. Мысалы, бала туғаннан бастап, үлкен өмірге қадам басқанына дейін жасалатын рәсімдер бізде де бар. Айталық, баланың бір жасы міндетті түрде тойланады. Бұл тұсау кесу дәстүріне келеді. Көп ретте менің қазақ тілін білуім өзіме пайдасын тигізеді.  Достық пен бірлік ұлт таңдамайды. Қасиетті Сыр елінде туғаныма, осы жерде білім алып, өсіп келе жатқаныма ризамын. Қазақ халқының дархандығы мен кеңпейіліне қашанда қарыздармыз, – дейді зерек қыз.

Бет қатталып жатқанда біз Еленаның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына Сыр елінің атынан барған делегация құрамында екенін білдік. Елорда төріне жол тартқан талапты бойжеткенге ақ жол, сәт-сапар тіледік!

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<