Абырой биігіндегі ару

461

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Әдетте, әскери қызметкер десе көз алдымызға ер азаматтардың бейнесі келеді. Алайда, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен келген қасиетті жерді қорғауда қазақтың арулары да өз қажыр-қайратын аз жұмсаған жоқ.

Шекарасы бекіген қазіргі Тәуелсіз еліміздің тыныштығын сақтауда нәзік жандылардың зор үлесі бар. Солардың бірі – ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің әскери қызметші Толқынай Ізімбетова еліне адал қызмет етіп, шекара қорғауда қайсарлық танытып жүрген жанның бірі. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Толқынай Ізімбетова өз саласы жайлы БАҚ өкілдеріне сыр шертті.

– Мен Қызылорда облысының шекара қызметі департаментінде 2007 жылдан бері қызмет атқарамын. Бұл қызмет мен үшін үлкен абырой, зор мақтаныш. Менің бұл салаға келуіме өз ұстазым себеп болды. Сол жылы “Сыр сұңқары” деп аталатын әскери оркестрдің мүшесі болдым. Оркестрмен бірге Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, түрлі сайыстарда ән шырқадым. 2013 жылы қарулы күштер арасында өткен сұлулық сайысына қатысып, жеңімпаз болдым. Одан кейін Ресейде өткен халықаралық байқауға еліміздің атынан жалғыз өзім қатысып, лауреат атандым. Бұл менің еңбек жолымдағы ең үлкен жетістігім деп білемін. Бүгінде ата-бабамыздан мұра боп қалған кең байтақ жеріміздің шекарасын ерлермен бірге иық тіресіп, бір сапта күзетіп келемін. Мамандығыммен мақтанамын. Сөзімді қорытындылай келе, барлық қыз-келіншектерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елімізге амандық, жұртымызға тыныштық тілеймін, – деді Толқынай Маратқызы.

Мөлдір Сағынбаева,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

4-курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<