Әрбір мәселе заң аясында шешіледі

383

0

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов Жалағаш және Сырдария ауданы әкімдіктерінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және басқа да мәселелер бойынша тұрғындарға қоғамдық қабылдау өткізді.

Қабылдау барысында ішкі істер саласының ардагері Бейбітжан Шаханов ауылдардың учаскелік полиция инспекторларын тұрғын үймен және қызметтік автокөлікпен қамтамасыз ету, Таң ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Жалғас Өмірбаев ауыл тұсына жылдамдық өлшегіш камераларын және жылдамдықты шектейтін жол белгілерін орнату бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Сонымен қатар Аққыр ауылы бағытындағы автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауылдық клуб салу, мектептерге полиция инспекторы штатын қайтадан қарастыру, Ақсу ауылын газдандыру, Қаракеткен ауылындағы электр желілерін күрделі жөндеу туралы мәселелер көтерілді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Қожаниязов және аудан әкімі А.Есжанов, құқық қорғау органдарының басшылары барлық іс-шаралар заң аясында жүргізілетінін айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын ұсынып, құқықтық кеңестер айтылды.

Сондай-ақ, Сырдария ауданында тұрғындардың жеке әлеуметтік мәселелерімен қоса А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин, Шіркейлі, Аманкелді ауылдық округтеріндегі жер мәселесі және Шаған, Іңкәрдария ауылдарындағы ауызсу мәселелері сөз болды. Аудан көлемінде тұрғын үй құрылысын жүргізуді сұрағандар да болды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Қожаниязов, аудан әкімі М.Ергешбаев, құқық қорғау органдарының басшылары тарапынан тиісті қолданыстағы заңдылықтарға сай түсіндірме берілді. Әрбір мәселе бойынша жеке-жеке тоқталып, тиісті жазбаша жауап берілетіндігі айтылды.

Мұнан соң Серік Салауатұлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аудандық аурухананың жылу беру маусымына дайындық барысын және бу қазандықтарының жай-күйімен танысты.

Сырдария аудандық ауруханасын газдандыру мақсатында «AsiaStroy KZ» ЖШС-мен 59,4 млн теңгеге келісім-шарт жасалып, жоба бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Техникалық қадағалаушы – «Ақбозат LTD» ЖШС.

Аталған мекеменің бу қазандығы ендігі кезекте табиғи газбен жылытылатын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<