Айналады баладан!

897

0

Тәуелсіздік күні мерекесінде Сыр өңірінде 130 сәби дүниеге келді. 16-17 желтоқсан күні туған нәрестелердің ішінде егіз де,  үшем де бар. Қастерлі күнде өмірге келген бөбектерге «Сүйінші» сый қорабы табысталды. Қорапқа балаларға қажетті заттардан басқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау тілегі жазылған ашық хат, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» монетасы мен баланың туу туралы куәлігі салынған.

«Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін!»  деп жазылған Мемлекет басшысының құттықтауында.

Облыс орталығында дүниеге келген егіз бен үшемге «Сүйінші» сый қорабын қала әкімінің орынбасары Бектас Нұриддинов пен «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ облыстық филиалы директоры Айнұр Тобаева табыс етті. Филиал директоры нәрестелерге ізгі тілегін жолдап, олардың құжатын рәсімдеуге орталық мамандарының көмек көрсететінін жеткізді.

– «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы тарапынан нәрестелерге туу туралы куәлігі мен бір жасқа дейінгі жәрдемақы рәсімделеді. Біздің қызметкерлер барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, олардың құжаттарын рәсімдеуге көмек көрсетеді, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ облыстық филиалы директоры Айнұр Тобаева.

Айта кету керек, республика бойынша мереке күндері 2 мыңнан астам сәби өмірге келген. Жыл басынан бері 11 мың 378 бала дүниеге есігін ашыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 775-ке көп. Олардың ішінде 149 егіз бар.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<