«Алғабас» пен «Ақмаяға» газ келді

945

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың аудандарға жұмыс сапары жалғасуда. Аймақ басшысы Шиелі ауданында болып, тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ сапар барысында «Ақмая», «Алғабас» ауылдарын «көгілдір отынға» қосу салтанатты іс-шарасына қатысты.

Мемлекет басшысының Жарлығы аясында өңірлерде кездесу өткізіп жүрген аймақ басшысы Шиелі кентіндегі «Арман» мәдениет үйінде аудан халқымен жүздесті. Алдымен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, алдағы уақытта атқарылуы тиіс міндеттерді атап өтті. Аудан төңірегіне инфрақұрылым тарту және ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерге тоқталды.

– Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға жыл сайын облысқа 15 млрд теңге көлемінде қаржы бөліп келеді. Бұл аз қаржы емес, оны тиімді және мақсатты пайдалансақ, өрісімізді кеңейтуге мүмкіндік жеткілікті. Осындай қолдаудың арқасында мал басында өсім бар. Мәселен, Шиелі ауданында ет 101,7%, сүт 100,9%, мал басы 105%-тен 119%-ке дейін өсті. Ендігі кезекте мал шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар оны қалдықсыз өңдеуге мән береміз, – деді облыс әкімі.

Шиелі ауданында «Қазсушар» кәсіпорны теңгеріміндегі жалпы ұзындығы 83 шақырым болатын 6 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, 15 дана насос қондырғысы сатып алынған. Қосымша «Сайфурхан» каналына тазалау жұмыстары жүргізілуде. Ал инфрақұрылым мәселесі бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасымен қолға алынған «Шиелі-Жеміс-жидек» және «Шиелі-Қарғалы-Байкенже-Жаңақорған» автожолы бойындағы қос көпірді күрделі жөндеу жұмыстары биыл аяқталады. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауданға қарасты елді мекендердің 23 көшесін орташа жөндеу жұмыстары жыл аяғына дейін бітпек.

Кездесуде білім беру саласы мен бұқаралық спортты дамытудағы атқарылар жұмыстар да айтылды. Жоғарыда атап өткен, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында «Гигант» ауылындағы №148, «Ы.Жақаев» ауылындағы №149, Шиелі кентіндегі №45 мектептердің жылу қазандықтары қайта жаңғыртылады.

«Байсын» ауылында 250 орындық жаңа мектептің құрылысы басталмақ. Сондай-ақ кездесуде аймақ басшысы Бала би ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты, «Көкшоқы» ықшам ауданындағы спорт кешенінің ғимараты күрделі жөндеуден өтетінін айтты. Сондай-ақ жұмыссыздықтың алдын алу шаралары туралы тілге тиек етті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы аясында халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Оның өзегі – тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамту. Бұл бағытта өңірде 30 мыңнан астам, оның ішінде Шиеліде 3623 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Осы жылдың 5 айында ауданда 1300 жаңа жұмыс орны ашылды. Аймақтағы ірі кәсіпорындарда еңбек ететін жұмысшылардың әлеуметтік құқықтарының сақталуына кепілдік беретін 49 меморандумға қол қою жұмыстарын бастадық, – деді облыс әкімі.

Жиын соңында аймақ басшысы аудан тұрғындарының сауалдарына жауап беріп, кезектілік тәртібімен азаматтарды жеке қабылдау өткізді.

Аудандағы жұмыс сапары аясында облыс әкімі «Ақмая» және «Жуантөбе» ауылдық округтерінде болып, елді мекендерді «көгілдір отынға» қосу рәсіміне қатысты. Сондай-ақ Шиелі кентіндегі аудандық тарихи-өлкетану музейі жанынан ашылған кітапхана жұмысымен танысып, Бала би ауылындағы №10 жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді.

 Алдымен «Ақмая» ауылына аялдаған аймақ басшысы тұрғындарды құттықтап, халықтың тұрмысына қажетті ауызсу, газ тарту, жол салу мәселелерінің кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.

– Елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету қарқынды жүзеге асып, ауданның жаңа тынысы ашылып келеді. Соның дәлелі – биыл Шиелі кенті 100 процент газбен қамтылды. Ы.Жақаев, «Бидайкөл», «Байсын», Н.Бекежанов, Ш.Қодаманов елді мекенінің тұрғындары газ игілігін көруге мүмкіндік алды. Осындай нәтижелі жұмыстың арқасында аудан халқының әлеуметтік жағдайы жақсарып, тұрмысы түзелуде. Табиғи газ тіршілікті жеңілдетіп қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға, орман қорын сақтауға зор мүмкіндік береді. Сондықтан игілікті істің адамзат үшін пайдасы зор, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Бұған дейін ауыл халқы жыл сайынғы есепті кездесуде елді мекенді газдандыруды жиі көтеріп келген. Енді «Ақмая» ауылындағы 500-ге жуық тұрғын үй табиғи газбен қамтамасыз етілді. Айта кетейік, бұл мақсатқа республикалық, жергілікті бюджеттерден 460 млн теңге қаралған.

Ал «Жуантөбе» ауылдық округіне қарасты «Алғабас» ауылындағы 600-ге жуық үйді табиғи газбен қамтуға республикалық және жергілікті бюджеттен 488 млн теңге бөлінген. Салтанатты шараға қатысқан облыс басшысы ауыл халқының өмір сүру деңгейі қалалықтармен теңескеніне тоқталып, қуаныштарына ортақтасып, ақжарма тілегін жеткізді.

– Халық игілігі үшін атқарушы билік тарапынан жасалған бастама жемісін беріп отыр. Бұған дейін ауыл халқы жыл сайынғы есепті кездесулерде осы мәселені үздіксіз көтеріп келді. Міне, бүгін тұрғындардың үміті ақталды. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, енді міне, «Алғабас» ауылы да табиғи газбен қамтамасыз етілді. Бұл ауыл халқының өмір сүру деңгейі қалалықтармен теңесті деген сөз. Ендеше, көптен күткен қуаныштарыңыз құтты болсын, – деді құттықтауында облыс әкімі.

Айта кетейік, қос ауылдағы газ тарту жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме – «АЕS and Limited» ЖШС. Тағы бір қуанар жаңалық, алдағы уақытта Шиелі ауданына қарасты «Бестам», Досбол датқа, «Еңбекші», «Жиделіарық» елді мекендеріне газ құбырын жүргізуге қажетті бюджеттік өтінім тапсырылса, «Алмалы», Ә.Тәжібаев елді мекендеріне газ құбырын жүргізудің жоба-сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптамаға ұсынылған.

– Елді мекендегі ең көкейкесті мәселенің шешімі табылып, іске асқанына қуанып отырмын. Мемлекет қамқорлығы арқасында ауылымыз жыл сайын жаңарып келеді. Соның бір дәлелі ретінде «көгілдір отын» тартылып,  қуанышымыз еселеніп отыр. Бірлігінен шашау шықпаған, ынтымағы ыдырамаған, адал еңбек пен бірліктің арасында өсіп-өнген елміз. Лайым, осы алға басқан қадамымыздан сүрінбей, даму жолында  абыройымыз үстем болғай. Отанымыздың көркейіп, ел дәулеті тасып, берекеміз нығая берсін. Ел тізгінін ұстаған азаматтарға аналық алғысым шексіз, – деді «Жуантөбе» ауылдық огругі әйелдер кеңесінің төрайымы Айжамал Әбдіхамитқызы.

Айта кетейік, биыл ауылдық елді мекендерді газдандыру бойынша 13 жобаны іске асыру басталса, оның 7-і осы жылы аяқталады. Нәтижесінде 15 мыңнан астам халқы бар 7 елді мекен табиғи газға қол жеткізіп, оны тұтынатын халық санының үлесі 68 процентке жетпек. Бүгінде Шиелі ауданын табиғи газбен қамту үлесі 56,4 процентті құрап отыр.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<