Ана баласын коронавирус жұқтырғаннан кейін де, вакцина салдыртқаннан кейін де емізе алады

601

0

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары әйел COVID-19 жұқтырғаннан кейін де, коронавирусқа қарсы вакцина салдыртқаннан кейін де баласын емізуін жалғастыра алатынына сендіріп отыр. Себебі, ана сүтінде вирус табылмаған. Бұл туралы ҚазАқпарат БҰҰ Жаңалықтар сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұдан бөлек, ұйым мамандары ана сүтінің құрамында иммундаудан кейін керісінше, баланың вирусқа шалдығуынан қорғай алатын антиденелер анықталғанын атап өткен. ДДСҰ бала емізетін аналарды екпе салдыртып, бала емізуін жалғастыра беруге үндеп отыр. «Барлық үш баламды емізген әйел ретінде ана сүті, тіпті COVID-19 вирусын жұқтырған аналар сүті – нәрестелер үшін ең жақсы қорек көзі екенін айта аламын. Егер инфекцияға шалдыққан әйел тиісті сақтық шараларын қолданса, ол баласын емізуін жалғастыра бере алады», – дейді ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросының Елдік стратегиялар және денсаулық сақтау жүйелері бөлімінің директоры Наташа Аццопарди-Мускат.

Ұйым сарапшылары COVID-19 жұқтырған аналарға бала емізу кезінде маска тағып, баланы қолға алмас бұрын қолды жақсылап сабындап жууға, сондай-ақ жан-жақты тұрақты түрде дезинфециялауға кеңес береді. ДДСҰ-ның ішіне посткеңестік елдер кіріп отырған Еуропалық аумағында бала емізу көрсеткіші – әлемде ең төмен. Еуропада нәрестелердің небәрі 13 пайызы ғана алғашқы алты айында тек ана сүтімен қоректенеді. Бұдан басқа, аймақта вакциналаудың толық курсын ересек тұрғындардың тек үштен бір бөлігі ғана өткен.



 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<