Анаға құрмет – баршаға міндет

258

0

Фото автордан

Анаға құрмет ұлтымыздың өзіне жүктеген басты міндеттерінің бірі.

Қазақ аналары ел басына күн туғанда ер азаматтармен бірдей атқа қонған, туған жерді ерлермен бірдей қорғай білген.

Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының құндылықтары қыз баланың, ананың ешбір жағдайда қорғансыз қалмауын қамтамасыз еткен. Дана ата-бабаларымыз «Қыз ағасыз болмайды» деген мақалмен осы жауапкершілікті бір ауыз сөзбен жеткізген.

Сонымен қатар, халқымыз жетім мен жесірді жылатпауға тырысқан, керісінше оларға қолынан келгенше көмектескен және осы дәстүрді елдің ажырамас бір бөлігіне айналдырған.

Қазақ әйел затына ежелден төрден орын беріп, құрметтей білген. Себебі, әйел – Ана, әйел – дана, әйел – ақ шашты Әже.

Әсіресе, қыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Мәселен, ерте жастан жасына сай шаруаға араластыра бастаған. Отбасында анасына көмектесіп, кесте тігуді үйреніп, кілем тоқыған. Анасы мен жеңгесі қызға өз жасауын дайындауға көмектескен. Жанұясының еркесі болып өскен қыз бала тұрмыс құрғаннан кейін, анасының орнын кеңесші енесімен, ақылды абысынымен алмастырған. Келіндік рөлінің дұрыс, мақтаулы болып қалыптасуына осы ене мен абысын-ажындары септігін тигізіп, қолғабыс етіп отырған. «Келін – ененің топырағынан» сөзінің астарында ене тәрбиесін жалғастырған келіннің мінез-құлқы жатыр. Жаңа түскен келін қайын жұртына қарсы келмей, үлкендердің алдын кеспей, барған әулетке сіңіп кетудің қамын жасаған.

Қазақ дәстүрінде әйелдің үй ішіндегі еркіндігі өз отбасының атына нұқсан келтірмей, қайта намысын қорғап, елдің мақтауы мен сыйына бөленіп жүруіне негізделген. Ұядан көрген өнегесін барған жерінде қолдана білген қаршадай қыздың келіндік өмірмен қатар ел басқару ісінде өзіндік дара жолы болған. Ақылды, дана келін тек отбасына ғана емес, ауылға да өз ықпалын тигізген. Ер азаматынан бір саты төмен тұру қағидасын ұстанған көреген аналарымыз елдің бетіне қарсы келмей, көптің жүрегіне нәзік болмысымен, жылы сөздерімен, даналығымен, парасаттылығымен жол таба білген. Ел басқарған қай патшаны алып қарасақ та, артында ақылды, дана, мықты әйел затының тұрғанын байқаймыз.

Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында қазақ әйелдері түрлі шаруаларға араласып, өнеркәсіп, экономика салаларын игере бастаған. Ер азаматтарының орнын жоқтатпай, ауыр жұмыстарға жұмылған. Жаны нәзік, жүрегі мейірімге толы әйел заты ол ауыр кезеңді де абыроймен өткізген.
Қазіргі қоғамда да әйел адамдардың орны ерекше. Мәселен, отбасын ұйытып, жұмысында биік белестерден көрініп, абыройлы басшы болып жүрген нәзік жандылар аз емес. Әйел әлемде – сұлулықтың, отбасында – берекенің, ал екі ел арасында – бірліктің символы. Қай заманда болсын, қай қоғамда болсын, жаны нәзік, жүрегі ақ әйел заты өз болмысын жоғалтпай, әсемдігімен өмір сүрсе, әлем көркемделе түсері анық. Сондықтан, қоғамда әйелді құрметтей, қадірлей, аялай білген ұлттың еңсесі әрқашан биік болары анық.

Жұлдыз Сатыбалдиева,

Қызылорда облысының дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығының» теолог маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<