Ақын – елдің ардағы

1926

0

Жуырда облыстық мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен Сыр елі айтыс ақындарының келелі кеңесі өтті. Жиында айтыс өнерінің кешегісі мен бүгіні арасындағы сабақтастық және елдік мүдде жолындағы ақындардың қабілет-қарымы мен қайраткерлігі жайлы сөз болды. Сонымен қатар, ұлттық өнер айналысындағы қазіргі күні көтеруге тиісті келелі тақырыптар талқыланды.

Жиынды басқарма басшысы Руслан Рүстемов ашып, арадағы көп жыл үзілістен кейін аймақ көлеміндегі айтыс ақындарының басын қосып, олармен дидарласудың сәті түскені бір ғанибет екенін атап өтті.

– Сыр елінің айтыс мектебі іргелі, тұғырлы мектеп. Әрісіне терең бойламай-ақ берісін шолғанның өзінде бір өзі бір театр атанған Манап Көкенов, қайым айтыстың қас шебері, бірнеше айтыстың бір әрпін қисайтпай жатқа айтып кеткен ерекше жад иесі Махамбетқали Тұрсанов, өтірік айтыс жанрын биік деңгейде жаңғыртқан, табиғи тума талант Замаддин Ибадуллаев, екі жол жырымен-ақ тарих тақтасынан өшпейтін орнын қашап кеткен Бекұзақ Тәңірбергенов, арынды ақын Арзулла Молжігітов, серке сөзді Серік Ыдырысов, сан қырлы талант иесі Елена Әбдіхалықова, кескір тілді Кенжебай Жүсіпов, бүгінде айтыстың жас ақындарын тәрбиелеп, ізінде шәкірттер шоғырын қалыптастыра алған Мамыр Байдәулетов, мақам сазымен ерекше Айдос Рахметов, Сыр айтысының көгінде ай мен күндей жарасқан Айнагүл Әбуова мен Зухра Төлепова, «Алтын домбыра» сайысының абсолютті жеңімпазы Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұр, Ержеңіс Әбді, Иранғайып Күзембаев, Еркін Садықов, Мейірбек Сұлтанхан, Мөлдір Айтбай, Ержан Әміров міне, осындай іркес-тіркес ақындар көші көз алдымыздан өтер еді. Сондай-ақ, бұл көштің ізінде Бексұлтан Орынбасаров, Мұхамеджан Мансұр, Сырым Әділбек, Бекжан Әміров, Ерасыл Бәйментай сынды айтыс өнерінде айшықты орнын қалап үлгерген жас таланттар қатары бар, – деді Руслан Рүстемұлы.

Бүгінде ақындардың аға буыны айтыс өнерінің өркендеуі үшін өз аудандарынан жас ақындар үйірмелерін ашып, дарынды балаларды тәрбиелеп, сахнаға шығарып жатыр. Айталық, қазір облыста жүйелі түрде өткізіліп тұратын оқушылар айтысы жас таланттардың талабын шыңдайтын тәжірибе бастауы болып отыр.

Басқарма басшысы қазір Сыр айтысы мектебінің шоқтығы биіктігін, бұған облыстық музейдің құнды қазынасына қосылған «Алтын домбыра» дәлел екенін атап өтті.

– Біз бұл жетістікке тоқмейілсіп қалмай, айтыс мектебінің одан әрі дамуына жол ашуымыз керек. Ол үшін жүзеге асырылуы тиіс іс-шаралар тізбегі жеткілікті. Аудандардағы айтыс үйірмелерінің өзара тығыз байланысын жолға қойып, облыстық айтыстарды қайта жүйелеу, алдыңғы буын ақындардың шеберлік сағаттарын өткізу, жас шәкірттерді айтулы ақындардың шығармашылық лабораториясымен таныстыру, Сыр ақындарының таңдаулы айтыстарын жинақ қылу сынды шешімін күтіп жүрген жұмыстар бар. Ең бір керекті дүние – ақындар үйірмесіне әдістемелік құрал, яғни ақындық өнердің әліппесі. Бұл республикада әлі жоқ. Мамыр Байментайұлының бұл бастамасы алдағы уақытта облыс әкімінің қолдауымен шешімін табады деген сенімдеміз, – деді Руслан Рүстемұлы.

Сыр бойы айтыс ақындарының аламан сайыстардағы сөз саптауы, әдіс-тәсілдері өзінше бір бөлек. Мәселен, бұл орайда Серік Ыдырысов, Елена Әбдіхалықова, Кенжебай Жүсіпов, Әбілқайыр Сыздықовтардың бір-біріне ұқсамайтын ерекшеліктерін қағазға түсіріп, жинақ жасап, айтысқа талпынған жас буынға үлгі ретінде ұсыну сияқты ойлар айтылды. 

Заманауи айтыста не жетіспей жатыр? Кемшін тұсымыз қайсы? Ұйқас табу мен тақырыпқа тапқырлық қабілетті қайтсек дамытамыз? Айтыс жанрларын жаңғыртуға байланысты қандай ұсыныс бар? Уақытқа бейімделу арқылы айтысты шоу түрінде қабылдау етек алып кетпеді ме? Түре айтыс, сүре айтыс, жұмбақ айтыс, мадақ айтыс секілді синкреттік жанрға дайындықты осы кезден бастау керек-ақ, оны жоғалтып алмаудың алдын алған да қажет сияқты. Келелі жиында осы аталған мәселелер төңірегінде кең ауқымды әңгіме өрбіп, Серік Ыдырысов, Кенжебай Жүсіп, Қазына Өзденбаева сынды айтыстың аға буын өкілдері өз тәжірибелерінен түйген ой-пайымдарын ортаға салды. Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Жандос Базартай, белгілі жыршы әрі айтыскер ақын Айдос Рахметов және дәстүрлі өнер насихатшысы, айтыскер Нұрмат Мансұр ұсыныстарын, айтыс өнерінің абыройын көтеру бағытында аянбай қызмет ете беретінін айтты.

Ұлттық өнер бағыты, оның ішінде кешегі айтыс ақындарының ізінен өсіп келе жатқан кейінгі буын талантты жастарды таныту жағына тұрақты  көңіл бөлу қажет. Өйткені қазір ұлттық өнерге қарағанда «Көңілді тапқырлар клубы» сияқты шоу бағдарламалардың насихаты басымдау сияқты. Сондықтан осы мәселеге назар аударып, өзіндік ізі қалыптасқан студенттер арасындағы айтысты әрі қарай жалғастырып, облысаралық деңгейге көтеру керек. Жиынға қатысқан жастардың пікірінен осындай ой түйдік.

Осыдан он жыл бұрын Әділет министрлігіне тіркеліп, жұмысын бастаған «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» қазір ауқымды шығармашылық ұйымға айналған. Қазақтың көрнекті ақыны Жүрсін Ерман басқаратын одақтың бас кеңсесі Алматы қаласындағы «Алатау» өнер театрында орналасқан болса, аймақтық филиалдары елордада, Шымкент қаласында, сондай-ақ Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында қызмет етіп жатыр. Ал өткен жылы жұмысын бастаған облыстық филиалына ақын Нұрмат Мансұр жетекшілік етеді. Айтыс ақындары осы филиалдың Қорқыт ата университетіндегі кеңсе орталығымен танысты. Алдағы уақытта облыста салынатын көпфункционалды «Өнер» орталығының жаңа ғимаратында осы филиалдың жұмыс жасайтын арнайы бұрышы болады. Жиында аталған ұйымның ақылдастар алқасы құрылып, төрағалығына айтыс аламанында талай ат оздырған ардагер ақын Серік Ыдырысов сайланды.

– Келісіп пішкен тон келте болмайды, бүгінгі басқосудың маңызы да осында. Бүгінде жаһанның түрлі жаңалығы өмірге дендеп еніп жатыр. Оның ішінде жағымдысы да, болмысымызға жат  ұғымдар мен ұстанымдар да кездеседі. Ал, бүгінгі жас ұрпақ болса ғаламтор шырмауынан шыға алмай жатқаны жасырын емес. Жоғарыда айтып өткен айтыс ақындары мен жыршы-термешілір одағын Жүрсін Ерман ағамыз өз деңгейіне алып шықты. Осы жұмыстар лайықты жалғасын табуы тиіс. Мысалы, мемлекет жылына ең болмағанда ірі-ірі бес-алты айтысты өткізуді бюджеттік жоспарына енгізуі керек. Олай болмаған жағдайда түрлі күштер қаржыландыра отырып, өз мақсатына пайдаланып, идеясын тықпалауы әбден мүмкін. Бүгінгі жиын аясында осындай нақты жоспарымызды айқындап, Сыр ақындары мен жыршы-термешілерінің жұмысын жаңа деңгейге көтеруіміз керек, – дейді облыстық халық шығармашылығын дамыту және продюссерлік орталығының басшысы,  үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов.

Жиын барысындағы жақсы жаңалық – Қазына Өзденбаева, Айнагүл Әбуова, Зухра Төлепова, Майра Сәрсенбаева, Мұхаммеджан Мансұр, Тұрар Бекмырзаев сынды өнер иелеріне айтыс ақындары және жыршы-термешілердің халықаралық одағының куәлігі табыс етілді.

Жиынды мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов қорытындыласа, ұлт өнерін ұлықтауда қолға алынып отырған игілікті бастамалар үшін айтыс ақындары атынан Серік Ыдырысов алғысын айтып, осынау жарқын жүздесудің жалғасын табатынына сенім білдірді. Айта кетейік,  осы іс-шара аясында  ақындарға бір күндік демалыс ұйымдастырылды.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<