Күн тәртібіндегі келелі мәселелер

3

0

2024 жылы Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен Қызылорда қаласында халықаралық стандарттарға сай «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа жолаушылар терминалы пайдалануға берілген болатын. Бір мезетте 250-ден астам жолаушыға қызмет көрсететін заманауи әуежай арқылы бүгінде аптасына 28 рейс қатынайды. Әуежайдың қазіргі жұмыс барысы туралы Үкімет отырысына селекторлық режим арқылы қатысқан облыс әкімі Мұрат Ергешбаев баяндады.

– Облыста жолаушылар тасымалын дамыту – басты міндеттің бірі. Осы жылдың сәуір айына дейін «Қорқыт ата әуежайынан» 63 мыңнан астам жолаушы жөнелтіліп, был­тырмен салыстырғанда 58,9 пайызға артқан. Бұдан бөлек, терминалда цифрлық басқару жүйесі енгізілген, яғни барлық операциялар мен процестерді автоматты түрде жүргізуге мүмкіндік бар. Жақында ғана «Вана холдинг» компаниясымен «Қорқыт Ата әуежайын» сенім­герлік басқаруға беру туралы меморан­думға қол қойдық. Осылайша халықаралық стан­дарттарға сай логистикалық хаб қалып­тасады.

Әуежай маңынан арнайы экономикалық аймақ құрылды. Бұл маңызды жоба облы­сымыздың әлеуметтік-экономи­калық дамуына жаңа серпін бермек, – деді облыс әкімі.

Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте аймақ басшысы жолаушылар тасымалы саласына жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді. Сондай-ақ жиында төрт айдың қорытындысымен өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері талқыланып, экономика және қаржы басқармасының басшысы Сәкен Мырзабек баяндама жасады. Облыс әкімі өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі бойынша төмен көрсеткіш көрсеткен аудан әкімдеріне қатаң тапсырма берді.

Мәжілісте оқу жылын қорытындылау, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар­ларының бағасын тұрақтандыру бойынша жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктелді.