Асанас артефактілері сөйлейді

1357

0

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі Қорқыт ата атындағы   ҚУ «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының Асанас қалашығына 2020 жылы  жүргізілген  қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлерді археологиялық қорға қабылдады. Ортағысырлық қалаларға тән көптеген керамикалық бұйымдармен қатар, сирек кездесетін археологиялық олжалармен толықты. «Медицинада пайдаланған болуы мүмкін»  деген қола ара мен қола қасық табылып, музей қызметкерлерімен археологтарды таң қалдырды. ХІІІ-ХІV ғасырларда медицина  адам өмірін сақтап қалу үшін  хирургиялық оталар жасаған деген дерекке аталмыш жәдігерлер дәлел.  Ғажабы,  қола ара бүтін сақталған, тұтқасы төмен қаратылып, ұстауға ыңғайлы етіп құйылған. Сабының ұшында зооморфты мүсін бейнеленген. Негізгі бөлігінің сабына  жақын тұрған  екі жағына да      2 ірі, 3 майда дөңгелекшелер ойылған. Қола ара  майда сүйекті кесу үшін пайдаланылған деген деректі археолог мамандар жоққа шығармайды. Араның ұзындығы – 24 см болса, қашауының ұзындығы -18,5 см, ені- 2 см құрайды.

Қола қасық медицинада  саусақтан не тамырдан қан алу үшін пайдаланылған болу керек. Қасық сабының үшкір келуі бекер емес. Ине қызметін атқарды десек, қателеспеспіз. Қасықтың ұзындығы – 14 см, ал диаметрі – 3,1 см құрайды.

Қазақта «Шырағың сөнбесін!», «Отың өшпесін!» деген  мәні тереңде жатқан сөз тіркестері бар. Ортағасырлық Асанас қаласында әр шаңыраққа,  жарық шашып тұрған шырағдан сан мың жылдардан кейін құм астынан бұзылмай шығып, музейге аман жетті. Үйге жарық беріп тұрған ортағасыр керамикалық шырағданның оты музей экспозициясында  қайта жанбақшы. Шырағданның май құятын  басты бөлігі  бас бармақпен ұстауға ыңғайлы, тұтқасы, пілте жіп салынған ұзын шүмегі бар. Шүмек аузындағы қара күйе  шырағданның пайдаланылғанын байқатады. Шырағданнның  ұзындығы – 12,2 см, тереңдігі-119 см, ернеуінің диаметрі – 3,5 см, төменгі диаметрі – 4 см, жалпы биіктігі – 4,7 см. Керамикалық шырағдан ХІІІ-ХІV ғғ мерзімделеді. Шырағдан от культімен байланысқандықтан  киелі саналады.

 Сонымен қатар, Асанас қалашығынан музей қорына өрнектелген ұршықтың бастары, үй тұрмысында  пайдаланылған  керамикалық ыдыс-аяқтар, тас қазан, керамикалық қақпақ сынықтары қабылданып, музейге келушілерді қуантпақшы.

            Сыр өңірі – адамзаттың қалыптасу кезеңіндегі ескерткіштерден бастап, ортағасырлық, сондай-ақ, сәулет өнерінің ерекше үлгісімен салынған ғимараттарға, тарихи мәдени мұраларға өте бай өлке екені сөзсіз. Солардың ішінде ортағасырлық мәдениеттердің гүлденуіне өз үлесін қосқан Асанас қалашығының алар орны ерекше. Асанас – ортағасырлық тарихи қала. Жазба деректерде моңғол шапқыншылығынан бастап, жауға табанды қарсылық көрсеткендіктен жермен жексен қиратылып, халқының көпшілігі қырылған.       Сырдарияның бойындағы басқа да қалалар сияқты көп ұзамай қайта қалпына келтіріліп, ХІV–ХV ғасырларға дейін тіршілігі қайнаған мекен.  Қызылорда қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 48 шақырымда, Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылының оңтүстік-батысына қарай 8 шақырым жерде орналасқан.

Қалашықты  1899 жылы В.А.Каллаур  алғашқылардың бірі болып зерттеген, 1946-1961 жылдары С.П.Толстов басқарған Хорезм археология этнографиялық экспедициясы  археологиялық қазба-зерттеу жұмыстарын жүргізген. 1968 жылы Іңкәрдария мен Жаңадария өзендерінің ескі арналарындағы ортағасырлық қоныстарды зерттеу мақсатында Хорезм археологиялық отряды Н.Н. Вактурская қалашықта  стратеграфиялық қазба жүргізген. Бертін келе, 2002 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Т.Мәмидің жетекшілігімен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

Қорыта келгенде 2020  жылы  Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген қазба нәтижесімен аршылған маңызды нысандар консервацияланып, табылған жәдігерлер, яғни олжалар Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорын құнды жәдігерлермен  толықтырды. 

«Археология, этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің

ғылыми қызметкері Гүлжанар Оразалиева

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<