Ашықтық және кері байланыс

767

0

Бүгінде еліміз үлкен саяси науқан қарсаңында тұр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте республикалық референдум бойынша құрылған штабтың жұмысы туралы қоғамдық штаб жетекшісі Жандос Базартай айтты.

– Референдумның негізгі мақсаты – ашықтық және халықпен кері байланыс орнату. Ата Заңымыздың 33 бабына өзгеріс енгізіледі. Қазір біздің облыста қоғамдық штаб құрылды. Онда қоғам белсенділері, ардагерлер, түрлі саланың жетекшілері, қоғам қайраткерлері бар. Бұл штабтың негізгі мақсаты – Конституциялық өзгерістерді халыққа кеңінен түсіндіру. Алдағы уақытта барлық аудандарда халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ұсынылған өзгерістерді талқылайтын боламыз, – деді ол.

Сондай-ақ, облыстық кәсіподақтар кеңесі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов барша халықты саяси өзгерісті қолдауға шақырды.

– Республика бойынша белсенді азаматтардың қатысуымен штабтар құрылып, халықтың арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Негізгі Заңға ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар әрбір азаматтың негізгі құқықтары мен кепілдіктерін, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті қорғауға бағытталған. Осының негізінде кәсіподақта арнайы жұмыс тобы құрылды. Жоспар бойынша  мақсатымыз – көпшілікке дұрыс ақпарат жеткізу, – деді.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхамед Сыздықов өзгерістердің барлығы қоғамда туындаған бірнеше мәселелердің шешілуіне ықпал ететінін айтты.

– Бұл – Жаңа Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам. Ата Заңға енгізілгелі отырған өзгерістер елімізде әділетті қоғам құруға өз септігін тигізеді. Заңнамалық өзгерістерге жалпыхалықтық дауыс беру – әрбір қазақстандықтың саяси бағытты қалыптастыруды айқындайтын тарихи әділеттілік актісі. Бұл – Жаңа Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам. Елдің болашағын ойлайтын әрбір азамат аталған саяси жүйеге өз үлесін қосады деп ойлаймын, – деді ол.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<