30 шілде – Бүкіләлемдік адам саудасына қарсы күрес күні. Осыған орай, 2026 жылғы 24-30 шілде аралығында елімізде «Адам саудасы – ауыр қылмыс» атты кең ауқымды ақпараттық науқан өткізілуде.
Науқан аясында Қызылорда облысының Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бірлескен профилактикалық іс-шаралар өткізуде.
Іс-шаралардың басты мақсаты – адам саудасының алдын алу, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарды бұл қылмыстың қауіптері туралы кеңінен ақпараттандыру.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары халық көп шоғырланатын орындарда – базарларда, сауда ойын-сауық орталықтарында және басқа да қоғамдық орындарда ұйымдастырылып, тұрғындарға түсіндіру кездесулері өткізіліп, арнайы ақпараттық жадынамалар мен брошюралар таратылуда.
Құқық қорғау органдары азаматтарды күмәнді жұмыс ұсыныстарына, жалған делдалдарға және заңсыз еңбекке тарту әрекеттеріне сақ болуға шақырады. Егер адам саудасына қатысты қандай да бір деректер белгілі болса немесе күмәнді жағдайларға тап болсаңыз, бұл туралы дереу полицияға хабарлау қажет.
Адам саудасына қарсы күрес – баршамыздың ортақ міндетіміз.






