Астана қаласының әкімін қабылдады

527

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады.

Президентке қаланың 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және осы жылға арналған жоспары туралы баяндалды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елорда әкімдігі әлеуметтік нысандар салуға, елді мекендерді дамытуға, ұзаққа созылған құрылыстарды аяқтауға, жеке инвестициялар тартуға, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.

Жеңіс Қасымбек «Жайлы мектеп» жобасының іске асырылу барысы туралы есеп берді. Ұлттық жоба аясында жаңа форматтағы 100 мың орындық 25 мектептің жобасы жасалып жатыр. Мектептердің құрылысы биыл басталады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына ауызсу станциясы (ССС-3), жылу-электр орталықтары, газ-жылу станциялары құрылыстарының барысы туралы мәлімет берілді. Мысалы, ССС-3 станциясының қуаты тәулігіне 100 мың текше метрден астам суды тазалап, жеткізуге жетеді. «Тұран» газ-жылу станциясы 8 миллион шаршы метр тұрғын үйді жылытуға қауқарлы. Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандардың құрылысын 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту, қаланы абаттандыру және көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Теміржол инфрақұрылымын дамытуды тапсырды

Президент «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевты қабылдады.

Мемлекет басшысына ұлттық компанияның былтыр атқарған жұмыстарының негізгі нәтижесі, теміржол саласын дамытудың алдағы кезеңге арналған жоспары, сондай-ақ берілген тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде мәлімет берілді.

Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының жүк тасу айналымы 252 миллиард тонна-шақырымға дейін артты. Бұл – еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіші. ЖПЭ-мен (жиырма пұттық эквивалентпен) есептегенде, жалпы контейнермен тасымалдау көлемі 1,129 мыңға дейін өсті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы жөнінде баяндалды. Үш жылда барлығы 1285 шақырым жол салу жоспарланып отыр. Бұл жүк тасымалының көлемін ұлғайтып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Теміржол құрылысында пайдаланылатын қазақстандық өнімдер мен қызметтердің үлесі – 85 пайыз.

Бұдан бөлек, «Қазақстан темір жолы» басшысы Президентке халықаралық көлік дәліздерін дамыту және Ақтау, Құрық теңіз порттарының өткізу қабілетін кеңейту жұмыстарының барысы, сондай-ақ шетелдік ірі көлік-логистикалық компаниялармен ынтымақтастық мәселелері жөнінде айтты.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы теміржол инфрақұрылымын дамытуға және жаңғыртуға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<