Ата заң – адам құқығының арқауы

949

0

Тұтас өмір заңдылықтан тұрады. Егер сол заңдылықтың бір шеті сетінесе, түгел­дей құрылымға әсер ететіні ақиқат. Сол секілді мемлекет бекіткен Заң да бар. Ол Заңның да бір бабы, бір тармағы бұзылса, тұтас елдің құқығы бұзылады. Сондықтан Ата заңның әрбір талабы әрбір адамның құқығын қорғау арқылы алып мемлекеттің амандығын, тұтас­тығын, тыныштығын сақтайды. Сонау Қасымханның қасқа жолы мен Жеті Жарғыдан, тіпті оның ар жағындағы дала заңдарынан бастау алатын Қазақстанның Ата заңы Мәңгілік елдің қорғаны болып қала бермек.
Асыл мұратты Ата заңның бірінші бабында «Қазақ­стан Республикасы өзін демокра­тиялық, зайырлы, құ­қық­тық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қа­зынасы – адам және адамның өмірі, құ­қықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай адам құ­қы­ғы мен оның өмір сапасы айқын көрсетілген.
Әрбір тармағы адам құқығын қор­ғайтын Конституциямыздың 17-бабында «адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды» делінген. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жа­сауға, басқадай қатыгездiк немесе адамдық қадiр-қасиетiн қор­лайтындай жәбiр көрсетуге не жазалауға болмайды. Әр азамат Республиканың мемлекеттiк рә­міздерін құрметтеуге мiндеттi. Заңды түрде белгiленген салық­тарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу әркiмнiң борышы әрі мiндетi болып табылады. Қа­зақстан Республикасын қорғау оның әрбiр азаматының қасиеттi па­ры­­зы және мiндетi, деп талап қояды.
Халықтың еркі көрініс тапқан бұл құжат өзінің нор­малары мен принциптерінің көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениетті елдердің қатарына жетелейді. Сондықтан қазіргі кезде басты міндет – жеке тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың және мемлекеттік органдардың Республика Конс­титуциясына деген дәстүрлі құрметін дамыту. Егер біз осы міндетті орындасақ, алдыңғы қатарлы Қазақстан мемлекетінің қалыптасқаны. Ең алдымен, әркiм Қазақстан Республикасының Консти­туциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құр­меттеуге мiндеттi.
Батыр Бауыржан «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Ата заңды құрметтеуге шақырса, атам қазақ «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп заңмен қорғалатын адам құқығын жоғары қояды. Бұл – мәңгі елдің мәртебелі биігі.

Тілеп ТАЛАНТ,


Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу
сотының судьясы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<