Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтып, осы іс-шараның Шығыстың інжу-маржаны – Шанхай қаласында ұйымдастырылуы символдық мәнге ие екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасын Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуымен құттықтады.
– Қытайдың халықаралық қауымдастық алдындағы беделі зор және оның жетістіктерін бүкіл әлем мойындайды. Қазіргі таңда еліңізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерді бәріміз үлкен қызығушылықпен қараймыз. Бұл, ең алдымен, Сіздің көреген басшылығыңыз бен қажырлы еңбегіңіздің арқасы деп санаймын. Өзіңізді халқын алға бастап келе жатқан тегеурінді көшбасшы және жаһандық деңгейдегі парасатты саясаткер ретінде ерекше құрметтеймін. Сіз көтерген игі бастамаларды қолдауға әрқашан дайынбыз. Қазақстан Қытаймен мәңгілік әрі стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайта беруге қашанда мүдделі. Соңғы жылдары мемлекеттеріміз арасындағы саяси диалог айтарлықтай жандана түсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, тараптар сауда-экономикалық салада мол табысқа қол жеткізді. Қытай – Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Осы уақытқа дейін ҚХР еліміздің экономикасына 30 миллиард доллар инвестиция салды. Былтыр екіжақты сауда-саттық көлемі 49 миллиард долларға жетті. Қазір Қазақстанда 8,5 мыңнан аса Қытай компаниясы жемісті жұмыс істеп жатыр. Өнеркәсіп, энергетика, газ-химия, машина жасау және ауыл шаруашылығы секілді экономиканың түрлі секторында бірлескен ірі жобалар жүзеге асырылуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық байланыс жылдан жылға нығайып келе жатқанына тоқталды.
– Былтыр Қазақстанға 1 миллионнан астам Қытай азаматы сапарлап келді. Екі ел астаналарында мәдени орталықтар ашылды. Елімізде Лу Бань шеберханалары табысты жұмыс істеуде. Бұл – қос халықтың арасында қалыптасқан достық пен өзара сенімнің тағы бір айғағы, – деді Президент.
Мемлекет басшысы халықаралық аренадағы ықпалдастықтың жоғары деңгейіне назар аударды. Екі мемлекеттің жаһандық орнықты даму және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне қатысты ұстанымдары – ортақ.
Атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, «Орталық Азия – Қытай» форматы аясында тиімді байланыстар орнаған.
Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Қазақстан Президентіне ілтипат білдіріп, екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға орайлы мүмкіндік туып отырғанына назар аударды.
– Бірлескен күш-жігердің арқасында Қытай мен Қазақстанның мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігі жоғары деңгейге жетті. Өзара ықпалдастықты дамытудың әлеуеті өте зор. Қазақстан Президенті Қытаймен достық саясат жүргізіп отыр. Бұл халықтарымыздың мүддесіне сай келеді, – деді Си Цзиньпин.
Сонымен қатар ҚХР Төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерге жоғары баға беріп, жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады және алдағы Құрылтай сайлауына сәттілік тіледі.
Мемлекеттер басшыларының кездесуі аяқталған соң Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы 2027-2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына және жол картасына қол қойылды.
***
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының ашылу рәсіміне қатысты. Шанхайда өтіп жатқан дәстүрлі жиын биыл «Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік» тақырыбына арналып отыр.
Мемлекет басшысы бұл конференция Қытайдың жасанды интеллект саласындағы айтулы жетістіктерін айқын көрсететінін атап өтті. Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясында жарияланған «Барша адамзат игілігіне қызмет ететін ЖИ» тұжырымдамасына қолдау білдірді.
Президенттің пікірінше, ЖИ экономика, сауда және жаһандық өзара байланыстың болашағын айқындайтын, толыққанды инфрақұрылымы бар салаға айналып келеді.
– БҰҰ дерегіне сәйкес, жасанды интеллект инфрақұрылымына және онымен байланысты технологияларға салынған инвестиция жылына орта есеппен 47 пайызға өскен. 2033 жылға қарай жаһандық ЖИ нарығының көлемі шамамен 5 триллион долларға жетеді деп болжанып отыр. Демек, бір нәрсе анық: жасанды интеллектіні басқару жүйесі кешенді сипатқа ие болуға тиіс. Ол жартылай өткізгіштер мен деректерді өңдеу орталықтарынан бастап этика, білім беру және адамның қадір-қасиетін қорғауға дейінгі бүкіл бағытты қамтуы қажет. Cонымен қатар трансформация үдерісі геосаяси шиеленіс ушығып, ірі әлемдік державалар арасындағы сенімге селкеу түскен, жік-жікке бөлінген кезеңде жүріп жатыр. Өкінішке қарай, мемлекеттердің көбі қақтығыстарға тосқауыл қоюға мән бермейді, есесіне оның салдарын жоюға күш-жігерін сарқа жұмсайды. Жасанды интеллект алдын ала ескерту жүйесін, превентивті дипломатияны, гуманитарлық көмек пен бітімгерлік әрекеттерді күшейту арқылы бізге осы қисынсыз түсінікті өзгертетін тарихи мүмкіндік беріп отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент бұдан кейін Қазақстанның жасанды интеллектіні дамытудағы стратегиялық артықшылықтарына тоқталды. Еліміз технологиялық тоғысудың, цифрлық сауда мен халықаралық ынтымақтастықтың қарқынды орталығына айналу үшін мол әлеуетке ие.
– Энергетикалық ресурстардың мол қоры, аса маңызды минералдар кеніштері, заманауи көлік дәліздері мен жедел дамып келе жатқан цифрлық инфрақұрылым нарықтарды, технология және инновациялық экожүйелерді өзара ұштастыруға тың мүмкіндік береді. Цифрлық трансформация ұлттық даму стратегиямыздың басым бағыттарының бірі саналады. Қазақстанның жаңа Конституциясында жасанды интеллектіге, оның елімізді орнықты дамытуға қосар үлесіне баса назар аударылған. Сонымен қатар Ата заңымыз әр азаматтың дербес дерегінің қорғалуына кепілдік береді. 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, «Digital Kazakhstan-2029» ұлттық стратегиясын бекіттік. Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Елордада Smart City технологиялық платформасы іске қосылды. Көп ұзамай аталған тәжірибе Қазақстанның барлық ірі қаласында қолданылады. Бұдан бөлек, біз Алатау қаласының дамуына стратегиялық тұрғыдан басымдық беріп отырмыз. Ол Орталық Азиядағы алғашқы толық интеграцияланған цифрлық шаһар болмақ. Әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Қытайдан технологиялық компанияларды, инвесторлар мен новаторларды тарту үшін Конституцияда Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі айқындалды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Алматыда БҰҰ ЭСКАТО жанынан орнықты даму мақсаттарына арналған Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы ашылатынын мәлімдеді. Трансұлттық цифрлық инфрақұрылым жасақтауға және ЖИ саласындағы саясатты өзара үйлестіруге қатысты бірқатар ұсынысты ортаға салды.
– Біз «Қазақстан-Қытай цифрлық көпірін» іске қосуды ұсынамыз. Басты мақсат – цифрлық сауданы жандандыру және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында цифрлық экономикаларды ықпалдастырудың тиімді үлгісін қалыптастыру. Өңдеу секторы, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және су ресурстарын басқару секілді салаларда жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі кеңінен енгізу ісін жеделдеткен жөн. Жасанды интеллектіні реттейтін ұлттық саясат пен заңдық тетіктерді өзара үйлестіру айрықша мәнге ие. ЖИ жүйелерін тестілеу мен сертификаттаудың ортақ стандарттарын түзу де өте маңызды. Біз жасанды интеллектіні теріс мақсатқа пайдаланудың алдын алатын, соның ішінде кибершабуыл, дипфейк, цифрлық алаяқтық пен басқа да қатерлерден қорғайтын пәрменді шаралар әзірлеуіміз керек. Келесі жылды екі елде Жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалар жылы деп жариялауды ұсынамыз. Қытай Үкіметі мұны қолдаса, зор ризашылықпен қабылдар едік, – деді Мемлекет басшысы.
Сөзін қорыта келе, Мемлекет басшысы еліміздің бейбітшілікті сақтау, орнықты даму және жан-жақты өркендеу жолында жасанды интеллектінің әлеуетін пайдалануға ниетті барша серіктестермен нәтижелі ықпалдастық орнатуға дайын екенін жеткізді.
Конференцияның ашылу салтанатында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Камбоджа Премьер-министрі Хун Манет, Таиланд Премьер-министрі Анутин Чарнвиракул және БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйледі.






