Құрылтай

Сапалы қызмет – жауапты міндет

16

0

Өңірімізде 975 нысанда медициналық қызмет көрсетіледі. Оның 783-і – жеке меншік, қалғаны – мемлекеттік. Ал фармацевтикалық қызметпен 536 нысан айналысады.

ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақы­лау комитетінің Қызылорда облысы бойынша депар­та­мен­тіне биыл 6 айда медициналық және фармацевтикалық қызмет көрсету саласына қатысты 340 арыз-шағым түскен. Бұл өткен жылғыдан 19,3 пайызға көп. Қызмет алушыларды көбіне медициналық көмектің сапасы (40,6 пайыз) мазалайтыны белгілі болды.

– Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі ту­ралы кодекстің талабына сәй­кес денсаулық сақтау субъек­тісінің қызметкерлері медици­налық қызмет түрін жүзеге асырғанға дейін кәсіптік жауап­кершілік бойынша ортақ сақ­тандыру шартын жасасуға міндетті. 2024 жылғы 23 қа­зан­нан кейінгі болған жағдайлар бойынша департаментке түскен жолданымдар тиісті меди­ци­налық ұйымдарға бағыт­талды. Өткен жылы және биыл­ғы жартыжылдықта 80 жол­да­ным медициналық ұйым­дар­ға жі­берілді. Тәуелсіз сарап­шылар комиссиясының ше­шімімен 5 жағдайдың 4-і үшін сақтандыру өтемақысы төленді, – дейді департамент басшысы Жанерке Жақсылық.

Одан бөлек процедуралық, стоматологиялық кабинеттер мен медициналық ұйымдарды тексеру нәтижесі жарияланды. Тексеру барысында тегін меди­циналық көмектің кепілдік беріл­ген көлемі және МӘМС аясында халыққа медициналық қызмет көрсетуге арналған бюджет қаражатын, қор ак­тивтерін, стоматологиялық кө­мек бойынша БЖЗҚ аясында халыққа медициналық қызмет көрсетуге арналған бюджет қа­ражатын пайдалану мен жұмсау заңдылығы ескерілді.

– Қорытындысында 155 әкімшілік іс қозғалып, 21 млн 784 мың теңгеден астам айып­пұл салынып, мемлекет пайда­сына толық өндірілді. Өткен жы­лы облыстық полиция де­пар­­таментінен «Дәрмек» же­дел-профилактикалық іс-шара­сы аясында 32 іс материалы түскен, 7 әкімшілік іс қозғалды. Қалған істер құжаттың жеткі­ліксіз болуына байланысты, күшті әсер ететін, есірткі, психо­тропты, прекурсорларға жата­тын дәрілік заттар болма­ғандықтан қайтарылды, – деді департамент басшысы.

2024 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде дәрілік заттар­ды міндетті таңбалау енгізілді. Ондағы мақсат – дәрі-дәрмектің өндірушіден пациентке дейінгі жолын қадағалау. Әрбір дәрілік заттың қаптамасында Data Matrix коды қолданылады. Таңба­ланғаны тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесі арқылы тіркеліп, қада­ғаланады. Ақпараттық жүйенің мәліметіне сәйкес аймақта 8955682 қаптама дәрілік зат кіріске алынған, 6817393 қап­тама дәрілік зат айналымнан шы­ғарылған. Бұл – жалпы көр­сеткіштің 76,2 пайызы.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»