Орал қаласында «Грация-KZ» волейбол клубының негізін қалаушыларын еске алуға арналған қыздар арасындағы «Еуро-Азия-2026» халықаралық турнирі мәресіне жетті.
Жарысқа Қазақстанның әр өңірінен және Ресей қалаларынан келген командалар қатысты. Доп додасы 2012-2013 және 2014-2015 жылдары туған қыздар арасында өткізілді.
Қызылорда командасы 2012-2013 жылғылар арасындағы бәсекеде өнер көрсетіп, жүлделі үшінші орынға ие болды. Бұл жас санатында «Грация-KZ» командасы жеңімпаз атанса, Орал қаласының екінші командасы күміс жүлдені иеленді. Қызылордалықтар Самара, Соль-Илецк және Қостанай командаларын артқа қалдырды.
Команда бапкері Замэла Абдыкадырованың айтуынша, мұндай жарыстар жас спортшылардың тәжірибе жинауына және ойын шеберлігін шыңдауына мүмкіндік береді.
‒ Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қазақстандық және ресейлік командалармен кездесіп, қыздарымыз жақсы тәжірибе жинады. Мұндай достық сипаттағы жарыстар балалардың өзіне деген сенімін арттырып, командалық бірлікті нығайтады. Әр ойыннан кейін кемшіліктерімізді саралап, алдағы жаттығуларда сол бағыттарға басымдық береміз. Үшінші орын ‒ қыздарымыздың еңбегінің нәтижесі, ‒ деді бапкер.
Жарыс қорытындысында Қызылорда командасының ойыншысы Анель Маратқызы ұжымның үздік ойыншысы атанды. Ол кездесулер барысында белсенділігімен және алаңдағы жинақы ойынымен ерекшеленді.
2014-2015 жылдары туған қыздар арасындағы жарыста Ақтөбе командасы бірінші орын алды. Шымкент құрамасы екінші, «Жалын» командасы үшінші орынға тұрақтады.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»





