Құрылтай

Сүйінбай ақын суреті

24

0

Сүйінбай Аронұлы – халық ақыны һәм айтыс өнерінің көрнекті өкілі. Бірнеше эпикалық жырдың авторы болған оны атақты Жамбыл ұстаз тұтқанын білеміз. «Менің пірім Сүйінбай, Сөз сөйлемен сыйынбай…» деген жыр алыбының шумақтары көпшілікке таныс.

Ақын Сүйінбайдың атын мектеп кезінен оқып өстік. Одан бөлек, 2000-жылдардың ортасына дейін төл валютаның бірінде бейнесі таңбаланды. Дұрысы, үш теңгеде Сүйінбай ақынның суреті бар болатын. Бала күнімізде көрген сол қазақ теңгелерінде бейнеленген көп тұлғаның аты-жөнін, кім екенін жаттап алдық емес пе?

Бір қызық дерек бар. Осы Сүйінбай ақынның суреті қалай салынғаны туралы мағлұмат оқы­ғанбыз. Белгілі журналист Бекен Қайратұлы ағамыз мұны кең тар­қатып жазды да. Иә, даңқты суретші Әбілхан Қастеев салған ақын бейнесінің қағазға түсуі кездейсоқ емес екен.

Бекен ағаның айтуынша, Ә.Қас­те­ев ақын суретін салуға өзінің «Аман­келді сарбаздары» карти­на­сын бітіргеннен кейін кіріскенге ұқсайды. Батыр суретін аяқтаған соң ол 1971 жылы Сүйінбай ақын туған Алматының Жамбыл ауда­нына барады. Ең сәтті жері – сурет­шінің ақынның көзін көрген адам­ды жолықтыруы. Мичурин ауы­­лында тұратын 88 жастағы Мырзабай Сатаевты тауып алады.

Мырзабай қарияның айтуынша, Сүйінбай кеудесіне ақ сақалы құ­лаған, қыран қабақ, қыр мұрынды, адамға қарағанда жанары өткір, қасына қалың ақ түскен, кең маң­дайлы, бойы сұңғақ жан болыпты. Бұл айтылғанның бәрі халық сурет­шісінің жадына әбден жатталған еді.

«Әбекең жарықтық шеберха­насына келіп өзі естіген жоғары­дағы сөз-сурет бойынша аруақты ақынның штрих бейнесін таңбалап тастамақ болады. Ғажап, қолына қарандаш ұстап ақ қағазға ақынның сұлбасын түсіре бастаса болды, тұла бойы қалтырап тоқтамайды. Тіпті дегбірі кетіп, көңіл түпкірінде бір үрей пайда болады.

…Бұл әрбір шығармашылық адамның өмірінде сирек болса да кездесетін құбылыс, үлкен іс ал­дындағы кезекті толқу немесе суретшінің ішкі дүниесіндегі бол­жаулы дайындық пен қағаз бетін­дегі бейне сәйкес келмей содан пайда болатын дағдарыс шығар. Мүмкін басқа бірдеңе болар… Ақынның артында қалған сөз киесі ме екен… Сонымен қысқасы, Ә.Қастеев су­ретті салмай тұрып алдымен Сүйін­бай ақынның шы­ғар­масымен толық танысып шы­ғуды жөн санайды…» деп жазады Бекен Қайратұлы кейінірек өз мақаласында.

Қош, суретші ақын бейнесін салып жүріп Жамбыл ауданында ақынның Малыбай деген бала­сынан туған Үкіжан атты немере қызы барын естиді. Тауып та ала­ды. Апамыз сол кезде 87 жастан асқан. Ол да атасы жайлы білгенін айтып берген.

Сол Үкіжан апа «атаңызды кімге ұқсатасыз?» деген суретші сұрағына «мына ұл атама аумайды» деп өз баласы Тоғызбайды көр­сеткен екен. Қастеев Тоғызбайдан бөлек, бұ­рынғы тәжірибесімен жеке адам­дардың бет мүшелерінен детальдар алады, жүздеген бейне жасайды. Ақыры бір жыл ішінде ақын суреті дайын болған көрінеді.

Иә, біз бүгінде көріп жүрген ақын бейнесі салынып бітеді. Әбіл­хан Қастеев дайын портретті кө­теріп, алдымен Үкіжан апаға жетеді. Ақын атасын көрген кейуана «Бұл менің атамнан ау­майды. Өшкенім жанды, өлгенім тірілді» деп ағыл-тегіл босаған көрінеді.

Тағы бір қызықты жайт, мақала арасында айтып кеткен Мырзабай ақсақал да Сүйінбайдың портретін көргенде ұзақ қарап, «Армысың, Сүйекем!» деп тізерлеп сәлем берген көрінеді. Бекен ағамның жазуынша, осы ақсақал «Бала кезімде Сүйекеңді әкем жарықтық қонақ етуші еді, енді мен қонақ етейін» деп жан-жағындағы ағайын мен көршіні жиып, той да жасаған. Тіпті қонақ шақырушы жас бала­ларға «Сүйінбай ақын келді деп айтыңдар» деген тапсырма береді.

Осылайша қазақ руханиятының қайталанбас тұлғасы болған, айтыс пен жырдың көрнекті өкілі Сүйін­бай Аронұлының бейнесі оқу орындарының оқулықтарында таң­балана бастайды. Ал ұлт мақта­нышы болған тұлғалардың суретін салуда бар күшін сарп еткен Қастеевтей қазақтың еңбегі ұшан-теңіз екені айтпаса да түсінікті емес пе?!

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»