Атаулы әлеуметтік көмек тек қана мұқтаж жандарға тағайындалады

209

0

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Елімізде Атаулы әлеуметтік көмек тек мұқтаж адамдарға ғана тағайындалады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтып берді, деп хабарлады Қазақпарат.

Министр Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы әлеуметтік көмектің тиімділігін арттыру мен қайта қарауды тапсырғанын еске салды. 

Осыған байланысты, Светлана Жақыпованың айтуынша, Отбасының цифрлық картасын және мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың жүйелері мен жаңа интеграцияларды пайдаланып, АӘК-ті толық трансформациялау жоспарланған. Бұл қолма-қол ақшаның атаулылығы мен мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету үшін әлеуетті көмек алушыларды және бюджет шығынын айқындауға мүмкіндік береді.

«Мұқтаж отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға кешенді қолдау көрсетудің нақты регламенті әзірленеді. Оның құрамына АӘК және басқа да қолдау шаралары кіреді. АӘК трансформациясының барлық процестерінде адам факторын болдырмау үшін цифрландыру негізгі компонент болады. Осылайша, әлеуметтік көмек тек мұқтаж отбасыларға ғана көрсетілеуін күтеміз», – деді министр.

2023 жылы Атаулы әлеуметтік көмек 114,1 мың отбасындағы 598,4 мың адамға тағайындалған. Осы мақсатқа бюджеттен 57,4 млрд теңге жұмсалған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<