Атқарылған істер ауқымы

1106

0

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы негізінде әзірленген Шиелі ауданы бойынша Жол картасы 7 бағытты қамтитын 91 іс-шарадан тұрады. Жыл басынан бері оның шеңберінде ауқымды жұмыстар атқарылды.

Аудан еңбеккерлері су тапшылығына қарамастан, егіннен табысты өнім алды. Басты дақылымыз – күріштен орта өнім 55 центнер болып, жалпы 66 214 тонна өнім жиналды. Биылғы жылы ақ күріштің атасы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары – аудан күрішшілері жоғары өнімге қол жеткізіп, жыл қорытындысымен Шиелі ауданы егін шаруашылығы бойынша облыста «Озат аудан» атанды.

Сонымен қатар, өмір сапасын жан-жақты арттыруды қолдау үшін қабылданған «Ауыл – ел бесігі» және «Құтты мекен» партиялық жобаларын іске асыру жұмыстары жалғасын тауып келеді. Биыл  аудандық бюджеттен 16 елді мекенге (Шиелі кенті, Ә.Тәжібаев, Тартоғай, Бала би, Ортақшыл, Тұрсынбай датқа, Н. Бекежанов, Бұланбай бауы, Алғабас, Жөлек, Еңбекші, Бестам, Бидайкөл, Алмалы, Досбол би, Ақмая) барлығы 153 млн теңге қаржы бөлініп, көшелер жарықтандырылды.

Инженерлік инфрақұрылымды дамыту мен тұрғындарды баспанамен қамту – Жол картасында камтылған негізгі міндеттердің бірі. Себебі, жер кезегінде тұрған тұрғындар саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Биыл ауданның 100 отбасын жер учаскесімен қамтамасыз ету жоспарланды. инфрақұрылым тартылған учаскелерден 154 отбасыға жер берілді. Баспана мәселесін шешу үшін де көптеген жобалар қолға алынды. Шиелі кенті «Береке» шағын ауданында 25 тұрғын үй салуға республикалық және облыстық бюджеттен 458 млн теңге қаралып, игерілді. Мамыр айында пайдалануға берілді. 18 пәтерлік 4 тұрғын үй құрылысы жұмысына республикалық және облыстық бюджеттерден 709,7 млн теңге қаралған. Жоба бойынша әр тұрғын үйде 12 пәтер екі, 6 пәтер үш бөлмеден тұрады. Нысан келесі жылы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілмек.

«Көгілдір отынмен» қамту жұмыстары да қызу жүргізілуде. Тұран ауылдық округіне газ құбырын және орамішілік газ тарату желілерін салуға республикалық бюджеттен 557,4 млн теңге қаржы қаралған. Жоба бойынша 3,2 шақырым жоғары қысымды, 30,24 шақырым төмен қысымды газ құбыры, екі шкафты газ реттегіш пункті бар нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт есебінен Керделі ауылдық округіне газ құбырын жүргізуге барлығы 327,3 млн теңге қаржы қаралған. Жуантөбе, Ақмая ауылдық округтерін газдандыруға облыстық бюджеттен 745,9 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталды. Қазір жобалау-монтаждау жұмыстары басталды. Бұл елді мекен тұрғындары алдағы жылы «көгілдір отынның» игілігін көреді.

Шиелі ауданы аумағында автомобиль жолының жалпы ұзындығы 323,4 шақырымды құрайды. Оның 80 шақырымы республикалық, 98 шақырымы облыстық және 145,4 шақырымы аудандық маңыздағы автомобиль жолы санатында. Аудандық маңыздағы жолдың 136,7 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Сонымен қатар, кент және ауылішілік көшелердің саны – 401, ұзындығы 395,38 шақырымды құрайды. Оның ішінде, 198,69 шақырымы асфальтты, 145,69 шақырымы қиыршықтасты, 51 шақырымы топырақты, көшелердің жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 87,1% құрайды. Биыл 66,1 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеуге барлығы 1 млрд 383,29 млн теңге қаржы қаралған.

Экологиялық түйткілдерді жоюдың бір алғышарты – көгалдандыру. Осы орайда биыл ауданымызда 16400 түп ағаш отырғызылды. Кент және ауылдық округ елді мекендерінің айналасына қосымша 1 гектар алаңға жасыл белдеу жасалып, барлығын қоса алғанда 25 000 түп көшет отырғызылды.

Алдағы жылы да «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы жобаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз. Жолдарды күрделі, орташа жөндеуге республикалық және облыстық бюджеттен 220 млн теңге қаржы қарастыру жоспарлануда.

Партияның сайлауалды бағдарламасы халыққа қажетті нақты жобалардан құралған. Сондықтан біз индикаторларды уақытында сапалы орындау арқылы елдің әлеуетін көтеруге, әр тұрғынның өмір сүру сапасы мен әл-ауқатының жақсаруына жұмыс жасайтын боламыз. Біздің негізгі міндетіміз – сайлауалды уәделерді орындау және сайлаушылар сенімін ақтау.

Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 23 қарашада өткен партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ұсынған қазақстандықтар үшін бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын айта кеткен жөн. Бұл еліміздің рухани дамуына серпін болады деп сенемін. Осы орайда біз қолда бар ресурс пен мүмкіндікті пайдалануға, нәтижелі жұмыс атқаруға және көздеген мақсатқа тиімді қол жеткізуге тырысуымыз керек. Осылайша біз Тәуелсіздігімізді баянды етіп, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды жаңғыртып, ұлт мәдениетін насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қоятын ел боламыз.

Нариман МАҚҰЛБЕКОВ,

«Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық

филиалының төрағасы, аудан әкімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<