Автокөлікті онлайн тіркеу

287

0

Бұдан былай көлікті электрондық үкімет порталында онлайн-режимде тіркеуге мүмкіндік бар. Тек электрондық-цифрлық қолтаңба болса жеткілікті. Тіпті, ешқандай сканерден өткен құжаттың қажеті жоқ. Сапалы сервис маусымның соңғы онкүндігінде іске қо­сыл­ған. «Азаматтарға арналған үкі­мет» мемлекеттік корпорациясы, Ішкі істер министрлігі және «Ұлттық ақпараттық технология­лар» акционерлік қоғамының бірлесіп жасаған жаңашылдығы қызмет алушылардың уақы­тын үнемдеп ғана қоймай, маман­дан­дырылған халыққа қызмет көр­сету орталығындағы кезекті азайтуға мүмкіндік бермек.

«Азаматтарға арнал­ған үкімет» МК облыс­тық фили­алының мамандан­дырылған бөлім басшысы Гүлдана Рахметовамен тілдескенімізде, қызметті онлайн алу үшін egov.kz порталына авторизациядан өтіп, сатылатын көлік жайлы ақпаратты енгізіп, айыппұлдар мен салық төлемін, техникалық жағдайын тексеруге сұраныс жолдау қажеттігін айтты. Егер қарыз болса, электрондық портал арқылы өтеуге де болады. Мұнан кейін автокөлікті сатып алушы азамат электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы сатушы қалдырған өтініммен танысып, айыппұлдарды тексергеннен кейін нөмір белгісіне, көлік құралын тіркеуге және тіркеу туралы куәлікке төлем жасай алады. Сатып алушы өзінің ЭЦҚ мен смарт келісімі расталған соң мамандандырылған ХҚО-ға нөмір белгісін алып кету үшін ғана келеді.

– Көлікті электронды түрде тіркеу өте тиімді. Қызмет алу үрдісін әжептәуір жеңілдетеді. Ең бастысы, кезек күтіп, әуре-сарсаңға түспейсің. Салық пен айыппұлды да электрондық тәсілмен төлеуге мүмкіндік бар. Өзім де онлайн режимде қызмет алдым. Өте ыңғайлы, – дейді қала тұрғыны Махамбет Серікбай.

Автокөлігін онлайн-режимде тіркеген азамат көлік нөмірін үйге жеткізу қызметіне де тапсырыс бере алады екен. Аталған үрдіс «Қазпоштаның»  бөлімшелері арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, жүргізуші куәлігінің мерзімі өткенге дейін ауыстыру немесе жоғалтып алған жағдайда медициналық тексерістен өтудің және  дәрі­герден анықтама әкелудің де қажеті шамалы. Азаматтың ЭЦҚ-сы болса, жүргізуші куәлігін электрондық үкімет порталы арқылы онлайн тәртіпте ауыстыруға болады.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<