Конституция

Аудан әкімінің есепті кездесуі Жалағаш кентінде өтті

5

0

Фото: Жалағаш ауданы әкімдігі

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов І жартыжылдықта атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде Жалағаш кенті тұрғындары алдында есеп берді. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, мәслихат депутаттары, бөлім және мекеме басшылары қатысты.

Кездесуде аудан әкімі Мемлекет басшысының, Үкіметтің және облыс әкімінің тапсырмасымен жүзеге асқан жұмыстарға тоқталып, аудан көлемінде атқарылып жатқан негізгі жұмыстарды баяндады. Сонымен бірге, алдағы жоспарланған жобалар таныстырылып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Кенттің орталық алаңын реконструкциялау мақсатында құны 315,2 млн теңгелік жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қазіргі таңда қаржыландыру сатысында тұр. Сонымен қатар, орталық алаңдағы су бұрқақ қалпына келтірілді.

Кентішілік 14 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды. Сондай-ақ, мектеп аулаларынан спорттық ойын алаңдары салынды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатын болады.

«Ақтерек» тұрғын ауданындағы жер учаскелерінің инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қолға алынды. Кенттің электр бағаналары мен электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Биыл апатты деп танылған көпқабатты тұрғын үй иелеріне жаңа баспаналардың құрылысы басталып, тұрғындар игіліне табысталатын болады.

Кентте тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін полигон мен арнайы цех ашу бағытындағы жұмыстар да бақылауда тұр, биыл толық іске қосылады деп күтілуде.

Кент келбетін жақсарту және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

Кездесуде кент тұрғындары тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша жауаты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі