Аудан спортшыларын қабылдады

451

0

Бүгін Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбекұлы аудан әкімдігінің мәжіліс залында халықаралық жарыстарда жүлделі орындарды иеленген аудан спортшыларын қабылдап, марапаттады.

«Байрақты бәсекелерде көк туымызды көкке көтеріп, Әнұранымыздың асқақ шырқалуы мына отырған сіздердің талмай жаттығып, мақсатқа жету жолындағы маңдай терлеріңізбен келеді. Мен аудан әкімі ретінде де, әкімдік тарапынан да әрдайым қолдау білдіреміз. Біз сіздердің жеңісті жолдарыңызға жол ашамыз және сіздердің жеңіс жолдарын жаңғыртып, аудан абыройын асқақтата беретіндеріңізге сенемін. Еліміздің мерейін асырып, абыройын тасытатын өздеріңізге мұқалмас жігер мен қажымас рух тілеймін»-деді.

Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың 25 тамыз-1 қыркүйек күндері аралығында Алматы қаласында пара армрестлингтен спорт түрінен өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Мұхамедияров Азамат 65 кг салмақта жеңімпаз атанса, 2023 жылдың 28-31 тамыз күндері аралығында Босния және Герцеговина мемлекетінің астанасы Сараево қаласында өткен жасөспірімдер арасында таеквондодан 42 кг салмақта Толыбай Дінмұхаммед әлем чемпионатының қола жүлдегері, Ливан мемлекетінің астанасы Бейрут қаласында өткен Азия чемпионатында ІІ-орынды иеленген. 2023 жылдың 4-6 қазан күндері Қырғызстан мемлекетінің Бішкек қаласында өткен жастар арасында самбодан Әлем чемпионатында 65 кг салмақ дәрежесінде Рүстемова Әсемай қола жүлдегері атанды. Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасының Хиуа қаласында жасөспірімдер арасындағы гір спортынан өткен әлем чемпионатында Еркебұлан Кәжденбек және Саят Әміртай қола жүлдегерлері болды. 2023 жылдың 23 қыркүйек күні қазақ күресінен 2-ші рет өткізілген облыстық «Бала барысы-2023» турнирінде Алиасқаров Алихан екінші рет жеңімпаз атанған болатын.

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<