Ауыл ажары – азамат абыройы

1099

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария және Жалағаш ауданына жұмыс сапарымен барды. Алдымен Сырдария ауданына қарасты Н.Ілиясов ауылында әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты. Сондай-ақ Жалағаштағы «Таң» елді мекеніне аялдап, жақын күндері орақ түсетін егін алқабында болды.

Жалпы Сыр өңірінде туған жеріне дем беріп, өз ауылын өркендетіп жүргендер жеткілікті. Жоғарыда айтып кеткен екі ауылдың да ажарын келістірген сол елдің азаматтары. Бүгінде сол ауылдарда қызу тіршілік бар. Мемлекеттік бағдарламалар аясында абаттану жұмыстары қарқын алып, бұған қоса жанашыр жандардың қолдауымен игілікті істер жалғасуда.

Алдымен облыс басшысы Нағи Ілиясов атындағы ауылды аралап, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевпен бірге ауыл ішіндегі «Еңбекшілер аллеясының» құрылысымен танысты. Кеңестік кезеңде де алдыңғы шаруашылық қатарында болған ауыл 1966 жылы №1 күріш совхозы болып құрылған. 1992 жылдан бері Кеңес Одағының батыры, кезінде шаруашылық басшысы болған Нағи Ілиясов есімін иеленген.

2250 тұрғыны бар ауылда былтыр «Нұрлы жол» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында ауылдық округке кіреберіс жолға күрделі жөндеу жұмысы жүріп, көпбалалы отбасыларға 3 тұрғын үй салынды. Ал биыл 11 көшеге қайта жаңғырту жұмыстары басталған.

– Ауыл бойынша абаттандыру жұмысы жүруде. Биыл 525 млн теңгеден астам қаржы қаралып, көше жолдарымен қоса, жаяу жүргіншілер жолы істеліп жатыр. Сондай-ақ аяқсу жүретін арықтар да қалпына келтіріледі. Бұдан бөлек, «Абзал және К» толық серіктестігі ауыл орталығындағы 4 гектар жерге аллея құрылысын бастады. Жұмысы аяқталуға жақын. Ауыл тұрғындарының кәсібі – егін мен мал шаруашылығы. Елдегі ең ірі шаруашылық –  «Мағжан және К» ЖШС 5 мың гектарға жуық күріш егеді. Серіктестік 470 адамды жұмыспен қамтып отыр, – дейді ауылдық округ әкімі Сағдат Нұрмағанбетов.

Бұдан бөлек, 2015 жылдан бері «Абзал және К» ТС ауылдың гүлденуіне қомақты үлес қосып келеді. Серіктестік жеке қаражаты есебінен абаттандыру және тұрғындарды әлеуметтік қамсыздандыру бағыттарында 797 млн теңгеден астам қаржы бөліпті.

Айталық, 384 млн теңгеге спорт кешенін салып, 137 млн теңгеге ауылдық ғимарат жаңадан бой көтерді. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш құрылысы жүргізілген.

Аймақ басшысы ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсарту басты міндет екенін айтты. Ауылда жүзеге асып жатқан жобаларды уақытылы әрі сапалы аяқтау қажет.

– Әрбір жоба халықтың игілігіне арнап жасалады. Оның шапағатын сол ауылдың тұрғындары сезінгендіктен, әрбір іс сапалы әрі уақытылы аяқталуы керек. Туған жерді, ауылды бірге көркейтуге тиіспіз. Ең бірінші кезектегі әлеуметтік мәселелерді шешсек, ауыл халқының тұрмысын жақсартамыз, – деді облыс әкімі.

Мұнан соң облыс басшысы Жалағаш ауданындағы «Таң» ауылына қарасты «Таң ЛТД» серіктестігінің күріш алқабында мамандармен пікір алмасты.

Кездесу барысында аймақ басшысына «Ауыл – ел бесігі» аясында елді мекенді абаттандыру  және «Таң ЛТД» серіктестігінің ауылдық округті дамыту мақсатындағы атқарылған жұмыстар назарға ұсынылды. Ауылда мемлекеттік бағдарлама арқылы 14 көшеге орташа және орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүріп, жаңа дәрігерлік амбулатория салынған.

Мұнан бөлек, 2016 жылдан бастап «Таң ЛТД» ЖШС жеке қаражаты есебінен «Таң» елді мекенін абаттандыру және тұрғындарды әлеуметтік қамсыздандыру бағыттарына 701 млн теңге қаржы бөлген.

– Біздің серіктестік күріш өсірумен және өңдеумен айналысып келеді. Биыл «Таң» ауылы бойынша егілген 1200 гектар күріштен 9 мың тонна өнім алынады деген жоспар  бар. Ал жыл сайын біздің ақталған күріш Қазақстаннан бөлек, көрші мемлекеттерге де экспортталады. Шаруашылықтың техникалық паркі 2011 жылдан бастап жаңартылды. Соңғы технологияларды пайдалана отырып, күріш сапасын арттыру жұмыстары да қолға алынған. Ал әлеуметтік жұмыстарға келер болсақ, ауыл ішіне керекті нысандар салуға шаруашылық қолдауы әрдайым жалғасын табуда. 100 орындық «Таң бөбегі» балабақшасы мен мешіт қайта жаңғыртылып, жаңа спорт кешенін пайдалануға бердік. Биыл аталған спорт кешенін ұлғайту мақсатында тамыз айында 150 орындық жаңа ғимараттың іргетасын қаладық. Бұл нысан келесі жылы бітеді. Өз өнімімізді шығару мақсатымен ет өңдеу цехын да іске қостық. Бұдан өзге ауылды абаттандыру-көркейту жұмыстарына да жиі қолдау көрсетіп келеміз, – дейді серіктестік өкілі Сәкен Шағыртаев.

«Таң» ауылындағы кездесуде облыс әкімі өнім өндіру мәселесіне тоқталды. Сырттан келетін өнімдерге деген тәуелділікті төмендету үшін ауылдардың ауыл шаруашылықтың әлеуеті жоғары болуы керектігін айтты.

– Өнімнің мол болғаны халық еңбегінің қайтқаны. Президенттің, Үкімет басшысының қолдауы негізінде биыл су көлемі былтырғыдан жоғары болды. Бірлескен келіссөздердің арқасында аймақта айтарлықтай қиыншылық туындамады. Келесі жылы да мол өнім алу үшін жерді алдын ала дайындап, егін алқаптарына қажетті жұмысты осы кезден бастап анықтау қажет. Астық көлемі мол болып, қажеттілікті толық өтей алсақ, азық-түлік қауіпсіздігін тұрақты түрде ұстап тұра аламыз. Егін егуге икемі бар отбасыларға бос жерлерді табыстап, еңбек етулеріне мүмкіндік қарастыруды тапсырдым. Бақша дақылдарын өзіміз өндірсек, сырт өңірдің өнімдеріне деген сұранысты болдырмаймыз, – деді өз сөзінде облыс әкімі.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<