Ауыл тұрғындарына арналған шағын несиелер

348

0

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы»  кешенді жоспары бекітілген. Жаңа кешенді жоспарды жүзеге асыруда Жамбыл облысы жақсы нәтижеге қол жеткізді. Қазіргі таңда «Жамбыл облысы ауыл халқының табысын арттыру» пилоттық жобасын республика бойынша масштабтау қарастырылып отыр. Осылайша, ауыл халқының табысын арттыру мақсатында республика бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарына сәйкес, ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды ұлғайту  және еңбек табысын арттыру іс-шаралары айқындалған. Бұл іс-шараларда ауылдың экономикалық көрінісін айқындау үшін жергілікті жерде әр ауланы аралау жолымен жергілікті жердің скринингін жүргізу, ауыл мен ауданның мамандануын, бизнес әлеуетті және кооперациялық бағыттарды айқындау, технологиялық карталарды қалыптастыру және басқа да көптеген шаралар қамтылған.

«Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау бойынша шағын кредиттер беру» бюджеттік бағдарламасын іске қосу жоспарланып, біздің облыста аталған пилоттық жобаны жүзеге асыру алдағы 2023 жылы басталады деп күтілуде. Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 14 шiлдедегi №263 бұйрығы бойынша осы пилоттық жобаны жүзеге асыруға (масштабтауға) микрокредит беру ережесі бекітілді. Нысаналы мақсаты – ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда бизнес жобаларды іске асыру. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне қарағанда, микрокредиттің жылдық сыйақы мөлшерлемесі  2,5 пайыздан аспайды, мерзімі  5 жылға дейін. Ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит мерзімі –  7 жыл.

Енді осы микрокредиттің ең жоғары сомасы қанша деген сауал туады. Ол 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін (7,6 млн теңге шамасында). Бұған қоса, зәкірлік кооперацияны дамыту үшін 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни, 24,5 млн теңгеге дейін қаражат несиеге беріледі.

Микрокредитті аларда кепілмен қамтамасыз ету талап етіледі және негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдетілген кезең микрокредит беру мерзімі ұзақтығының 1/3 аспайды (1,5-2,3 жыл).

Облыста жобаны масштабтау мақсатында Қызылорда қаласы мен аудандарда жұмыс топтары құрылып, жобаға қатысушы 16 пилоттық округ тізімі айқындалды. Бүгінде  облыстық жұмыс тобы аудандарды аралап, түсіндіру жұмыстарын бастап кетті. Барлық 7 аудан мен Қызылорда қаласына қатысты пилоттық ауылдық елді мекендер бойынша жобалар пулы қалыптастырылып, оның ішінде жаңа инновациялық және өңдеу бағытында ұсынылған жобаларға басымдық берілетін болады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<