Азиада: қызылордалық дзюдошылар қола алды

541

0

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарынан Сыр өңіріне тағы бір жағымды жаңалық жетті. Қызылордалық балуан Мағжан Шамшадиннің жеңісін Абылайхан Жұбаназар қайталап, дзюдодан қола медаль алды.

Бұған дейін дүбірлі додада 60 келі салмақта татамиге шыққан Мағжан үшін әрбір белдесуі оңайға соққан жоқ. Қайсар ұл жігерлі қимылымен көзге түсті. Іріктеу сатысында Солтүстік Корея өкілі Кванджин Чаэні вазари әдісімен жеңсе, жартылай финалда Оңтүстік Корея спортшысы Ли Харимге жол берді. Қола үшін сайыста тәжікстандық Мерзод Суфиевті тізе бүктірді.

Мағжанның алған жүлдесіне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтау лебізін білдірген болатын.

Кеше, 25 қыркүйекте Абылайхан Жұбаназар қола медальға қол жеткізді.

Жүлдегер жерлесімізді әлеуметтік желі арқылы облыс әкімі құттықтады.

«Қытай елінің Ханчжоу қаласынан тағы бір Сыр спортшысының табысқа жеткені жайлы хабар келді. XIX Жазғы Азия ойындарында Абылайхан Жұбаназар дзюдодан жартылай финалда тәжікстандық қарсыласы Соман Махмадбековке есе жіберген еді. Үшінші орын үшін күресте өзбекстандық Мұса Собировпен жекпе-жекте жеңіске жетіп, Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

Осылайша кеше 60 келі салмақта өнер көрсеткен Мағжан Шамшадин, бүгін 81 келідегі Абылайхан Жұбаназар Қазақстан қоржынына қос қола жүлде салды.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Абылайхан Жұбаназар – «ГРАНД СЛАМ» халықаралық турнирінің күміс және қола жүлдегері.

Ертең 100 келі салмақта жерлесіміз Нұрлыхан Шарханның жекпе-жегі өтеді. Палуанымызға сәттілік тілейміз!

Екінші қола жүлде құтты болсын!» деп жазылған құттықтауда.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<