Байқоңырдағы берекелі бастамалар

524

0

Байқоңыр қаласында Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес жүйелі түрде жеке қабылдаулар және құқық қорғау органдары басшыларының қоғамдық қабылдаулары өтуде. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында толыққанды айтып берді.

– Қазір Байқоңыр қаласында 57,4 мың адам тіркелген, оның ішінде 40,6 мыңы Қазақстан Республикасының, 15,5 мыңы Ресей Федерациясының және 1,4 мың басқа мемлекеттердің азаматы. Қалада 12 мектеп бар. Оның ішінде 5 мектеп қазақстандық білім беру стандарты бойынша жұмыс істейді. Оқушылардың жалпы саны – 8933.

Айта кету қажет, Байқоңыр қаласының ерекше статусына байланысты туындайтын өзекті және проблемалық мәселелер «Байқоңыр» кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясында қаралады.

Денсаулық сақтау саласы бойынша мемлекетаралық келісімге сәйкес, Байқоңыр қаласында қазақстандық және ресейлік медициналық ұйымдар қызмет көрсетеді. 2016 жылдан бері қалада көпбейінді аурухана жұмыс істейді. Мекемеде 105 стационарлық орын бар, жалпы ауруханаға 43252 тұрғын тіркелген, – деді Қайрат Нұртай.

Сонымен қатар, «жұлдызды қалада» 351 көпқабатты үй бар. Тұрғын үй мәселелерін шешу үшін Қазақстан Республикасының қаражаты есебінен 2021 жылдан бері Байқоңыр қаласының 7 «А» шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында елу пәтерлі бес тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оған қоса, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта құру және жаңғырту мақсатында 2021 жылы 11,4 шақырым кәріз желілері қайта жаңғыртылған. Жұмыстар 2024 жылы жалғасады.

Бұдан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаладағы тұрғын үй қоры мен инфрақұрылым жүйелерін тексеру жоспарланған. Тиісті жұмыс тобы құрылып, Байқоңыр қаласы әкімшілігімен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекет басшысының елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту тапсырмасына сәйкес, 2022 жылы қалаға іргелес Төретам және Ақай елді мекендерін де газдандыру жұмыстары басталған еді. Қазір Ақай ауылына газ тарту жұмыстары толығымен аяқталып, «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі тұрғын үйлерді табиғи газға қосуда. Төретам кентін қосу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<