Бала бағбаны

348

0

Фото: Автордан

Тәрбиелеу дегеніміз – адам бойына білімге негізделген эстетикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту. Тәрбиенің тал бесігі – балабақшадан бастау алады. Әйтеке би кентіндегі №2«Айгөлек» бөбекжай-балабақшасының музыка жетекшісі Гүлнұр Құмарбаева бар күш-жігерін бала қабілетін шыңдауға жұмсап жүрген білікті педагогтың бірі.

Мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылық қабілетін дамыта отырып, баланың дамуына зор үлес қосуды мақсат еткен маман, өз міндеттерін жүзеге асыру үрдісін сауатты ұйымдастырады. Жетекшілік жұмыстарын саралап, тұжырымдар мен қорытындылар жасайды.

Гүлнұр Берекетқызы бала жүрегіне жол таба білетін маман болуымен қатар өзгеден көмегін аямайтын, өзіне талап қоя білетін жан. Іс барысында ізденімпаз, инновациялық технологияларды үнемі қолданып жаңашылдыққа бет бұрып отырады. Оқу үрдісінде бүлдіршіндерге шығармашылық және ойын арқылы тәрбие беруді мақсат тұтып келеді.

Иә, әріптес апайымыз алғашқы сәттен балалардың білімге деген құштарлығын оятты. Білімнің қайнар көзі – кітапта екенін осы бастан ұғындырды. Балғындардың бойына шығармашылық қасиет дарытып, олардың жан-жақты дамуына, қосқан үлесі үшін алған диплом мен алғыс хаттары еткен еңбектің өтеуі десе де болғандай. Атап айтсақ, әр жылдары «Әнші болғым келеді» және «Балдаурен» аудандық ән-би байқауларында ол ұстаздық еткен бүлдіршіндер жүлделі І, ІІ орындардан көрінді. «Үздік авторлық бағдарлама-2023» байқауының аудандық және облыстық кезеңдерінен І орын алды. Республикалық конкурсқа қатысып, кәсіби шеберлік көрсеткені үшін «Дарын» республкалық ғылыми-практикалық орталығының сертификаты және грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, облыстық, республикалық «Ән шырқайық бәріміз!» атты патриоттық әндерді хормен айту челленджіне қатысты.

«Мектепке дейінгі ұйымдарда музыка әрекетінде бала бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастыру» тақырыбында авторлық бағдарламасы облыс көлемінде таратылып, баспаға ұсынылды.

Педагогикалық іс-тәжірибесінің арқасында ұжым мен ата-аналар арасында құрметке бөленіп келеді. Заман талабына сай білімін жетілдіріп отыруды дағдыға айналдырған. 

Егер адам жүрегінде ізгілік сәулесі болса, ол – ұстаздың еңбегі. Сол нұрды жеткіншек жүрегіне сіңіру үшін асыл ұстаз бар ықыласымен еңбек етіп келеді. Бұл – болашақ жолындағы жарқын қадам.

Индира САХИТЖАН,

Қазалы ауданы,

№2 «Айгөлек» бөбекжай-

балабақшасының тәрбиешісі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<