Барлық өңірде өткізілмек

534

0

Аймақта балық қорғау мақсатында «Таза су айдындары» және «Уылдырық шашу» акциялары жүргізіліп жатыр.

Науқан 1 наурыз бен 31 мамыр аралығы болып белгіленді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Жанқожа Сапаров айтты.

– Су маржандарын қорғау үшін «Таза су айдындары» акциясын республикамыздың барлық облыстарында өткізу жоспарлануда. Акция басталғаннан бері облыс бойынша тазалау жұмыстарына 253 адам қатысты. Бұған қоса, 36 арнайы техника мен 4 шағын көлемді жүзу құралы жұмылдырылып, 8845 тоннаға жуық әртүрлі қоқыс пен суда қалған 50 дана ау қалдығы жиналып, тиісті орындарға тапсырылды. Сондай-ақ, «Уылдырық шашу» балық қорғау акциясы да жүріп жатыр. Акция Сырдария өзенінде 1 сәуiр мен 30 мамыр аралығында жүргізіледі. Маусым айының 10-ына дейін балық аулауға тыйым салу енгізілді. Іс-шара басталғалы 214 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 5 қылмыстық іс ішкі істер органына жолданды. 209 әкімшілік хаттама толтырылып, оның 54-і әкімшілік ісі сот органдарының қарауына жіберілді. Осы орайда, барлық облыс тұрғындарын браконьерлерге қарсы бірге күресуге, су маржандарын аялауға шақырамыз, – деді ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<