Бауырмалдыққа бағытталған бағдарлама

1119

0

Жапонияның «Шөп тамыры» бағдарламасы арқылы облыстағы бірқатар нысанның жұмысы жанданып келеді. Соның бірі – Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі. Аталған білім ордасы 2022 жылы бағдарлама аясындағы «Мектепті автобуспен жабдықтау» жобасының грант иегері атанды.

Осыған орай мектеп ұжымы Жапон елшілігі өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуге Жапонияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямада, Жапон елшілігінің атташесі Шимон Комия, «Шөп тамыры» бағдарламасының үйлестірушілері Ютаро Икэноуэ мен Алия Көксегенқызы және облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов қатысты.

Аталған бағдарлама республика көлемінде әлеуметтік салаға қатысты бірқатар мәселенің шешілуіне септігін тигізіп отыр. Негізінен адамдардың өмір сапасын жақсарту мақсатында қоғамдық қорларға, мектептер мен медициналық мекемелерге көмек көрсету үшін жүзеге асырылады.

Іс-шара барысында Джун Ямада бағдарламаның ерекшелігін атап өтті.

– Біз бұл бағдарламаны 1997 жылдан бастадық. Осыған дейін 100-ден аса жобаға қаржылай қолдау көрсеттік. Бағдарлама аясында сіздермен жұмыс істегенімізге ерекше қуаныштымыз, – деді ол.

Ал облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов Жапон елшілігіне алғыс білдірді.

– Жапония – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Сіздердің әлеуметтік жобаларға арналған көмектеріңіз білім саласының ғана емес, басқа да салалардың дамуына үлкен көмек. Бұл – өте маңызды жұмыс. Адам өмірін қауіпсіз етуге бағытталған әлеуметтік жобаларыңыз сәтті болсын, – деді ол.

Мектепке «Сабалақ» және «Эдельвейс» шет аймақтарынан 630 бала қатынап оқитындықтан, оларды тасымалдау қиындық туғызған. Жыл сайын бала санының артуына байланысты екі көлік аздық етіп, аталған грант жобасына ұсыныс жіберілген. Бүгінде 4 автобус балаларға қызмет көрсетіп келеді.

– Біз бұл жобаға қатысуға 2021 жылдың қазан айында рұқсат алдық. Құжаттарды дайындадық, тыңғылықты жұмыстың нәтижесінде «Мектепті автобуспен жабдықтау» жобасы бойынша 65 764 АҚШ доллары грантын ұтып алдық. 2022 жылы Жапон елшісі Джун Ямада мырзамен онлайн режимде келісім-шартқа қол қойдық. Оқушы тасымалына көмек көрсеткен Жапон елшілігіне, оқушылар мен олардың ата-аналары тарапынан алғыс айтамын. Екі ел арасындағы қарым-қатынас бауырмалдыққа негізделген, – деді мектеп директоры Б.Тумырзаев.

Кездесу соңында мектеп ұжымы Жапон елшілігіне ризашылық білдірді.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<