БЕЙБІТ ЕЛДІҢ БАЯНЫ

374

0

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жар­лы­ғымен  Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1-наурыз елімізде Алғыс айту күні болып жариялағаны белгіліБиылғы жылы еліміз мерекені үшінші рет атап өтті

Алғыс айту күні – қилы  заманда қазақ жерінен қоныс тауып, біте қайнасып кеткен түрлі этнос өкілдерінің өздерін жатсынбай бауырына басып, бір үзім нанды бөлісіп жеген жергілікті жұрттың дархандығы мен кеңпейілдігіне алғыс айтып, құрмет білдіретін күн. Мереке аясында Достық үйінде «Алғыс – ел сыйы» атты салтанатты кеш болды. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен этномәдени бірлестік мүшелері, түрлі сала өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Шара ең алдымен мерекелік кеш қонақтарының тілектерінен құралған «Тілек ағашы» және оқушылардың Алғыс айту күніне арналған эссе көрмесін таныстырудан бастау алды. Тілек ағашына барша қонақтар жақсы істердің бастауы болсын деген ниетпен лебіздерін ілсе, этномәдени бірлестік басшылары мен жастардан құралған топ алғыс шарларын аспанға ұшырды.

Мұнан соң облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қызылордалықтарды айтулы мерекемен құттықтады.

– Алғыс айту күні – тағдыр тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің қазақ халқына ризашылығын білдіру арқылы бір-бірімізге деген құрметіміз бен сыйластығымызды арттыратын күн. Сонымен бірге, көктемнің алғашқы күні – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық жасайтын еліміздегі қоғамдық маңызы аса жоғары екі саланың, дәлірек айтсақ, «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні. Міне, бүгінде «Алғыс айту күні»  бейбітшілік пен келісімнің жарқын көрінісіне айналды. Қай кезде де жабырқағанның жанына жалау болып, мұңайғанның маңдайынан сипап, қиналғанды құшағына қысқан қазақ халқы – әлемдегі ең бауырмал халық екенін өзіміз ғана емес, өзге де мойындай бастағаны ақиқат. Бүгінгі тарих тоғыстырған, тағдыр табыстырған барша ұлт пен ұлыстың берік бірлігі мен тату тірлігі Қазақстанның басты жетістігі десек, артық айтқандығымыз емес, – деген аймақ басшысы мұнан әрі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, ел игілігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан үлестері үшін Сыр елінің барлық тұрғындарына алғысын білдірді.

Өз кезектерінде облыстың этномәдени бірлестіктерінің өкілдері де тәуелсіз Қазақстандағы бейбіт және жарқын өмір үшін өз алғыстарын жеткізуді де ұмытпады.

– Бұл күнді ерекше ықыласпен күтеміз. Өйткені, біз бейбіт заманда, ынтымағы мен бірлігі жарасқан, берекесі мен дәулеті тасыған тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Осыған шүкіршілік етеміз. Мұның барлығы қазақ халқының арқасы. Осы достығымыз бен  татулығымыз сақталып, кейінгі ұрпаққа жетсе деймін. Ең бастысы,  тәуелсіз еліміздің тұғыры биік болсын, – дейді «Достық жер МК» ЖШС-ның директоры Милияр Арифов.

Мереке аясында  жүрегі мейірімділікке толы жедел-жәрдем және адам өмірі мен денсаулығын сақтап қалу жолында аянбай еңбек етіп жүрген төтенше жағдай қызметкерлеріне облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының арнайы дайындаған бейнеролигі көпшілік назарына ұсынылды.

Сондай-ақ, ел игілігі жолында жасаған берекелі істері үшін облыс басшысына, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыныштықтың бағасын біліп, бейбіт өмір үшін ұйқысыз түн қатқан шекарашыларға, еңбек шамын жағып, ерте көктемнен сарыала күзге дейін тынбай ел әлеуетін арттыру жолында еңбек етіп жүрген Сыр диқандарына, қаламыздың сәулетіне сән кіргізген құрылысшыларға алғыс айтылған арнайы телеграмма табысталды. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<