Жуырда әлеуметтік желі бетінде батыс өңірдегі бір тойда 60 келін қатар тұрып «Ақ босаға» әнімен сәлем салған бейнежазба жарияланды. Иә, Сыр бойынан бастау алып, елу жылдан әрі елді түгел шарлаған «Ақ босаға» әні шынында ерек туынды. Бүгінде танымал әнші Жазира Байырбекованың да репертуарынан орын алған ән тыңдаушыларын тәнті етіп жүр.
Қыз аттаған, келін кеп ақ босаға,
Ақ босаға, мерейлі бақ босаға
Қасиетті халқымның дәстүріне
Куә боп ғасырлар жатты осы ара.
Иә, «қарашаңырақ», «атақоныс», «ақ босаға» деп өсіп-өнген шаңырағын ардақ тұту, «Табалдырықтан биік тау жоқ» деп туған үйдің қадір-қасиетін терең бағалау қай заманнан бері қазақ халқына тән ұғым. Жоғарыдағы өлең шумағында осы бір ұғымның мән-мағынасы одан әрі ашылып, айшықтала түскендей.
Жерлесіміз, Сыр бойының сыршыл ақындарының бірі Сәнімкүл Желдербаева апамыздың осынау жүрекжарды жыр шумақтары компазитор Мұхамеджан Рүстемов шығармашылығымен жалғасып, әдемі әнге айналғанына да жарты ғасырдан аса уақыт болыпты. Олай дейтініміз, өлең авторының жасы жүзге таяу, ал елуді еңсерген біздің өзіміз бұл әнді бала күнімізден естіп өскен едік. Шаңыраққа келін түскен, босағадан қыз аттаған тойларда, туған-туыстардың басқосуларында «Ақ босаға» әні міндетті түрде шырқалады. Тәлімі терең әуезді ән әрбір шаңырақтың татулығы мен бірлігін бекіте түсетіндей. Әсіресе:
Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай,
Көл дария секілді пейілдері-ай.
«Абысын тату болса, ас көп» деген,
Мақалдың айтылуы тегін бе еді-ай – деп келетін қайырмасы ақ босағаны аттап келген жас келіндерге зор жауапкершілік жүктеп тұрғандай. Нақтылай түссек, «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» деген мақалды меңзеп айтылғанын аңғарамыз.
Ендігі сөзді өлеңнің авторына бұрсақ, қиын-қыстау заманды көрген, әкесі соғысқа кетіп, оралмаған, анасының қамқорлығында өскен Сәнімкүл мектеп бітірген соң, пединститутқа оқуға түсті. Ол заманда ауылда қара танитын адамның қатары аз, сондықтан мұғалімдік мамандықтың орны бөлек еді. Оқуын бітірген соң Қармақшы ауданының орталығы Жосалыда мектеп мұғалімі болып, одан кейін қаладағы педагогикалық училищеде ұзақ жыл ұстаздық етіп, өзіндік ізін қалдырды. Білікті, тәжірибелі ұстаз зейнетке шыққаннан кейін де Қорқыт ата университетінде «Бастауышты оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының студенттеріне дәріс оқыды. Дәлірек айтсақ, Сәнімкүл Желдербаеваның бастауыш сынып мұғалімдеріне арнап жазған «Мәнерлеп оқу» деп аталатын көмекші оқу құралы педагогика саласында әлі күнге қолданыста.
Газет оқырманы, қаламгер, ақын, сазгер Айкүміс Орынбаева да бұл әнді келіншек кезімізден айтушы едік дейді. «Ауылдың үлкен-кішісі жиылған тойларда жас келіннен бастап, жасы егде тартқан әжелерге дейін қосылып шырқағанда, әннің әсері тіпті бөлек. Біздің отау құрғанымызға жарты ғасыр, демек бұл ән одан да ертерек өмірге келген. Әннің сөзінде айтылғандай, осы уақыт аралығында қаншама шаңырақтың көтеріліп керегесі керілуіне, ұрпақтардың өсіп-өнуіне қариялардың батасы игі ықпал еткені анық» – дейді ол.
Қариялар батасын береді екен,
Бата деген ақ тілеу керек екен.
Жақсы дәстүр, жақсы сөз, игі тілек,
Ұрпақтарға жалғасып келеді екен. Расында, өлең шумағында айтылып тұрғандай, ағайынның татулығы мен елдің бірлігінің арқасында ата-бабадан жеткен жақсы дәстүр, ұлттық қадір-қасиет ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Иә, өлең авторы Сәнімкүл Желдербаева апамыздың ғибратты ғұмыр жолы ғасырға жуықтады. Ал оның «Ақ босағадай» туындысы жасай бермек.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





