Бір ғасыр және байыпты басқосу

774

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Қазақ Радиолары» ЖШС бас редакторы «Қазақ радиосы» радиоарнасының директоры Дулат Абибуллаев және «Қазақ радиолары» ЖШС стратегиялық дамыту қызметінің жетекшісі Мұхамедияр Рашаймен кездесті. Онда облыс әкімі «Радио күні» кәсіби мерекесінің сала қызметкерлері мен ардагерлер үшін және радиосүйер қауым үшін айтулы мереке екенін атап өтіп, сала мамандарын құттықтады.

– Сіздерді Қазақ радиосының 100 жылдық мерейтойымен және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен биылдан бастап алғаш рет аталып өтіп жатқан 1 қазан – Радио қызметкерлері күні мерекесімен Сыр жұртшылығы атынан шын жүректен құттықтаймын! Кәсіби мерекені 1 қазанда атап өтудің символдық мәні бар. Өйткені тура 100 жыл бұрын дәл осы күні ұлттық радиомыз қазақ даласына алғаш рет хабар таратқан болатын, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Қызылорда қаласы мен Қазақ радиосының тарихы тығыз байланысты екенін, осы ретте қаладан Қазақ радиосы көшесін ашу жайлы бастаманы қолдағанын жеткізді. Сонымен қатар Әміре Қашаубаев, Жұмат Шанин, Ахмет Жұбанов, Шәкен Айманов, Шәмші Қалдыаяқов, Мұқағали Мақатаев, Ермек Серкебаев секілді алып  тұлғалар қызмет еткен ұлттық радио бүгінде заманға сай жаңа белеске көтерілгенін айтты.

Облыс әкімдігі мен қалалық мәслихаттың бірлескен шешімі негізінде Қызылорда қаласында Қазақ радиосы көшесі ашылды.

Дулат Абибуллаев өз кезегінде көрсетілген құрметке алғыс айтып, Қазақ радиосы 1925-1931 жылдар аралығында Қызылорда қаласынан ақпарат таратқанын, бұл кезең радио шежіресінің маңызды бастау белесі  болғанын тілге тиек етті.

Ал, Мұхамедияр Рашай Қазақ радиосының тарихына тоқталып, Сыр елінде таспаланған радиохабарлардың қоры қалыптасқанын жеткізді. 

Басқосу барысында облыс әкіміне 100 жылдық мерейтойға орай қазақ әдебиетінің алтын қоры жинақталған кітап, радионың алғашқы жылдарында қызмет еткен алыптар шоғырының дауысы, салт-дәстүр, батырлар жыры мен ертегілер енгізілген аудиотаспа және радиотаратқыш құрал сыйға тартылды.

Қазір қазақ радиосы эфирінен Сыр өңірінің тыныс-тіршілігін жеткізетін «Ақмешіт ақпарат» апталық хабары тұрақты шығып келеді. Аймақ басшысы мен радиоарна директоры алдағы уақытта шығармашылық әріптестікті әрі қарай жалғастыру жайын да талқылады.

Еске салайық, өткен жылы облыс әкімі Қазақ радиосына сұхбат беріп, Сыр елінің дамуы мен алдағы жоспарлар туралы ой бөліскен еді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<