Бір күнде қос сенсация

588

0

Катарда Әлем чемпионаты күн санап қыза түсуде. Өйткені мұнда болжап, білмеген жайттар орын алып жатыр. Мәселен, күні кеше әлемнің үздік 5 құрамасының тізіміне кіретін Испания байрақты бәсекедегі жорығын аяқтады.

Оған себеп – Марокко құрамасының үздік ойыны. Олар Испания құрамасын сенсациялық түрде жеңіп, тарихта тұңғыш рет әлемдік турнирдің ширек финалына шықты. Плей-офф кезеңі бірінші раундының Аль-Райян қаласында өткен кездесуі негізгі уақытта тең аяқталды. Есеп – 0:0. Бір қызығы, еуропалықтар ойынның бірінші және екінші бөлігінде де қарсыластарын қыспаққа алып, көп шабуыл ұйымдастырды. Алайда бірнеше мәрте гол соғатын сәтте мүлт кетті. Допқа да көп иелік етті. 25-75%. Қосымша таймда да қарсыластар бір-бірін ала алмады. Кездесудің жеңімпазы тек пенальти сериясында анықталды.

Пенальти сериясында Испания құрамасының үш ойыншысы мүлт кетті. Олардың біреуі қақпа бағанына тигізсе, екі допты қақпашы Яссин Буну қайтарды. Марокко сапынан үш ойыншы қақпаны дәл көздеп, африкалық құрама жеңіс тұғырынан көрінді. Ашраф Хакими шешуші пенальтиді голға айналдырды. Айта кетелік, 2018 жылғы Әлем біріншілігінде де испаниялықтар плей-офф кезеңінен шыға алмаған болатын.

Ширек финалға жолдама үшін таластың соңғы ойыны Португалия мен Швейцария құрамаларының арасында өтті. 1/8 финалда Португалия қарсыласын тас-талқан етті. Бұл ойын басталмай тұрып, әлемдік сарапшылар Криштиану Роналду бастаған ұжымның қауқары Шердан Шакиридің жігіттеріне жетпейді деген болатын. Оған себеп «Еуропалық бразилиялықтардың» Гананы әрең ұтып, Оңтүстік Кореяға есе жібергенінен еді. Дегенмен бәрі керісінше өрбіді. Ойынға ойысалық.

Португалия матчтың алғашқы таймында-ақ ойынның тағдырын шешіп тастады. Өйткені 17-минутта қақпа алдындағы қарбалас сәтте орталық жас шабуылшы Гонселу Рамуш есеп ашты. Артынша бұрыштан әуелеген допты Пепе қақпада тулатты. Бір айта кетерлігі, Пепе осыдан соң Әлем чемпионаты тарихында гол соққан екінші жасы үлкен футболшы атанды. Қош. Бірінші голдан-ақ есеңгіреп қалған швейцариялықтар екінші голдан соң тайлы-тұяғымен шабуылдады. Алайда таблодағы есепті қысқарта алған жоқ.

Екінші таймда тағы бірнеше гол соғылды. 51-минутта Рамуш қанжығасын тағы бір майласа, көп ұзамай сол жақ қорғаушы Рафаэль Геррейру есепті еселеді. Швейцариялықтар болса, әупірімдеп жүріп Мануэль Аканжидің бір голымен жауап қатты. Дегенмен матч нүктесін Португалия қойды. 67-минутта әріптестерінің әдемі пасын ұтымды пайдаланған Рамуш хет-трик авторы атанды. Осылайша, Катардағы Әлем чемпионатында алғаш рет хет-трик жасалды. Қорытынды есеп – 6:1. Енді Португалия құрамасы ширек финалда Испанияны жарыс жолынан шығарған Мароккомен күш сынасады.

Орайы келгенде айта кетейік, апта басында хорваттар Жапония құрамасымен негізгі уақытта тең ойнап, пенальти сериясының нәтижесімен ширек финалға өткен болатын. Ізінше биылғы Әлем чемпионатының фавориті саналатын Бразилия құрамасы оңтүстіккореялықтарды тас-талқан етіп жеңіп, үйіне қайтарған еді.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<