Бірқатар міндет жүктеді

481

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Марат Ахметжановты қабылдады.

Президентке ведомствоның былтыр атқарған жұмысы мен алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде есеп берілді.

Мемлекет басшысына құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды. Бұл шаралар елімізде кісі өлтіру қылмыстарының санын айтарлықтай азайтуға ықпал етті. Сондай-ақ ұрлыққа және мал ұрлығына қатысты қылмыстарды ашу жұмыстары күшейтілді.

Марат Ахметжановтың айтуынша, ұйымдасқан қылмыстың шығу себептері мен қаржыландыру көздерін жоюға басымдық бере отырып, оларға қарсы күрес тәсілдерін өзгерту нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың (ҰҚТ) 24 басшысы  мен 114 мүшесі тұтқындалды.

Президентке киберқылмыспен күресу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы да баяндалды. Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру барысында ұялы байланыс компаниялары «ауыспалы» нөмірлерден шалынған 5,5 миллион қоңырауды бұғаттаған. Министрлік алты ұйымдасқан қылмыстық топты жойып,  алаяқтық белгілері бар 165 сайттың жұмысын тоқтатты.

Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі басқа құқық қорғау және арнаулы органдармен бірлесіп, 2781 есірткі қылмысын анықтады. Заңсыз айналымнан 15 тоннадан астам есірткі тәркіленіп, 70 есірткі зертханасы жойылды және есірткі  жарнамалайтын 1990 сайт бұғатталды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, интернет-алаяқтықтың, ауылдық жерлердегі қылмыстың кез келген көрінісі  бойынша алдын алу шараларын қабылдаудың және жедел әрекет етудің маңызды екенін атап өтті. Президент бұл бағытта ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, заңнамалық шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ ведомство басшысына елімізде жол қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде бірқатар міндет жүктеді.

Агенттік басшысы есеп берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады.

Мемлекет басшысына агенттіктің былтыр атқарған жұмыстары туралы есеп берілді. Президентке бизнестің қылмыстық процеске қатысын азайту үшін агенттіктің жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқаны жөнінде баяндалды. Соңғы төрт жылда тіркелген істер саны екі есе кеміген.

Жанат Элимановтың айтуынша, жалған шот-фактуралар жазып беру арқылы салық төлеуден жалтаруға көмектесіп, қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын мыңнан астам фирманың қызметі тоқтатылды. Сондай-ақ 110 заңсыз ойынхана мен алкоголь өнімін шығаратын 44 жасырын цех  жойылды.

Мемлекет басшысына қаржы пирамидаларын жою жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы мәлімет берілді. Былтыр қаржы алаяқтарының қызметін жарнамалайтын 13 мың веб-парақша мен аккаунт бұғатталды. Сондай-ақ 29 қаржы пирамидасының жолы кесіліп, зардап шеккен азаматтардың 8,3 миллиард теңге көлемінде шығыны өтелді. Жалпы, қабылданған шаралардың нәтижесінде құны 300 миллиард теңгеден асатын активтер қайтарылды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа агенттік үйлестіруімен қаржыны жылыстатуға қарсы ұлттық жүйеге реформа жүргізілгені жөнінде баяндалды. Бұл  қолданыстағы заңнаманы халықаралық ФАТФ (FATF) cтандарттарымен барынша сәйкестендіруге мүмкіндік берді. 

Кездесу соңында Мемлекет басшысы қаржы пирамидаларының қызметі мен алаяқтардың қитұрқы әрекеттерінің жолын кесу жұмыстарын жалғастыруды, сондай-ақ адал бизнесті қорғауға, қаржылық және экономикалық қылмыстарға қарсы күрес шараларын күшейтуді тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<