Биыл бірінші сыныпқа 17543 бала қабылданды

496

0

Жаңа оқу жылында 322 мектепте 180 мың оқушы білім алады деп жоспарлануда. Биыл бірінші сыныпқа 17 543 бала қабылданды. Барлық білім беру ұйымдары қажетті санитарлық-гигиеналық заттармен қамтамасыз етілген. Оқулық және оқу-әдістемелік кешендерге жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлініп, 412 029 дана оқулық алынды. 25 тамызға дейін барлық білім ордаларына толыққанды тасымалдау-тарату жұмыстары аяқталады.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б.Бердәулетов айтты.

– Жыл басынан бері 1-4 сыныптарда оқитын 70173 және әлеуметтік осал отбасынан шыққан 5-11 сыныптардағы 16777 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды. Бұл жұмыстар жаңа оқу жылында да жалғасын табады. Көмекке мұқтаж 37087 баланы бір реттік қаржылай көмекпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлінді. «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер тарапынан 1754 бала қаржылай, 3156 балаға оқу құралдары, 485 балаға мектеп формасы алынды. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорының бастамасымен 1-сыныпқа баратын 1830 оқушыға оқу құралдары табысталды. Алдағы уақытта «Ел-арай» қорының 500-ден астам балаға көмек көрсетуі жоспарлануда. Балаларды тасымалдауды ұйымдастыру үшін мектептерді автобустармен жарақтандырудың «Жол картасы» аясында лизингтік қаржыландыру шарттарымен 30 автобус алынды.

Апатты мектептерді жою – білім саласындағы басым бағыттардың бірі. Қазіргі уақытта өңірде 6 апатты мектеп бар. 4 апатты мектеп құрылысы «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасына енгізілді. Жоспарға сәйкес мектеп құрылысын 2024-2025 жылдары іске қосу күтілуде. Аймақтағы барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйесімен толық қамтылған, – деді Бағдат Қамбозұлы.

Облыс бойынша білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

– Департамент 2023 жылға мемлекеттік аттестаттауға жататын 198 білім беру ұйымының тізбесін бекітіп, сайтқа орналастырды. Қыркүйек-желтоқсан айларында 40 балабақша мен 44 мектепті мемлекеттік аттестаттаудан өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазір мемлекеттік балабақшалармен қатар жеке балабақшалар да мемлекеттік аттестаттаудан өткізілуде. Былтырғы оқу жылында білім басқармасына көркем әдебиет сатып алу жөнінде ұсыныс берілген болатын. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні Қызылорда қаласы бойынша үш ауысымда оқытуы мүмкін 6 мектептің төртеуіне қосымша құрылыс салынды. Департамент тарапынан осы мектептердегі оқушылар контингентін бұрынғы қалыпта ұстап тұру, 3 ауысымды түбегейлі жою бойынша мониторинг жүргізіледі. Проблемалық білім беру ұйымдары департамент бақылауында болады, – деді ол.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<